Төтенше жағдай режимін бұзғандарға айыппұл сомасы артады

441

Парламент Мәжілісінің депутаттары төтенше жағдайлар бақылауды жетілдіруге және елдің эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түзетулерді мақұлдады.

Бұл норма Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мақұлданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында ескерілген. «Бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 27 сәуірде берген тапсырмасын орындау үшін Үкімет ұсынған, төтенше ахуал мен төтенше жағдайлар кезінде денсаулық сақтау жүйесінің жұмыс істеуін, санитариялық-карантиндік бақылауды жетілдіруге және елдің эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер қаралып қабылданды. Оның ішінде Бюджет кодексіне, «Концессиялар туралы» Заңға денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру процесін оңайлату бөлігінде»,- деді депутат Зәуреш Аманжолова. Заң жобасының мазмұнын жақсартатын жекелеген нормалар нақтыланды.

«Денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын іске асыру процесін оңайлату бөлігінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, «Концессиялар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы» ҚР заңдарына, елдегі төтенше жағдай кезінде режимді бұзғаны немесе шектеу іс-шараларының талаптарын орындамағын үшін жауаптылықты күшейту бөлігінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексіне түзетулер қабылданды», — делінген Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, депутат Бейбіт Мамраевтың аталған заң жобасы бойынша қорытындысында. Осы орайда таратылған мәліметте әкімшілік айыппұл 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін немесе қамаққа алу 15 тәулікке дейін ұлғайтылғаны көрсетілген. Ал қайта құқық бұзушылық үшін – 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл немесе 30 тәулікке дейін қамаққа алу көзделген.

inform.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *