Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған қаралы митинг болмайды

146

Биыл Алматы облысында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған қаралы митинг болмайды. 31 мамырда жыл сайын ұйымдастырлатын шара биыл карантинге байланысты өтпейтін болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісіне сілтеме жасаған Kazgazeta.kz.

Жыл сайын 31 мамырда Жаңалық ауылына елдің әр өңірінен ғана емес, осында жерленген туыстарына құрмет көрсету үшін шетелден де азаматтар келетін. Ресми дерек бойынша, тек осы ауылда Сталин мен Голощекин жүйесінің құрбаны болған 4121 адам жерленген.

Сонымен қатар мұнда Алматыдағы НКВД-ның үлкен жертөлесінде ешқандай сотсыз, жаламен атылған І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Б.Майлин, С.Асфандияров сынды алаш зиялылары жерленген.

«Күніне отыз адамнан атып отырған. Ол жерде осыдан бір жарым жыл бұрын ашылған музей қазір карантинге байланысты жабық тұр. Биыл үлкен іс-шаралар ұйымдастырып, тарихи дүниелер атқаруды жоспарлаған едік. Солардың бірі — 19 комиссарға ДНҚ жасатып, осы Жаңалықа әкеліп қайта жерлеу еді. Конференция өткізіп, жоспарларды бекіту сынды көптеген жұмыстар болған. Оған пандемия кедергі боп тұр. Қаралы митинг те болмайды», — деді Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің директоры Әнес Ғарифолла.

Алаштанушы ғалым ақтаңдақтарды зерттеу жұмыстарының әлі де көп екенін айтады. Жаңалық ауылындағы үйлердің аулаларынан табылған адам сүйектерін де осы ескерткіштің жанына қайта жерлеу жоспарда болған.

Музей мен ескерткіштің жалпы аумағы 17 гектарды құрайды. Оның 2 гекарын аллеяға айналдырмақ.

Қазақ АССР-ның құрылғанына биыл 100 жыл

1920 жылдың 26-тамызында Қазақ АССР жарияланды. Әлімхан Ермеков, Халел Досмұхамедовтар бастаған алаштықтар Мәскеуде бір жыл жұмыс істеп, Ленинге шекараны бекіттіріп, Қазақстанды бөлек автономия қылды. Әнес Ғарифолланың айтуынша, егер жеке автономия болмағанда сол кезде Өзбекстан мен Ресейдің құрамына қараған облыстарды қайтарып ала алмаған болар едік. Ал автономия жарияланғанда Ұзақбай Құлымбетов бастаған 19 комиссар сайланған. Олардың барлығы атылып, сүйектері Боралдайдағы Қандысайда жатыр.

 «Біз осы алаштықтарды айтқанда зерттеудің бетінде ғана жүрміз. Голощекин 1925 жылдың қыркүйегінде Қазақ АССР басқаруға келді де содан бастап Жүсіпбек Аймауытовтардың үстінен іс қозғап, қудалаумен болды.1928 жылы байларды тәркілеу басталды. Бір жылдың ішінде ғасырларға жалғасқан салтты бұзып, ұйымдастыру басталды. Түрлі салықты көбейтіп, 46 миллион малдан 4 миллион ғана мал қалды. 1929-1931 жылдар аралығында Шұбартау, Балқаш, Сарысу, Адай, Созақ сынды 15 ірі көтеріліс басталғанда қызылдар мыңдаған адамды аяусыз қырды. Олардың бәрін 59 бап, яғни бандит деген желеумен атты. Өлетінін білген ел көтеріліске өз кебіндерін киіп шыққан. Ал осы миллиондаған малы бар қазақ даласындағы 800 байды 107 баппен соттап, көзін құртты. Ақырында аштық басталып, ел босып тағы қырылды. Міне, біз осы сотталған байлар мен банды деген жаламен атылғандарды да зерттеп, ақтауымыз керек», — дейді Әнес Ғарифолла.

Ғалым Қазақстанды басқарған азаматтардың 95% атылып кеткенін айтады. Оның сөзінше, ату мен аштықтан қырылған 4 жарым млн адамның тізімін анықтау жұмысы тұр. Биыл қаралы митинг болмаса да жазықсыз атылған алаштықтарды еске алуға, бабасына құран оқытуға келген адамдар арнайы саябаққа кіре алады.

«Коронавирус індетіне байланысты Жаңалықта биыл ешқандай ресми шара өтпейді. Ескерткішке гүл шоқтарын қою үшін жекелеген адамдар келсе оларға біз бөгет жасамаймыз. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттетуге арналған музей қазіргі таңда жұмыс істемейді», — деді  Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жукел.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *