Бүгін-Ұлы Жеңіске 75 жыл

299

Әлемнің 60-тан астам мемлекетін шарпып, 70 миллионнан астам адамның өмірін қиып кеткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына бүгін тура 75 жыл толып отыр.

Неміс әскерінің Совет Одағына шабуылы 1941 жылдың 22 маусымында таңсәріде басталды. Бірінші Дүниежүзілік соғыста оңбай жеңілген Германия әскері араға ширек ғасыр салып есін жиып, қайта әлемге айбар шеккен қатерлі күшке айналады. Фашистер 1939 жылы қол қойылған кеңес-герман шартын бұзып, СССР шекарасына лап берген еді. А дегенде айтарлықтай кері шегінген Совет Одағы жүздеген ұлттан құралған жауынгер әскерінің арқасында жерін қорғап қалды. Жеңісті жақындатуға Қазақ КСР-ның зор үлесі барын атап өткен жөн. Соғыс жүрген 1418 күнде майдан алаңына Қазақ КСР-нан 1,2 миллионнан астам сарбаз барған. Шайқасқа аттанған қазақстандықтардың жартысы елге оралған жоқ.

Ерліктері үшін 499 қазақстандық марапатталса, олардың ішінде 99-ы Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы атағын алды. Сондай-ақ қазақтың қос батыр қызы — Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова да шайқаста ажал құшып, оларға ең жоғарғы — Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 142 қазақстандық Даңқ орденінің толық иегері атанды. Екінші дүниежүзілік соғыс көзсіз ерліктерімен аты аңызға айналған қазақ жауынгерлерін тарих сахнасына шығарды. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста генерал И.Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының құрамында Бауыржан Момышұлы басқарған 1073-гвардияшыл атқыштар полкі жау шабуылына ерлікпен тойтарыс берді. Қазақстандық әскери құрамалардың үштен бірі 1941 жылғы 9 қыркүйектен бастап Ленинградты қорғауға қатысты. Қазақстандық жауынгерлер Курск шайқасында, Балтық бойы республикаларын, Украина мен Беларусьты, Шығыс Еуропаны азат етуге және Берлин операциясын жүзеге асыруға қатысты. Соғыстың барлық бағыттарында қазақтар жасындай жарқылдады.

Бұл ретте батыр бабалардың партизан соғысына да белсене қатысқанын айта кеткен жөн. Қ.Қайсенов, Ғ.Ахмедияров, Б.Жангелдин, Ә.Шәріпов, Н.Байсейітова мен Т.Жұмабаева, Ж.Саин, Ғ.Омаров сияқты қазақтың ұл-қыздарының аты ерліктің нағыз үлгісін көрсетті. Қазақстандықтарды күні кеше Жеңістің 75 жылдығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен құттықтады. Елбасы өз сөзінде «келер ұрпақтың бақытты әрі берекелі ғұмыры үшін миллиондаған адам фашизмді жеңу жолында жанын пида еткенін» мәлім етсе, Президент «ержүрек аға буынның алдында мәңгі қарыздар екенімізді» жеткізді. Қазақстанда қазіргі таңда сол сұрапыл соғысты басып өткен 1 025 ардагер бар. Олардың бәріне биыл 1 миллион теңгеден берілді. Ленинград қоршауында қалған тұрғындар мен концлагерьлерге кәмелетке толмай түскен тұтқындарға 50 мың теңгеден, ал ҰОС-ның қайтыс болған ардагерлерінің жұбайларына, соғыс жылдары еңбек еткен тыл еңбеккерлеріне 30 мың теңгеден табысталды.

inform.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *