«Дәстүрлі музыкалық өнер» туралы заң керек

507

Күйші, күйтанушы, «Күйшілер одағы» РҚБ төрағасы Рүстем Нұркенов Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға ашық хат жазды. Бұл туралы ол өзінің фейсбук парақшасында мәлім етті.

 Құрметті министр ханым!

 Соңғы уақытта дәстүрлі музыкалық өнерге қатысты проблемалар көбейіп кетті. Арыға бармайын, Қазақстандық бір азамат домбыра аспабын сындырғанға әлеуметтік желі болып бір шуладық. Құрманғазының «Серпер» күйі өңделіп, басқа кейіпте насихатталғанда музыка мамандары болып тағы бір шуладық. Енді міне Абай ауылындағы аяқ астына төселген домбыра бейнесіне де халық болып екіге бөліндік.

Алдағы уақытта да дәстүрлі музыкаға қатысты небір даулар туындайтыны сөзсіз. Өйткені осы күнге дейін «жақсы-жаман», «киелі, қасиетті» деп қана халықтық ұғыммен жүрміз. Және бұл ұғымды әркім өзінше түсінгендіктен түрлі жағдайлар болып жатыр. Сондықтан «ДӘСТҮРЛІ МУЗЫКАЛЫҚ ӨНЕР» туралы заң керек деп есептеймін. Ия, арнайы заң керек, концепция немесе көркемдік кеңестер емес. Ақты ақ, қараны қара дейтін арнайы құжат қажет.

Өзіңізге жақсы мәлім, еліміз Юнесконың материалды емес мәдени мұраны сақтау туралы конвенцияға қол қойып, дәстүрлі өнерімізді өзіміз қорғаймыз деген міндетті алдық. «Дәстүрлі музыкалық өнер» туралы заң дайындалып, қабылданып жатса осы конвенциямен үйлесіп тұр.

Құрметті Ақтоты Рахметоллақызы! Дәстүрлі музыкалық өнердің бүгін тоз-тозы шығып, әбден аянышты халге келді. Ата өнерімізді насихаттап жүрген өнерпаздарға (тірі жәдігерлер) арнайы статус қажет, түрлі өңдеулерден өткен халық әндеріміз бен күйлерімізді кәсіби мамандардың өздері танымай жатады, жас ұрпақ ән мен күйдің түпнұсқасын ұмытып бара жатыр. Осы және басқа да проблемаларды ретке келтіруді мемлекет өзі қадағаламаса, бірді-екілі ерікті адамдардың қолынан келмес үлкен іс. Сондықтан ұсынысымды ескеріп, мемлекеттік идеологияның бір саласын ретке келтіресіз деген сенімдемін.

Құрметпен Рүстем Нұркенов,

Күйші, күйтанушы,

«Күйшілер одағы» РҚБ төрағасы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *