Нұр-Сұлтан қаласында балаларды 1 сыныпқа қабылдау тәртібі белгіленді

89

Нұр-Сұлтан қаласының білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова жаңа оқу жылында 1-ші сыныпқа қабылдау, мектептен мектепке, сыныптан сыныпқа ауыстыру мәселесі қалай реттелетінін айтып берді.

«Балаларды бірінші сыныпқа қабылдау, мектептен мектепке, сыныптан сыныпқа ауыстыру қызметі EGOV.kz электрондық үкімет порталы арқылы автоматтандырылған. Ата-аналар порталдың «Білім беру» бөлімінде «Орта білім беру» бөлімін таңдау арқылы кіріп, өтініш беріп, қажетті құжаттарды тіркейді. Құжат тапсыру мерзімі – 15 минут. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны – электронды. Ата-ананың жеке кабинетіне баланы қабылдаған немесе қабылдамағаны себебі туралы хабарлама келеді», — деді Шолпан Қадырова Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Facebook парақшасында онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында.

Бірінші сыныпқа балаларды қабылдау үшін құжаттар тізімін толық өткізу қажет. Олар: баланың ата-анасынан (заңды өкілдерінен) өтініш (еркін түрде), баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі, бала денсаулығы паспорты (026/у-3 форма, 063/у нысан бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат), 3×4 көлеміндегі фото. «Ерекше білім беру қажеттігі бар балаларды білім беру ұйымдарына оқуға қабылдау үшін порталға қосымша педагогикалық-медициналық-психологиялық комиссияның қорытындысы электронды түрде (сканверсия, фото) заңды өкілдердің келісімімен ұсынылады. Сіздердің назарларыңызға тағы бір рет атап өткім келеді: мектептің қабылдау комиссиясы оқуға өтініш берген кезде басқа қосымша құжаттарды талап етпеуі тиіс. Құжаттарды қабылдау 2020 жылдың 1 маусымынан басталады. Жаңа оқу жылына дайындық мақсатында 17 тамыздан бастап мектептерде ата-аналардың қалауы бойынша ақысыз негізде жазғы мектеп жұмысын өткізу жоспарлануда», — деді ол.

Кез-келген өзгерістер туралы ақпарат ресми сайтта және әлеуметтік желілерде хабарланады.

www.inform. kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *