Нұртөре Жүсіп: Бұл Заң бұрынғы заңнан өзгерек

128

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заңға қатысты пікірін білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет», яғни халық үніне құлақ асатын мемлекет қалыптастыру туралы қағидаты дер кезінде қолға алынған бастама болды. Қазақстан осыған дейінгі даму жолында айтарлықтай реформалар жасады: елдің экономикалық, әлеуметтік, мәдени саласында көптеген өзгерістер болды, әйтсе де саяси тұрғыда біраз мәселе қордаланып та қалған еді, Президенттің халыққа Жолдауында атап өткендей, еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, экономикалық реформаларды табысты жүзеге асыру мүмкін болмайтын жағдай туындады. Мемлекет басшысы жиналыстарды, митингілер мен демонстрацияларды өткізу рәсімін жаңарту туралы мәселені осыдан тура бір жыл бұрын ұсынды», — деді Нұртөре Жүсіп.

Оның атап өтуінше, саяси реформаларды түбегейлі жаңғырту мақсатынан туындайтын бір мәселе — халықтың өз ұстанымын бейбіт жиналыстар арқылы білдіру мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейту. Бұл бір жағынан азаматтық қоғамның сұранысы десек те болады. Қолданыстағы заң 1995 жылы қабылданған болатын.

«Сенат қабырғасында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы қызу талқыға түскені белгілі. Сөйтіп, заң жобасы Мәжіліске кері қайтарылды. Таяуда Мәжіліс депутаттары митинг туралы заң жобасын қайта қарап, Сенат ұсынған түзетулер мен ескертпелерді қабылдады. Бұл нені көрсетеді? Қоғамда үлкен серпіліс жүріп жатыр. Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қатысты заң жобасы талай талқылаудан өтті. Заң жобасын дайындауға сол кездегі Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев көп жұмыс жасады. Ақпарат министрлігі заң жобасын әзірлеу барысында қоғамдық пікірді, әлеуметтік желілердегі саналуан пікірді терең зерделеді. Тиісті әлеуметтік зерттеулер жүргізілді. Қоғам болған соң қарама-қайшы пікірлердің болуы да заңды. Алайда, үздіксіз талқылаудан соң оңтайлы нұсқа жобасы жасалды. Заң жобасын әзірлеу барысында қоғамдық ұйымдар мен қоғам белсенділері қатты белсенділік көрсетті. Жаңа заңды әзірлеу процесінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі тарапынан да нақты ұсыныстар болды», — деді ол.

Сенатордың айтуынша, «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заңға қатысты Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» заң жобасына Парламент Сенаты енгізген өзгерістер мен толықтыруларды қолдады және «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» жаңа заң қабылданды.

ҚазАқпарат




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *