Мақтарал. Тасқын су басқан ауыл тұрғындарына 96 тонна азық-түлік таратылды

96

Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы азық-түлік қоймасына бүгінге дейін 408  тонна гуманитарлық көмек келіп түсті.

Оның 96 тоннасы эвакуациялық бекеттердегі азаматтарға, жекелеген туыстарының үйінде жатқан тұрғындарға үлестіріліп берілді. Бұл туралы «Nut Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, төтенше жағдайлар бойынша гуманитарлық көмектерді үйлестіруші Бейсен Тәжібаев мәлімдеді.

Мақтаарал  ауданындағы тасқын судан зардап шеккен азаматарға көмек ретінде облысымыздың аудандарынан бөлек, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар  облыстарынан  түрлі қоғамдық ұйымдар мен қайырымдылық қорларынан және жекелеген кәсіпкерлерден гуманитарлық көмектер жеткізілуде. Оның ішінде азық-түлік, жеке бас гигиенасына арналған заттар және киім-кешектер де бар.

«Қазіргі таңда ауылдарын су басқан тұрғындарды уақытша орналастыру үшін Мақтаарал және Жетісай аудандарында 10 эвакуциялық бекет жұмыс істеп тұр. Мұнда 3700-ден астам адам орналасқан. Қоймаға жиналған тауарлар сұранысқа байланысты сол пункттердегі және туыстарының үйін паналап жатқан азаматтарға жүйеленген тәртіпте таратылуда», – дейді Бейсен Тәжібаев.

Гуманитарлық көмектің көптеп келуіне байланысты бір қойма тауарға толған. Қазіргі таңда екінші қойма белгіленіп, азық-түліктер сонда жинақталуда. Қоймаға жауапты , облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Төлебаевтың айтуынша, қазіргі жиналған гуманитарлық көмектер алдағы екі-үш айға жетуі тиіс. Пункттерден бөлек, жекелеген туыстарының үйінде жатқан тұрғындар үшін Атакент елді-мекенінде екі тарату орындары жұмыс істеуде. Олар N9 мектеп пен Комарова мектебінде орналасқан. Су басқан 5 ауыл тұрғындары осы жерге барып, үйлеріне азық-түлік алуына болады.

Штаб қоймасында бүгінде азық-түлік қоры жеткілікті. Ендігі кезеккте асханаға қажетті ыдыс-аяқ, үй жиһаздары, теледидар мен тоңазытқыштар, газ плитасы  секілді тұрмыстық заттарға қажеттілік туындауы мүмкін. Қайырымдылық жасаушы азаматтар мен компаниялар осы жағын ескеріп, басымдық берсе деген ұсыныс бар. Жоғарыда аталған заттар жаңадан салынып, пайдалануға берілетін үйлерге ауадай қажет болары сөзсіз. Сол кезде әрбір үйге бөлініп беріледі.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *