Мұғалімдер қағазбастылықтан арылып, басқа  жұмысқа тартылмайды

191

Түркістан облысының мектеп мұғалімдері «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясында қағазбастылықтан арылып, кәсіптік міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тартылмайды.

Егер де ондай жағдай орын алса, мектеп басшылығын жауапкершілікке тарту қағидаттары қарастырылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Бақытжан Мұхамеджанов мәлімдеді.
«2019 жылдан бастап «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданды, департамент тарапынан барлық білім беру ұйымдарында заң қағидаттарын сақталуын бақылаймыз. Орта білім беру ұйымдарының мұғалімдері оқу жылында 4 құжат дайындайтын болса, қазір күнделікті екі құжатты ғана жүргізеді. Егер мұғалім тәлімгер болса, оқу жылы басында жас маманмен жұмыс жоспарын дайындайды. Бұйрық бойынша сынып журналы орта білім беру ұйымының сынып журналы электрондық жүйеге қосылған жағдайда тек электрондық форматта толтырылады. Кейбір білім беру ұйымдарында электрондық журналмен қоса қағаз түрінде де жүргізіледі. Аталған бұйрық ұстаздарды артық қағазбастылықтан босатып, тікелей қызметтік міндеттерімен айналысуға мүмкіндік береді, яғни білім сапасын көтеруді, балалармен жеке жұмыс жүргізуді жоғары деңгейде қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді департамент басшысы.
Мұғалімдерден тізімге енгізілмеген құжаттарды сұрату — ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының талаптарын бұзуға әкеліп соғады. Талап етуші адамға қатысты ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы» Кодексімен жауапкершілікке тартылады.
Сонымен қатар, ҚР заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогтерді кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартқан үшін және тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндеті жүктелген үшін жауапкершілікке тарту қағидаттары қарастырылған. Мұғалімдердің кәсіби міндеттеріне кірмейтін жұмыс түрлеріне тарту, қызметтік міндетінде қамтылмайтын мәселелері бойынша ақпарат немесе есеп талап ету фактілері бойынша арыз түскен жағдайда, аймақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті дәлелдеме негіздері болған жағдайда әкімшілік іс қозғайды. Қажет болған жағдайда құқықбұзушылыққа қатысты тексеру жүргізеді. Осындай дерек орын алған бірнеше мектеп директорына қатаң сөгіс жарияланған.
Департаменттің әлеуметтік желілердегі парақшаларына сәуір, мамыр айларында Facebook желісі бойынша 6 өтініш, Telegram каналының «Фаворит-калькулятор» чатынан 6 өтініш, Instagram желісінің «edu_news_kz» аккуантына 3 өтініш, WhatsApp бойынша 2 өтініш түсіп, заңға сәйкес жазбаша түсіндірме берілді. Құқығы бұзылған ұстаз кез келген уақытта 8701 101 6871, 8707 806 48 07 нөмірлеріне хабарласуларына болады.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңда ұстаздардың еңбек демалысын 42 күннен 56 күнге ұзарту көзделген. Сондай-ақ, биыл жоғары білімі бар кадрларды (бакалавр) даярлауға 53 864 грант бөлінген. Ғылыми-педагогикалық магистратура бағытына 12915, бейінді магистратураға 710 және PhD докторларын даярлауға жалпы 2 355 грант бөлінген.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *