Рауан Кенжеханұлы: Қазақстанға ұлттық мектептің үлгісі қажет

1247

Бүгінгі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде айтқан ұсыныстарым.

Біріншіден, қазақстандағы білім берудің сапасын арттыруға басты кедергі – мектептің мүшкіл жағдайы деп ойлаймыз.

Нақтырақ айтсақ, Қазақстанға мектеп жетіспейді.

Қазіргі таңда Қазақстандағы  7 400 мектепте жалпы саны 3 жарым миллионнан аса оқушы бар.

Оның 70 пайызы екі ауысымда, 200 мың бала үш ауысымды мектепте оқиды.

Соңғы жылдары Қазақстан білім берудің мазмұнын жаңартуға көп күш салып, ілгері дамыған елдердің талаптарына бағытталды. Бірақ біз талаптарына ұмтылған ілгері дамыған елдердің ешқайсысында үш емес, тіпті екі ауысымда оқытатын мектеп жоқ. Ал сапалы білім беру үшін мектептің бір ауысымда жұмыс істеуі өте маңызды.

Біздің есебімізше, орта білім беру жүйесін толықтай бір ауысымға өткізу үшін Қазақстанға 3 мыңдай жаңа мектеп қажет.

Әрине, мұндай аса ауқымды мәселені мемлекет тек өз күшімен тез арада шеше алмайды.

Біздің ұсынысымыз – мектеп салуға жеке қорларды кеңінен тарту. Қазіргі мемлекеттік жеке меншік әріптестік құралы, және білім беруді жан басына бөліп қаржыландыру тетігі мектеп салуға жеке қаражатты, соның ішінде шетелдік қорларды тартуға мүмкіндік береді. Алайда, осы аталған тетіктер аясындағы бизнесті экономикалық тұрғыдан ынталандыру шаралары жеткіліксіз. Оларды қайта қарап, кеңейту қажет деп санаймыз.

Сонымен бірге, дағдарыстан кейінгі экономиканы жандандырудың бір амалы ретінде мектеп құрылысын да қарастыруға болар еді. Ауқымды мектеп құрылысының экономика мен қоғамға ұзақ мерзімде берері мол екендігіне кәміл сенеміз.

Тиісті есептеріміз бен нақты ұсыныстарымызды Білім және ғылым министрлігіне жолдадық.

Екіншіден, еліміздің білім беру саласында жүріп жатқан өзгерістер негізінен халықаралық талаптарды ескеріп, нақты ғылымдар мен технология, ағылшын тілін оқыту секілді бағыттарға басымдық берді. Сөзсіз, бұл өте маңызды және қажет.

Дегенмен де, білім берудің баршаға ортақ стандарттары, халықаралық ұйымдардың PISA секілді білім сапасын ортақ бағалау құралдары және ол ұйымдардың ақыл-кеңестері сайып келгенде әлемдік нарыққа әмбебап маман дайындауға, Қазақстан секілді елдірдің қабілетті балаларын дамыған елдерге тартуға, жалпы алғанда әлем азаматтарын тәрбиелеуге бағытталғаны айдын анық.

Әлем азаматы рухында білім мен тәрбие алған бала Қазақстанның нағыз жанашыр азаматы болып өсуі екіталай.

Сондықтан, Қазақстанға ұлттық мектептің үлгісі қажет деп санаймыз.

Нақты ғылымдар, технология және ағылшын тілімен қатар, тіпті одан бұрын қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстанның тарихы мен өлкетануы, ұлт өнері мен дәстүрін озық әдістеме негізінде жаңаша оқытатын, сол арқылы әлем азаматы емес, бірақ әлемнен хабары бар Қазақстанның азаматын тәрбиелейтін ұлт мектебінің үлгісін жасауды ұсынамыз.

Ондай мектептің бағдарламасын құрастыруға осы кеңеске мүше мамандар да үлес қоса алатынын білемін, өзім де белсене араласуға дайынмын.

Үшіншіден, білім берудің сапасын арттырып, әрі оны бар аймақта қолжетімді ету үшін қашықтан және онлайн оқыту технологияларын жүйелі түрде және кеңінен енгізу сұранып тұр.

Соңғы 10 жылда әлем бойынша қарқынды дамыған бұл технологиялар өз тиімділігін дәлелдеді. Әсіресе, өткен бірнеше айдағы, жаһандық карантин салдарынан жаппай қашықтан оқуға көшу бұл әдістің зор мүмкіндіктерін көрсетті.

Әрине, мектеп, колледж және жоғары оқу орындарын толықтай онлайнға өткізу міндеті тұрған жоқ, ол мүмкін де емес. Дегенмен де, әр оқушының жеке қабілеті мен мүмкіндіктерін ескере алатын, сол арқылы оқытудың тиімділігін арттыратын технологияларды білім беруге қазірдің өзінде енгізуге болады.

Ол үшін, алдымен қашықтан немесе онлайн оқытуды Қазақстанда ресми түрде танылған білім беру формасының қатарына қосып, оны білім туралы заңға кіргізу қажет.

Қашықтан оқыту технологиясын қолданатын оқу орындарына қойылатын әдістемелік және технологиялық талаптарды айқындап, оларға бөлек лицензия берген абзал.

Бұл мәселе шұғыл реттелмесе, өз елінде отырып, шетелдік оқу платформаларын таңдайтын Қазақстандық қашықтан оқушылар көбейеді. Қазірдің өзінде 30 мыңнан аса біздің оқушылар мен студенттер қазақстандық бағдарлама, стандарт пен талапты мүлде ескермейтін шетелдік онлайн мектеп пен университеттерде оқиды. Бұл мәселеге қатысты ұсыныстарымыз бен заңға енуі қажет толықтыру мен өзгерістер жобасын Білім және ғылым министрлігіне бердік.

Төртінші.

Тағы бір назар аударғым келетін мәселе балалардың жан саулығына қатысты. Атап айтсақ, мектеп оқушылары арасындағы суицид, яғни өзіне қол салу жиілігі. Өкінішке орай, бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан дүние жүзіндегі жағдайы ең нашар елдердің қатарында. Жыл сайын 170-тен аса қазақстандық жасөспірім өздерін өмірден айырады. Мамандардың есебінше, аяқталмаған және түрлі себеппен тіркелмеген суицидке талпыныс саны бұдан 20 есе көп. Ашыған айтқанда, балалар арасындағы мұндай жағдай – қоғам саулығының өте сорақы көрсеткіші.

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіз бұл мәселе туралы бірнеше рет айттыңыз. Тапсырма бердіңіз. Алайда, еліміздегі білім беру және денсаулық сақтау жүйелерін қамтитын, барлық деңгейде басшылыққа алынуы тиіс балалар арасындағы суицидтің алдын алуға бағытталған ортақ бағдарлама, не бірыңғай әдістеме әлі қабылданбады.

Біз өз тарапымыздан білікті қазақстандық және беделді халықаралық психолог мамандарды жұмылдырып, «Денсаулық және өмір дағдылары» атты арнайы бағдарлама дайындадық. Ондағы амалдар мен әдістер бірнеше аймақта сынақтан өтті. Қажет болса, бағдарламаны тиісті министрлікке тапсыруға дайынбыз. Тек ел аймақтарының барлығын, оқушылар мен ұстаздарды, психологтар мен ата-аналарды жан-жақты қамтитын белсенді іс-қимыл бастауды сұраймыз.

Айтылған ұсыныстар бойынша мамандармен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *