Қыз өссе, елдің көркі…

204

17 мамыр – Аяулы қазақ қыздары күні. Бұл күндегі жаһандану үдерісі мен сырттан ұсынылатын жасанды мәдениет үлгілері, сыртқы теріс әсерлер тұтастай алғанда қазақ қоғамына да әсер етпей қоймады.

Кез-келген халықтың бойынан табылатын сол халықты құрдымға алып келуі мүмкін теріс әсерлер баршылық. Қазақ үшін ол жершілдік, рушылдық, жемқорлық болса керек. Бертін келе қоғамда жетім балалар үйі, қарттар үйі пайда болды. Таразының бір басына осы теріс жағдайлар тартылғанда екінші басына ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүдде, мемлекеттілік сынды кез-келген заманда өзін өзі жоғалтпаған халықтар үшін аса маңызды, баға жетпес асыл қазынасы салынған. Жаһандану заманында бұл мәселені ерекше назарда ұстау қажет.

Дәл осы жерде алдымыздан бабалардан мұра болып қалған ұлттық мүддеміз бен ұлт қазынасын келесі ұрпаққа табыстау мәселесі шығады. Бұл ретте осы тарихи міндеттерді іске асыру үшін қажетті шараларды тұрақты түрде атқару қажет. Бұл ұлт болып қалатын кез-келген халықтың басты мұраты болуы тиіс. Олардың бірі сол жаһандану үдерісіндегі ақпараттық ағынның қарқындылығына байланысты көмескілене бастайтын ұлт мұрасын жеріне жеткізе отырып насихаттау мәселесі.

Өткен жылы Қарағанды қаласында «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясының бастамасымен ұлттық құндылықтарымызды сақтау, насихаттау мақсатында қазақ күнтізбесінің тұсауы кесілген болатын. Осы уақытқа дейін аталған күнтізбе шеңберінде Қазақ тарихы, Мемлекеттік тіл – Қазақ тілі күні, Ұлт денсаулығы, Ұлт қайраткерлерін еске алу күні, Қазақ әдебиеті күні сынды ұлттық бітім – болмысымызды ұлықтайтын атаулы күндер мерекеленді.

Қазақ қоғамының ескіден келе жатқан құндылықтарының бірі — қыз балаларымыздың тәрбиесі. Біз қыздарына 40 үйден тыйым салып, оларды «Қыз өссе, елдің көркі» деп аялы алақанға салып, әлпештеп өсірген халықтың ұрпағымыз. Қазақтың ұлттық құндылықтары сөз болғанда соның ішінде ерекше ойып орын алатыны жас ұрпақ тәрбиесі. «Шеше көрген тон пішер» деп бар білгені мен өмірлік тәжірибесін ұрпақтар сабақтастығы арқылы бере білген дана халқымыз қыз баланы болашақ аяулы жар, қадірлі ана, отағасының сенімді серігі, ұлт құндылықтарын бойына дарытып соны өскелең ұрпаққа жеткізетін ерекше жаратылыс иесі деп қадір тұтқан. Ел мен елдің арасын жалғайтын «қыз бала — жат жұрттық» деп туғанынан ерекше тәрбие беріп, ең асылы мен қымбаттысын қыз баланың бойына дарытуды мақсат  тұтқан қазақ қоғамының бұл әрекетінде осы арқылы ғасырлар бойы ұлттың замана желіне төтеп беріп өмір сүруін және жат жерге ұзатылар болашақ ананың тәрбиесін көретін кейінгі ұрпақтың сол елдің текті азаматы болып, түбінде халыққа қызмет етуін қалаған ақ тілегі жатса керек. Ғасырларды көктей өткен осынау тәрбие тұтас қазақ болашағының кепілі, керек десеңіз қорғаны, иммунитеті болды.

Қазақ күнтізбесіндегі 17 мамыр – Аяулы қазақ қыздарының күні болып белгіленген. Аталған күнді белгілеудегі басты мақсат – қазақ қыздарының ұлттық құндылығымыз ретінде рухани бітім-болмысын сақтау, өскелең ұрпаққа насихаттау және осы арқылы жас ұрпақты тәрбиелеу болып табылады.

Биылғы жылы алғаш рет аталып өткелі отырған бұл күн қазақ қоғамында және қазақ қыздарының жадында ұлы бабаларымыз сақтардың патшайымы болған Тұмар патшайымның ел билеген көрнекті тұлға ретінде және барша қазақтың маңдайына біткен біртуар перзентін  тәрбиелеген ел аналары Ұлжан мен Зеренің, Ұлы Отан соғысында ер-азаматтардан қалыспай  жауға қарсы ерлікпен шайқасқан Хиуаз, Әлия мен Мәншүктердің бейнесін айшықтай түседі деген сенім мол.

Қадірлі қазақ қыздары! Сіздерді осынау мән-маңызы терең 17 мамыр – Аяулы қазақ қыздары күнімен шын жүректен құттықтай отырып, қазақ қыздарының арасындағы осынау терең тәрбие мен сабақтастыққа  құрылған байланыс мәңгі жасай берсін демекпіз.

Н.Сұршаұлы,  «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар

 сериясының авторы

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *