Нұрлан Нығматулин: Кез келген азамат ауылына интернеттің қашан келетінін біліп отыруы керек

159

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин кез келген азамат өз ауылына интернеттің қашан келетінін біліп отыруы керектігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айта кетсек, Мәжілісте бүгін ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендерде интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралған болатын.

«Асқар Қуанышұлы (Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жұмағалиевқа) ауылдарға интернет тарту туралы ақпарат мемлекеттік құпияға жата ма? Жоқ десеңіз сіздің министрлігіңіз Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі секілді жұмыс жүргізе ала ма? Мәселен ол министрлік жұмысты реттеді. Яғни қазір кез келген азамат олардың ақпарат көзіне кіріп, қай жылы қандай жолдың жөнделетінін біле алады. Қазақстанның телекоммуникациялық картасының жұмысы да осындай болуы керек. Халық саны 250-ден асатын немесе аспайтын ауылдар туралы айтып жатырсыздар. Алайда ондай елді мекендегі адамдар өз ауылына интернет қашан келетінін білуі тиіс. Түсінікті ғой? Бұл ақпарат құпия емес пе?» — деп сұрақ қойды Асқар Жұмағалиевқа Нұрлан Нығматулин. Бұл сұраққа «құпия емес» деп жауап берген министр маусым айының соңына дейін «Цифрлық картаны» әзірлеу жұмысы аяқталатынын жеткізді. Нұрлан Нығматулин өз кезегінде әріптестерін министрдің уәдесін ұмытпауға шақырды.

«Ол біздің алдымызда картаның жұмыс істеп тұрғанын жариялауы керек. Кез келген ауылдағы халық, кез келген азамат өз ауылына интернет қашан келетінін біліп отыруы тиіс», — деді Нұрлан Нығматулин.

inform.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *