Жаңа заңнамалық нормалар парламенттік оппозицияға кепілдік береді — Мәулен Әшімбаев

379

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев парламенттік оппозицияға кепілдік беретін заңнамаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.

«Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында бірқатар саяси реформалар ұсынғанын білесіздер. Бүгін біз соның аясында әзірленген маңызды екі заң жобасын қабылдап отырмыз. Соған сәйкес, елімізде демократиялық үрдістерді ары қарай дамыту мақсатында – қолданыстағы заңнамаға «парламенттік көпшілік» және «парламенттік оппозиция» ұғымдары кіргізіліп отыр», — деп тоқталды М. Әшімбаев Сенаттың жалпы отырысында.

Осы орайда ол заңнамалық нормалар парламенттік оппозицияға кепілдік беретінін атап өтті.

«Заңмен Мәжіліске сайланатын парламенттік оппозицияның өкілеттіктері және олардың жұмысын қамтамасыз ету тетіктері нақты айқындалды. Мемлекет басшысының ұсынысымен қабылданған жаңа заңнамалық нормалар елімізде парламенттік оппозицияға кепілдік береді, сондай-ақ Қазақстандағы кәсіби парламентаризмнің жаңа кезеңіне жол ашады деп сенеміз», — деді Сенат Төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Сенатың жалпы отырысында «ҚР Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңы, сондай-ақ «ҚР Парламентiнiң комитеттерi мен комиссиялары туралы» Заңына парламенттік оппозиция мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Заңы қабылданды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *