Қазақстанға әкелінетін вакциналардың сапасы қандай?

299

«СҚ-Фармация» ЖШС-нің басқарма төрағасы Берік Шәріп Қазақстанға әкелінетін вакциналар қалай тексерілетіні туралы айтты.

«Жалпы бірыңғай дистрибьютордың тізіміне 20 биологиялық препарат енсе, оның ішінде тоғызы – міндетті вакцина. Ол вакциналар ұлттық вакциналар күнтізбесі бойынша егіледі. Біз вакциналарды шетелден екі жолмен сатып аламыз. Яғни, вакциналардың бірінші пулын ЮНИСЕФ арқылы, екінші пулын өндірушілердің тікелей өзінен немесе тендер жолымен аламыз. Мәселен пневмококты бактерияға қарсы вакцина «Pfizer» компаниясынан тікелей сатылып алынады. Сол секілді вакциналарды әлемдік деңгейде шығаратын ірі «Sanofi Pasteur», «GlaxoSmithKline» компанияларымен де келісімшарттарымыз бар», — деді Берік Шәріп Денсаулық сақтау министрлігінің Facebook парақшасында берген сұхбатында. Компания басшысы осы компаниялардың бәрінің алдына Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қоятын талаптары барын мәлім етті.

«Ең бірінші талап, әлбетте – сапа. Қазақстан келісімшартқа отырған компанияның кез келген вакцинасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының екінші реттік тексеруінен өтуі тиіс. Яғни, вакцина ДДСҰ-ның тексеруінен өткеннен кейін оны әлемде пайдалану георафиясы кеңейе түседі. Сол себепті біз сатып алған 9 вакцинаның бәрі де ДДСҰ-ның екінші реттік тексерісінен өткеніне, сонымен бірге қазақстандық қана емес, халықаралық деңгейдегі қауіпсіздік талаптарының бәрі де сай келетініне сендіргім келеді», — деді ол. Әйтсе де қоғамда «жеке клиникалардағы вакцина мемлекет ұсынатын вакцинадан едәуір сапалырақ» деген пікір де бар.

«Сапа жағынан вакциналардың бәрі бірдей. Сапасы төмен болса кез келген вакцина ДДСҰ-ның сынағынан өтпей қалар еді. Одан бөлек вакцина фармациялық қадағалауда да қаралады. Қазақстанға кіргізілетін вакцина алдымен тіркеу кезеңінен өтеді. Бізде Дәрі-дәрмектерді сараптау ұлттық орталығы барын білесіздер. Олар вакцинаны клиникалық сынақтан өткізіп, тиісінше оған қатысты бүкіл мәліметті тексереді. Екінші жағынан олар вакцинаның өзі неден тұратынын, шығарылған кезде қандай консерванттар қолданылатынын анықтайды. Яғни, осы тексеріс барысында белгілі бір қауіп анықталса аталмыш вакцина тіркеуден өтпейді. Сонымен қатар елге әкелінетін әрбір вакцина партиясы қауіпсіздік бойынша сертификаттаудан өтуі тиіс», — деді Берік Шәріп.

inform.kz 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *