Алматыда 25 мамырдан бастап қандай нысандардың жұмысы жанданады?

85

Биыл 25 мамырдан бастап алаңы 500 шаршы метрден астам сауда нысандары, қонақүйлер (хостелдерді қоспағанда) сондай-ақ қоғамдық тамақтандыру нысандары жұмысын бастайды.

Қалада ауданы 500 шаршы метрден астам 138 сауда нысаны жұмысын бастайды. Атап айтқанда СҮ, СО, СОО аумағында орналасқан азық-түліктік емес бутиктер, сән салондары, химиялық тазалау және мейрамханалар жұмыстарын бастайды. Сауда нысандарының жұмыстарына сағат 23:00-ге дейін рұқсат берілетін болады, делінген қалалық жедел штаб таратқан хабарламада.

Қоғамдық тамақтандыру нысандары бойынша 25 мамырдан бастап, қоғамдық жазғы алаңдарын қоса алғанда,  27 мың адамды құрайтын 3100 кәсіпорын жұмысын бастайды. Олардың жұмысының негізгі шарты көрші столдағы отырған келушілердің ара-қашықтығының кемінде 2 метр болуын қамтамасыз ету және 1 столға 4 адамнан бір отбасы мүшелері ғана отыруға рұқсат. Қоғамдық тамақтандыру нысандарының жұмысы сағат 23:00-ге дейін рұқсат етіледі. Алғашқы кезде банкеттер мен салтанатты шаралар, тойлар өткізуге тыйым салынады. Сондай-ақ, аталған кезеңде қоғамдық тамақтандыру нысандарының аумағында жұмыс істейтін караоке, бильярд және өзге де көңіл көтеретін мекемелердің жұмыстарына тыйым салынады. Ал кальян тартуға карантиннің бүкіл кезеңінде тыйым салынады.

Сондай-ақ, 25 мамырдан бастап, 5 мыңнан астам жалпы жұмысшылар санымен 393 қонақүй (хостелдерді қоспағанда) жұмысын бастауды жоспарлап отыр. Бұл кезеңде оларға қонақ бөлмелерін беруге және өзінің аумағында мейрамханалар ашуға рұқсат етіледі.

«Бұл ретте, қонақүйдегі мейрамханаларға қоғамдық тамақтандыру нысандарына қойылған талаптар қойылады. СПА, бассейндер және тренажер залдарын ашу күні қаладағы эпидемиологиялық жағдайларға байланысты болады және қосымша хабарланады»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Осылайша, 25 мамырдан бастап, қалада 84,2 мың адамды жұмыспен қамти отырып, барлығы 3631 кәсіпорынды іске қосу жоспарланып отыр.

Айта кету керек мегаполисте бұрынғыша карантин шараларының жалғасып отырғанын назарға ала отырып, сауда, қоғамдық тамақтандыру, сондай-ақ  қонақүй нысандарының жұмысы барлық санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталған жағдайда мүмкін болады. Ал Алматыда аумағы 2000 шаршы метрден астам ірі сауда нысандарын (мегаполисте мұндай нысандар барлығы 64) эпидемиологиялық жағдайға дайындылығына байланысты ашу көзделген.

Қалған сауда, қоғамдық тамақтандыру және қонақүй нысандарына қойылған шектеулерді дайындық бағалауын өткізбей-ақ, келесі алгоритмнен: бірінші – Алматы қаласының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің infoalmaty.kz сайтындағы қаулысының ережелерімен танысу, екінші – нысанның ереже талаптарына сәйкес дайындығы, оның қатарында міндетті әлеуметтік қашықтық, жұмыс орындарындағы қатаң санитариялық режим және т.б. өткен жағдайда алу мүмкін болады. Дайындық үдерісі аяқталғаннан кейін – infoalmaty.kz сайтына тіркеледі және нысан ереженің талаптарына сәйкес, дайын екенін растайды, сондай-ақ кәсіпорындарда электрондық цифрлық қол қойылған хабарламаға қол қою арқылы бекітілген нормалардың сақталуына кепілдік береді.

Жұмыс орындарына тікелей қажетті жұмысшылар санын аталған ұйымдардың басшылары өздері белгілейді. Қызметіне рұқсат берілген ұйымдардың облыста тұратын қызметкерлеріне қалаға кіруге және шығуға рұқсат беріледі. Қалаға кірудің міндетті шарты қызметкерлердің деректерін infoalmaty.kz базасына енгізу керек.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *