Cу шайған көпірлер қалпына келтірілді

79

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістан облысының Төлеби ауданы, Қасқасу елді мекенінде 3 көпір екі тәуліктің ішінде қалпына келтірілді. Зақым келген тағы бір көпір қысқа уақытта реттелмек.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, қазір аталған аймақта көліктердің жүруіне ешқандай қауіп жоқ. Өткелдер толық ретке келтіріліп, ауылдар арасында байланыс ашылды. Елді мекендерде электр энергиясы және табиғи газбен қамту жағдайы да тұрақты.

Сонымен қатар Төлеби ауданының Қасқасу, Кенесарық, Қосағаш, Екпінді, Біркөлік, Киелітас, Достық және Леңгір қаласының аумағында орналасқан елді мекендерде жиналған жаңбыр суынан тазалық жұмыстары тынымсыз жүргізіліп жатыр. Тасқын судан зақым келген аудандық және облыстық маңызы бар көшелерді қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп, келтірілген залал шығындары есептелуде.

Еске сала кетейік, нөсер жауынның салдарынан Төлеби ауданындағы өзендердің су деңгейі көтеріліп, арық-атыз, қыр-сайлардан жиналып аққан жаңбыр суынан 6 елді мекендегі 250 тұрғын үйдің ауласын су шайған. Төтенше жағдайға байланысты, жедел штаб құрылып, су басқан елді мекендерде тиісті жұмыстарды атқару үшін 4 сектор белгіленген болатын. Атап өтер болсақ, судан келтірілген залалды жою міндеті Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам және Төлеби аудандарына бекітілді. Су басқан аймақтарды ретке келтіру жұмыстарына 300-ге жуық адам, 27 мотопомпа, 38 техника жұмылдырылған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *