Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдайға 150-ге жуық медицина қызметкері жұмылдырылды

109

Мақтаарал ауданында төтенше жағдайдың орын алуына байланысты көршілес аудандардан қосымша көмекке медицина қызметкерлері тартылды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.

Эвакуациялық орталықтардағы азаматтардың денсаулықтарын бақылау жұмыстарына Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай аудандарының орталық ауруханасы және облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының ақ халаттылары атсалысуда. Бұл туралы онлайн режимде өткен брифингте облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов мәлімдеді.

Оның сөзінше, қазіргі таңда жалпы 147 медицина мамандары эвакуциялық орталықтардағы азаматтарға қызмет көрсетуде. Олардың 58-і дәрігер, 89-ы орта буын медицина қызметкер.

«Бүгінде тасқын судан зардап шеккен ауылдың тұрғындарын орналастыруға арналған 10 эвакуациялық бекет жұмыс істеп келеді. Соның барлығында дәрігерлер мен медбикелер тәулігіне 24 сағат бойы азаматтарға қызмет көрсетуде. Көршілес аудандардан қызметкерлерден бөлек, қосымша көмек ретінде 17 медициналық көлікер тартылды», – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, өңірдің бас дәрігері адамдар арасында коронавирус індетінің таралуын болдырмау мақсатында барлық тиісті шаралар қолға алынғанын жеткізді. Эвакуациялық пунктердегі азаматтардың дене қызуы күніне 3 рет өлшенуде. Сонымен қатар, сақтық шаралары үшін бекеттерде жатқан тұрғындарға 45 мыңға жуық медициналық бетперде, 225 мың қолғап, 860 литр антисептик, 900 литр дезинфекциялық сұйықтық, 40-тан астам тепловизор және басқа да қорғаныс құралдары үлестірілген. Басқарма басшысы мұндай қорғаныс құралдары қоймада жеткілікті екенін, қажеттілікке байланысты алдағы уақытта да таратылатынын жеткізді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *