Әлеуметтік желіде пікір жазу мәдениетін білесің бе?

216

Жақында жастардың ең көп пайдаланатын «ВКонтакте» желісінде жік-жік болып «төбелесіп» жатқан жасөспірімдердің үстінен түстік. Егер бетпе-бет келсе, шынымен төбелесіп, қан-жоса болатындай құдды. «Әйел теңдігі» туралы тақырыптан басталған әңгіменің ә дегеннен негізгі тақырыбы ұмытылып, бір-бірінің ар-намысын таптап, «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып» жатқан жасөспірімдердің әрекетінен төбе шашым тік тұрды.

Ашу-ыза, кек, адамның ойына келіп болмайтын боқтық сөздерді қарша боратып жатыр. Бесіктен белі шықпаған жас балалар бетімен кеткендей көрінді, шынын айтсақ. Әлеуметтік желіні пайдаланудың, пікір білдірудің өз мәдениеті мен ережесі бар. Буыны қатпаған балаларды былай қойғанда, ересектер де әлеуметтік желіде пікір жазу мәдениетін сақтай алмайды. Әлеуметтік желі – жағымсыз эмоция шығарудың, пікірін тықпалап, аудиторияны «мойындата» алатындардың, танысын-танымасын дауласып, ұрсыса кететіндердің үлкен алаңына айналды. Ал бұл жерден тәрбие мен мәдениет іздеудің өзі артық сияқты. Отбасылық психотерапевт Сәлима Сатылғанқызының айтуын­ша, ашу-ызасы көп, айналасына, өзіне көңілі толмайтын адамдар әлеуметтік желіде жағымсыз пікір жазғыш болып келеді. «Шынын айтсақ, мұның түп-тамыры тереңде әрі саласы да көп, – дейді маман. – Егер жалпылама айтатын болсақ, екі себеп болуы мүмкін. Біріншісі – қоғамда өз орнын таппаған адамдар. Яғни сәби кезінде анасының жылулығын, махаббатын көрмеген. Өзге адамдарға деген қарым-қатынасын жеккөру, көңілі толмау арқылы көрсетеді. Екінші сипаты – өзінің бар екенін көрсету… Екі көрші болыпты. Бірі еңбекқор, бау-бақша өсіреді, мейірімді. Ал екіншісі жалқау, ештеңе істемейді, өзгергісі де келмейді. Бір күні осы көрші мейірімді көршісінің үйінің алдына қоқыс апарып тастайды. Ал мейірімді көрші қоқысты жерге көміп, ыдысын тазалап жуып, көп жеміс-жидек салып, қаскүнем көршісіне апарып береді. Қаскүнем таңғалып: «Мен сенің қақпаңа қоқыс апарып қойдым ғой», – дейді. Сонда жаңағы көршісі: «Әркім өзінің ішіндегісімен бөліседі», – депті. Бас-көз демей жағымсыз пікір жазатын адамдардың сипаттамасы осы мысалға келіп тұр.

Адамның адам болып қалыптасуында отбасы қатты рөл ойнайды. Бала дүниені анасы арқылы таниды. Жүкті кезінде мойнына артып алған жүгі, көңіл-күйі, аһілеп-уһілеуі балаға қатты әсер етеді. Егер анасы зардап шеккен, көзінде мұңы бар әйел болса, бала «әлем мені жақсы көрмей жатыр» деп ойлайды. Бұл түпкі санада жатқан нәрсе. Мұны саналы түрде түсіну мүмкін емес. Бала бір жарым, екі жасқа дейін әлемді анасы арқылы көреді. Үш жастан бастап бес жасқа дейін әкесін қабылдайды. Отбасында бауырларының, ата-анасының қысымын көрген болса, өсе келе ашу-ызасын айналасындағы адамдарға шығарады. Қысқасын айтқанда, жан дүниесінде не қалыптасты, сонымен ғана бөліседі. Ал позитив адамдар ондайларды оқымайды да, араласпайды да, тіпті уақытын да жұмсамайды».

Ал мұндай адамдарды қалай тоқтатуға болады? Олар өмір бойы біреуге тіл тигізіп өте ме? Әлде өзгеріп, қателескендерін мойындай ма? Сондай екенін біле тұра, өзін ұстай алуы мүмкін бе? «Мұндай адамдарды тоқтату үшін, алдымен негативті қабылдамай үйрену керек. Мысалы, сізге біреу сыйлық алып келгенде ол сыйлықты алсаңыз, сіздікі болады. Ал қабылдамасаңыз, иесінде қалады. Жағымсыз пікір жазғыштардың алдында ақталып, дәлелдеп жатудың керегі жоқ, – дейді Сәлима Сатылғанқызы. – Ондай адамдарға аяушылықпен қарау керек. Сосын жағымсыз пікірлеріне жағымсыз сөз қайтармау керек. Үріп жатқан итке қарсы үрмей, оны айналып өту керек немесе кері бұрылып кетіп қалу керек. Былайша айтқанда, отқа от емес, су болған абзал. Өкінішке қарай, ондай адамдар өзінің іші ашу-ыза мен кекке толы екенін білмейді. Мысалы, маскүнем отбасына орасан зор қиындық тудырып, қоғамда да белгілі бір орны жоқ екенін білсе, жаман жолға түспес еді. Алайда олар өздерінің сондай зиянкес екенін түсінбейді. Алдыма келген маскүнемдерге «ішімдік ішесіз бе?» деп сұрасам «жоқ, ішпеймін, тек мейрамдарда ішемін» деп мойындамайды. Әлеуметтік желіде ойына келгенін жазатындар да дәл солай, өзінің қатесін мойындай алмайды. «Мына сөзіммен жүрегін ауырттым-ау» деп ойлайтын адам психологиялық тұрғыдан жетілгендер. Оларды жаңағындай адамдармен салыстыруға келмейді. Психологиялық тұрғыдан жетілген адамдар өзінің шекарасына ондай адамдарды кіргізбеу керек екенін біледі…» – дейді отбасылық психотерапевт Сәлима Сатылғанқызы.

Маманның пікіріне қарағанда, «ВКонтактеде» бір-бірін шиедей жасап жатқан жастардың әрекетінің себебін алыстан іздемесек болады екен. Қараусыз қалған бала мәдениеті төмен ересекке айналатыны онсыз да белгілі емес пе?

Дегенмен қазір біреудің ар-намысына тиіп, қорлай салу қаншалықты оңай болса, соған лайық жазасы да ауыр болмақ. Біреудің жеке өміріне қол сұғып қана қоймай, оны жариялап, жұрттың алдында талқылау да арнайы баппен қаралады. Алайда көп адам осыны ескере бермейтін сияқты. Ескере бермейді дейміз-ау, білмейді дегеніміз дұрыс болар. Айталық, жала жауып, басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiру – Қылмыстық кодекстің 130-бабы бойынша қаралады. 131-бап бойынша қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiн әдепсiз түрде кемсiткендердің ісі қаралса, адамның жеке және отбасылық құпияларын заңсыз жария ету, өзінің лауазымын пайдалана отырып, жеке адам туралы және оның отбасы туралы мәліметтер жинаған, отбасының құпиясын бұзған адамның әрекеті Қылмыстық кодекстің 147-бабы бойынша жазаланады. Ал әлеуметтік желіде ойына келгенін жазып отыратындар заң бұзып отырғанын, үш бірдей баппен жазаланатынын білмейтіні өкінішті!

Б.Мұратқызы

«Ақ желкен» журналы, №5
Мамыр, 2020

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *