2020 жылы не киеміз? Стиль қалыптастыру жолдары

391

Стилист-имиджмейкер мамандығы  әлдеқашан ерекше болудан қалды. Өйткені қазір адамдардың көбі өз стилі мен бейнесіне қатты назар аударады.  Дегенмен, стилист жұмысының көптеген қыр-сыры  әлі күнге дейін қарапайым жанға  құпия.  Біз Қазақстанның үздік стилистерімен сұқбаттасқан едік. Тәжірибелі стилист-имиджмейкерлер 2020 жылы гардеробты қалай таңдау керектігін де айтты.  

«Талантты адам барлық істе де талантты» деген қағида кәсіби имиджмейкер, шоппинг-маман, визажист, әнші және суретші Мәди Бекдаирді дәл сипаттайды.

Мәди – қазақстандық Style session стилистер қауымдастығының негізін қалаушы, «Шесть шагов к совершенному стилю» деген Қазақстандағы алғашқы стилистика оқулығының авторы,  8 жылдан аса қазақстандық сән апталығының үйлестірушісі. Ол  Роза Рымбаева, Константин Богомолов, Лера Кудрявцева, Анна Семенович, Қайрат Нұртас, Баян Есентаева сияқты танымал адамдармен жұмыс істеген. Сонымен қатар,  Мәди – кәсіби музыкант. Күләш Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернатында, П.И.Чайковский атындағы Алматы музыка колледжінде, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияда білім алған.

«Стилист мамандығына қызығу 21 жасымда басталды. Шығармашыл жан болғандықтан, жүрегім әрқашан жаңашылдықты қалап тұрады. Өзіме түрлі образ жасаған қатты ұнайтын. Ал сүйікті ісімді табыс көзіне айналдыру үшін кәсіби стилист білімі керек деп шештім. Базалық білімді Personal Shopping Бүкілресейлік мамандар қауымдастығында алдым. Ал практиканы Нью-Йорк, Париж, Амстердам, Милан, Флоренция қалаларында өттім. Қазір Алматы қаласында  жұмыс істеймін. Қазақстанда стилист көмегіне жүгінушілер саны көп. Маған жұмысымды қажет ететін адамдар келетіндіктен бе, мамандыққа қатысты түсінбеушілік жоқ.

Өз стиліңді табу үшін не істеу керек? Жандүниеңмен таныс! Стиль қалыптастырудағы ең үлкен қателік – біреудің киіну, шаш жасау, бояну, сөйлеу мәнерін қайталау немесе ұрлау. Қазір бойжеткендер мен жас жігіттер блогерлердің, белгілі әншілердің, кәсіпкерлердің стиліне қарап қызығады. Әр адамның өзіне жарасатын стилі бар. Егер біреудің стилін қайталасаңыз,  даралығыңыз жоғалады. Жұмысқа кіріспес бұрын клиентпен сұқбаттасамын.  Психотип, яғни психологиялық тұрғыдан қандай адам екеніне, жасына, бет-бейнесіне, дене бітіміне қараймын. Стилист мамандығындағы ең ұнамайтын нәрсе – көп адам кеңестік кездегі стильдік оймен қалып қалған. Ерекшеленгісі келмейді, қорқады. «Маған өзгелер қалай қарайды,  ұнамай қалсам ше?» деп ойлайтындарды жиі кездестіремін. Ең қиын процесс деп осыны айтар едім.

Өзімнің стилім – классика, минимализге қосылған ашық элементтер. Біріншіден, стилист өзге мамандықтар секілді кәсіби білім мен тәжірибені қажет етеді, ал содан кейін ғана – өнер, хобби болу керек. Стиль даралықты жасайды, өзгелерден ерекшеленуге көмектеседі. Маған Испания халқының киіну үлгісі ұнайды. Футбол мәдениеті жақсы дамығандықтан, ол жердің халқы спорттық үлгіде киінеді. Сондай- ақ олар фаст фэшнды ұстанудан алдыңғы орында. Менің музам – Патриция Филд, ал отандық стилистерден Жамиля Досқазы, Ақжан Ажмолдаева, Виктор Немченко ұнайды.  Олардың жұмыстарынан шабыт аламын.

Коронавирус дертіне байланысты осы жылы – эко-тренд болады. Сондай-ақ,  гранж стилі, хэнд-мэйд, яғни киімдердегі принттер сәнге кіреді», – дейді Мәди.

«Біз образдар дәуірінде өмір сүреміз», – дейді келесі стилисіміз Алима Болатбек. Алима Инстаграм желісінде fashion-блогер ретінде танымал.  Өскемен қаласының тумасы. Негізгі мамандығы – журналист.

«Инстаграм желісінің белсенді қолданушысымын. Алғашында парақшамды лайфстайл форматында жүргіздім. Кейінірек сән индустриясына қызыға бастадым, сол үшін  кәсіби түрде стилист мамандығын үйреніп алдым. Көпшілікке бұл мамандық жеңіл секілді көрінеді, алайда стилист адамның тек сыртқы сұлулығымен ғана емес, ішкі жан дүниесінің ерекшелігін, темпераментін де ескере отырып жұмыс істейтін мамандық. Сондықтан стилист-имиджмейкер түстер үйлесімін, эстетика, сән тарихын, адамның физиологиялық және психологиялық ерекшелігін терең білуі керек. Оның алдына түрлі адам келеді. Солардың барлығының да көңілін тауып, аяғынан тік тұрып, ерінбей-жалықпай, кәсіби қызмет көрсетеді. Стилисті психологиялық маңызы бар мамандық деп санауға әбден болады. Стилистер ұсынатын қызметтердің негізгі түрі: стилистің алғашқы консультациясы,  гардеробты талдау (киім, аяқкиім және аксессуарлар), киім жиынтығын қалыптастыру, жаңа киімге арналған сауда тізімі, сән трендтеріне қатысты кеңестер, жаңа стильді дамыту, шаш пен макияж туралы кеңестер, саудаға қолдау көрсету (жеке сатып алушы), сіз үшін кескінді жасайтын адам – киім, виза, шаш стилі және т.б.

Стилистер де өзара бірнеше салаға бөлінеді.  Fashion stylist – тек сәнді түсірілімдермен айналысады, журналдармен және жарнамалық жобалармен жұмыс істейді. Personal stylist – нақты клиентке жеке стиль жасайды.  Wardrobe stylist гардероб үшін жауап береді.

2019 жыл шалбарлы костюмдермен, біртұтас реңдегі киім үлгілермен, миди белдемшелермен және басқа да трендтермен есте қалды. Ал 2020 жылы клеш джинс шалбар алдыңғы қатарда болады. Оның классикалық көк түсті және макси ұзындықтағы түріне мән беріңіз. Сонымен қатар total look,  яғни бастан аяққа дейін бір түсті киім кию ең сәнді үйлесім болып қала береді. 2020 жылы жағасы өте ұзын әрі үшкір жейде трендте болады. Мұндай жейдені жилеттің немесе жемпірдің ішінен киіп, жағасын сыртқа шығарып қоясыз. Сондай-ақ денеге жабыспайтын, ашық түсті oversize көйлектерге мән беріңіз. Оның матасы жеңіл және жұқа түрін алып,  көктемде, жазда  өзін, ал күзде жемпірдің ішінен кисеңіз болады», – дейді Алима.

Стилистердің кеңесі пайдалы болды деп ойлаймын.  Мамандардың нұсқауын ескере отырып, киімді үйлестіріп, дұрыс таңдау жасайық!

Ақерке ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ,

«Ұланның» жас тілшісі.

«Ұлан» газеті, №19
12 мамыр 2020 жыл




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *