ПТР-тестілеуден кімдер тегін өте алады

204

Медициналық-әлеуметтік сақтандыру қоры кейбір санаттағы азаматтарды ПТР-тестен өткізу үшін 5,4 млрд теңге бөлінгенін жария етті. Тестен бір мәрте өту бағасы — 11,5 мың теңге.

КВИ бойынша ПТР тестен өту үшін республикалық бюджеттен 5,4 млрд теңге бөлінді.

«Сонымен бірге 1,7 млрд теңге стационарларға жолданса, 3,7 млрд теңге консултативті-диагностикалық қызмет көрсететін ауруханаларға бағытталды. Бұл медициналық ұйымдардағы пациенттер ПТР-тестен тегін өтеді», — деп хабарлайды МӘСҚ баспасөз қызметінен.

Аймақтарға қажетті тест санын жергілікті атқарушы органдар анықтайды. Қазіргі таңда COVID-19 бойынша зерттеу жүргізілетін 600-ге тарта медициналық ұйыммен келісімшарт жасалған. МӘСҚ бұл мақсатта сәуір айында медициналық ұйымдарға қаражаттың алғашқы траншын жолдағанын атап өту керек. Қор сонымен қатар халықтың қай санатындағы азаматтар тестілеуден тегін өтетінін жария етті.

Олар:

— COVID-19 күдігімен провизорлық стационарға түскендер;

— ЖРВИ немесе пневмония белгісімен түскендер;

— КВИ жұқтырған азаматтармен жақын қарым-қатынаста болғандар;

— жоспарлы түрде стационарға жатқызылған азаматтар;

— тыныс алу, эндокриндік және жүрек қан-тамыр аурулары бойынша динамикалық бақылаудағы азаматтар;

— шетелден келген азаматтар;

— коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жұмысына тартылған ІІМ қызметкерлері;

— жүкті әйелдер және басқалар Сонымен қатар МӘСҚ эпидемияға қарсы шаралар аясында Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне қарасы Ұлттық сараптама орталығы халықтың келесі санатындағы азаматтар бойынша өз қаражатымен тесті тегін өткізетінін жария етті.

Олар:

— үй карантинінде жатқан, байланыста болған азаматтар;

— арнайы контингенттегілер (ауру белгісі бар және ауруды жұқтыру қаупі жоғары медициналық қызметкерлер, эпидемияға қарсы жұмылдырылған мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қарттар үйіндегі адамдар, интернат мен басқа да мамандандырылған ұйымдағы азаматтар);

— әскерге шақырылғандар және басқалар.

Еске сала кетсек, COVID-19 індетінің алдын алу шараларына жалпы республика бюджетінен 55,9 млрд теңге бөлініп отыр. Мұндағы оператор – МӘСҚ.

ҚазАқпарат




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *