Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 30 Сәуір, 2024

Сәтбаевтың сакурасы

Жапониядан келе жатқан қонақтар Мәскеуден шығып, Алматыға тура тартты. Халықаралық кедендегілерді олардың қолындағы ағаштары таң қалдырды. Декларацияда бұл ағаштар жапон азаматтары атынан қазақ ғалымы Қаныш Сәтбаевқа деген құрмет пен разылық үшін жіберілген. Кеңес үкіметі мен Қазақстан басшыларынан осы сакура ағаштарын Қазақстанның Ғылым академиясы жанына отырғызуды сұрап, өтініш жазылған хат қоса тіркелді. Ағаштардың шын мәніндегі жапон елінің символы болып саналатын сакура ағашы екені анықталғаннан кейін арнайы орындардың келісімімен Алматыға алып кетуге рұқсат етілді.
Сакураның тағдыры Алматыда біраз талқыға түсті. Оны неге академия жанына тігу керек? Үкімет үйі маңына тіксе болмай ма? Ол ағаштар неге тек Сәтбаевқа арналу керек. Оның жапондарға несі өтіп кетіп еді? 
Қолында құзіреті бар үлкен басшылардың бұл хабар қытығына тиді. Неге? Неге бәрі Сәтбаевқа арналып жатыр? Бәрі Сәтбаевты құрметтеп, соған құлдық ұрып жатқаны қалай? Өткенде ғана Сәтбаевқа жаңа планетаның аты берілді. Бергізбеу керек еді. Бірақ өзі ашқан планетаны Сәтбаевтың атына берген астроном-ғалым Қазақстандыкі емес, Ресейдің ғалымы екен. Қазақстандікі болғанда бас тартқызар еді. Бірақ жаңа минералдың атын берген геолог Анкинович Қазақстандікі еді ғой. Оны неге айныта алмадық? Өздері шибөрілер атап кеткен ортада жүрген жылпос жансыздар мен түймедейді түйедей қылып жеткізетін сөз тасушылар биліктегі азғана топпен Ғылым академиясының арасына от жағып тынғалы қашан. Осы аз топтың алдына идеология­ны басқаратын бітік көз мыртық хатшы домаланып жетіп келді. Асығып, аптығып жеткені маңдайынан жіпсіп шығып мойнына қарай аққан айғыз терден айқындалып тұр. Өзі ентігіп зорға демалалады.
 – Өткендегі минерал не болды?
– Қандай минерал?
– Миың айналып кетті ме, Сәтбаевтың минералы?
– Ие, оны өзім де баяндағалы отыр едім. Жолсапардан кеше ғана келдіңіздер ғой. Ана геологыңыз бір қырсық адам екен. Өзімізге дүрсе қоя берді. Сәтбаевқа минералдың атын бергізбейтін сендер кімсіңдер? Оның басқан ізіне де тұрмайсыңдар. Осыдан кедергі жасап көріңдер. Берісі бүкіл кеңес одағы, әрісі әлемді шулатып, мына қитұрқылықтарыңды адамзат алдында әшкерелеймін деп маңына жолатар емес. Сіздердің абыройларыңызды ойлап қоя қойдық. 
Өзінен лауазымы үлкен екі-үш мықты идеологқа тесірейе қарап, ойланып отырып қалды. Шынында мына еврей шу шығарса бұлардың беделіне едәуір нұқсан келетіні рас. Жұдырықтарын түйіп, тістене сөйлеп, кезек-кезек жамырасып кетті.
– Мына жапондар әкелген сакураны не істейтін болдыңдар? Бірнәрсе етіп, тоқтатпайсыңдар ма? Біздің елде жеке басқа табынушылыққа жол жоқ екенін олардың санасына жеткізе айтып, арқаларынан қағып шығарып салу керек еді.
– Ойбай олар өз қолымызбен тігіп кетеміз деп тоқтамады. Оның үстіне бүкіл Ғылым академиясы мен Жазушылар одағы шулап, жағамнан алмады ма? Бірақ елдерінен алып шыққан бес түп ағаштың екеуі тігуге жарамсыз боп қалыпты. Үшеуін тіккен болдық. Ботаниктер сакура ағашы Алматының климатына шыдамайды, көп ұзамай қурап кетеді деп отыр. Алаңдамаңыздар мырзалар, қуратып па, қырқып па құртамыз ғой.
– Осы сөзіңде тұр. Кейін анау-мынау сылтау айтылып, ағаштар гүлдеп кетіп жүрмесін. Ана жазушылар мен ғалымдарыңды бір тұқыртып алатын уақыт болды. Не шара қарастырып жатырсың?
– Жолдастар, осы Сәтбаевтың не құдіреті барын білмеймін? Әшейінде үйірлі қасқырдай бөлініп ап итше таласатын жазушыларың да, ғалымдарың да Сәтбаев десе бірігіп кетеді. Солардың арасынан Сәтбаевты жек көрем, соған қарсымын деген пенде таба алмадым. Басқа біреуді айтсаң қарсы кланның адамдары жабыла кетіп, жауша талайтын. Ал Сәтбаевқа біреуі баспайды-ау. Өзі кетсе де рухы айбар шашып, айбыны арыстандай ақырып тұр. Тіпті бүкіл облыстар мен қалалардың халқы Сәтбаевқа көше, мектеп аттарын беруді сұрап, орындамаса талап етіп хатшыларымыздың шарасын құртып жатыр. 
– Енді?
– Енді не болады? Беріп жатыр екен.
Пендешілік пен сол пендеге тән күншілдік, қызғаныш деген қырсық пиғыл иектеп алған кейбір басшылардың санасы әзәзілге бағынып, жүрегіне шайтан қонақтап алғалы қашан. Алдында тұрған хатшының өзі бұларға қарап, іштей шоқ-шоқ айтып тұрғандай. Ананы қарашы жымсиған бітік көз соны айтып тұр.
 Дүйім ел, барша халықтың Ұлы перзентіне айналған біртуар тұлғаның аруағымен алысатындай бастарына не күн туды екен? Зиялылық болмыс пен адамгершілік деген ізгі қасиет төмендеп, біз білеміз, біз шешеміз, біздің алдымызға ешкім шықпау керек деген өктем ой, менмен пиғыл басымдық алып кеткен пенде сана тереңге үңіліп, артына қарауды ойламады ғой. Артына бір қараса, ұлы перзентін ұлықтаған дала көңіл, дархан пейіл халқы мен сол ұлы тұлғаға қарап бой түзеп, ой өрістетіп өсіп келе жатқан білімді өскелең ұрпақты көрер еді-ау.
Құзіреті зор басшының қан қысымы көтеріліп, жүйкесі сыр бере бастады. Өзін-өзі зорға ұстап, идеология хатшысына қолын сермеп, «кет» деген ишара жасады да сылқ етіп отыра кетті. Бұл Сәтбаевта не қасиет, қандай тылсым бар? Көзі тірісінде алдына кеп бір бас имей кетті-ау. Бар мәселені Мәскеуге барып, оп-оңай шешіп келетін. Басында басын идіріп, төмендетіп алам деп әлдекімдердің сөзіне сеніп ашындырып алған өзі. Содан кейін-ақ академик бұған бас сұғуды да, бірнәрсе сұрауды да тоқтатты. Ал Мәскеуге барса барлық мекемеде оған жасыл жарық жанып қарсы алады екен. Тіпті Қазақстанның Орталық комитеті шеше алмаған мәселені Сәтбаев шешіп кетті деген не сұмдық? Жабылып, шешім шығарып, судан таршылық көріп, дамуы мұң боп кеткен, Қарағандыны таратып, жабуға шешім шығарылды. Мәскеу келісім беріп, бекітіп қойып еді. Сәтбаев Ертіс-Қарағанды каналының жобасын сызды да сақтап қалды. Мәскеуді де көндірді, қаржыны да оңай аудартты.
Ағылшындар да, қытай да, орыс та баяғыда осы бір қазақ ғалымын Ньютон, Фарадей, Ломоносовтардың қасына қатар қойып қойды. Шығыстан шыққан әл-Фарабиден кейінгі данышпан деп бағалап отыр. Екінші дүниежүзілік соғысты армиямен бір сапта тұрып Сәтбаев жеңгендей даурығысқандарын қайтерсің. «Сәтбаевтың еңбек армиясы, күрек пен қайланы автомат пен пулеметтей боратқан қас батырлары» деп дәріптеді журналистер. Тек қазақ емес, бүкіл кеңес баспасөзі үн қосты. Енді міне, кеше ғана жау болған жапондар емін-еркін келіп, осы бір қазақ ғалымының құрметіне сакура ағашын тігіп отыр. Бұл оларға сонша не істеген?
Иә, не істеп еді? Бар болғаны Ғылым академиясын салып жатқан жапон тұтқындарына жаны ашып, қосымша тамақ пен жылы киімдер бергізгені рас. Арнайы дәрігер тағайындатып, қажетті дәрі-дәрмектер тауып беріп тұрғаны ғана. Осыдан кейін жапон тұтқындарының өлімі күрт тоқтап, беттеріне қан жүгіре бастады. Онда да орта жастағы Такаши деген жапон офицері жанына келіп, «біздің жағдайымызға да бір уақ қарап қойыңызшы президент мырза», – деп ағылшынша өтініш айтқаннан кейін олардың казармасына барып қарап шыққан. Әлдекімнен мына жапон офицері мұның ағылшыншаға сауатты екенін біліп алған сияқты. Қолаңса иіс пен лас казарма, гигиеналық талаптан жұрдай еді. Өзіне жау боп шапқан тұтқын сарбаздарды қай ел жарылқай қойсын. Тұтқындар арасында өлім жиілеп барады. Оның үстіне жазығы жоқ өз халқын, өзіне көсем деп сенген, көреген деп ерген халқын жазықсыз қырып жатқан елдің басшылары жатты аясын ба? Мәскеу бақылап, солар күзетіп отырған тұтқындарға жолаудың өзі күш. Қалай көмек бермек? Тағы сол үйреншікті комиссарлар кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасыновқа кірді. «Мына жапон тұтқындары бүйтіп өле беретін болса жуық арада Ғылым академиясы бітпейді», – деп ашығын айтты. «Иә, түсініп отырмын» деді төраға. «Жауға жанымыз ашығаны үшін Мәскеу бізді басымыздан сипай қоймас. Бірақ оларға да адам деп қарау біздің адамдық парызымыз. Қазір олар шарасыз тұтқын ғана. Қазақстанның да, КСРО-ның да прокуратурасына шығып, жағдайды айтам. Академияны жоспарға сай бір жылда бітіруге жанталасып жатырмыз. Жұмыс күші жетпегендіктен тұтқын жапондарды пайдаланып бағудамыз. Қазақстанның есебінен қосымша тамақ, киім-кешек беруіміз керек деймін. Қызыл крест қоғамын да тартуымыз керек. Сонда іс оңтайлы шешілер» деп қуантты. 
Төраға сөзінде тұрып, бар жағдайды жасап бақты. Сәтбаев та жапондарға жиі барып, қолынан келген көмегін аямады. Осы академияның құрылысы бітсе елдеріне тезірек қайтатындай сеніммен, үмітпен жанталаса қимылдаған жапондар аккордтық нәтиже көрсетті. Сәні мен сәулеті жарасқан әсем ғимарат уақытында бітті. 1946 жылы Қазақстанның Ғылым академиясының ашылуы дүркіреп өтті. Бүкіл одақтан, социалистік елдерден қонақтар келді. Тұңғыш ашылған Ғылым ордасының тұңғыш президенті болып бір ауыздан Қаныш Сәтбаев сайланды. Елдеріне аман-есен жеткен жапон тұтқындары жүзі мейірімге толы Қаныш Сәтбаев сияқты тұлғаны жиі еске алатын. Әлі академия ашылмаса да оны президент деп бағалайтын. Оның шын мәніндегі академияның президенті болатынына елі де, жапондар да сенімді еді. Сол себепті жетпісінші жылдары ұрпақтарына Сәтбаевқа арналған сакураны аманаттаған тұтқындар оның өмірден өтіп кеткенінен бейхабар болатын. «Сәтбаев болмаса біз қазір жүрмес едік, сендер тумас едіңдер» деп тебіренді олар. 
Сәтбаевтың құрметіне академияның жанына тігілген үш сакураның екеуі жайқалып өсті. Ақ пен күлгін, қызғылт түс араласқан сакура гүлінің әсемдігіне ел сүйсініп, «Сәтбаев сакурасы» деп атап жүрді. Жетісудың климатына шыдамай көп ұзамай қурап не солып қалады деген сакура ағаштары отыз жылға тарта өмір сүрді. Сакура тігілгеннен кейін көп ұзамай оларды құртуға жауапкершілік алған пенделер де, артынша пәрмен берушілер де фәниден бақиға бұйрық келіп, аттанып кете барды. Көп ағаштармен қатар бой түзеп тұрған екі сакура да орнығып алып еді, әттең бұл екі ағаштың тарихынан да, қасиетінен де хабарсыз әкімдіктегі кейбір құрылыс пен жөндеу жұмыстарын басқарып отырған басшылар бұлардың не өрік не шие ағашы екенін ажырата алмай кесіп тастауға шешім шығарып қойды. «Ана екі өрік ағашын кесіп тастаңдар, жақында басталатын жөндеу жұмыстарына кедергі келтіреді» деген жоғарыдан келген пәрменді бұйрықтан кейін қаланы абаттандыру қызметінің екі жұмысшысы мен бір бригадирі келіп, жапон аруларындай бұрала назданып, көркі көз тартып тұрған екі сұлу талға өткір балтаны аяусыз сілтеп тынды. Күйінген ғалымдар мен ашынған елге оқымаған қара жұмысшылар сакураны танымай өрік ағашы деп кесіп тастапты деген сылтаумен құтылды. Сол орында бір кезде қос ғашықтай қос ағаштың жарасып, маңына нұр шашып тұрғанын ел ұмытып та кетті. Шырылдап, «Сәтбаевтың сакурасы» аяусыз жойылды» деп баспасөзге орыс тілінде мақала жазған журналист Брусиловскаяның мақаласы да аяқсыз қалды.
Қос сакура Жапон тұтқындарының Сәтбаевтай тұлғаға деген шексіз ризалықтары мен шын жүректен ақтарылған алғыстары, ыстық ықыластарының естелігі еді.

Аспандияр ӨМІРБЕКОВ
 

 

940 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз