Іле-Алатау ұлттық паркінде сирек кездесетін Сиверс алмасының жүз көшеті отырғызылды

224

Іле-Алатау ұлттық паркінде орналасқан Аюсай тау шатқалына Алматы қаласының экологиялық қоғамдастығының өкілдері ғалымдар Жердегі барлық алманың арғы атасы деп есептейтін Сиверс алмасының 100 көшетін отырғызды.

Көшеттерді отырғызу акциясы Іле-Алатау паркінің түрлі шатқалдарында бұрын бірқатар туристік соқпақтарды, жаяу жүргіншілер көпірлерін және туристік инфрақұрылым объектілерін мемлекет тарапынан қаражат тартусыз жайландырумен айналысқан Ұлттық саябақтарды қолдау жөніндегі қоғамдық қор басшысы Сергей Спицынның бастамасымен ұйымдастырылды. Акцияға экологиялық қоғам өкілдері қатысты, олардың арасында «Табиғат» Қазақстан қауымдастықтары мен кәсіпорындары экологиялық одағының жетекшісі Мэлс Елеусізов, «Қазэкология» республикалық ғылыми-өндірістік және ақпараттық орталығының басшысы Амангелді Сқақов, сондай-ақ табиғатқа бей-жай қарамайтын Қазақстан азаматтары болды.

Сиверс алмасы бірнеше мың жыл бойы Іле Алатауы, Қазақстанның оңтүстігі мен шығысындағы тауларда өседі, ол Қызыл кітапқа енген және экологтардың пікірінше, оны сирек кездесетін түр, сонымен қатар аймақтың және тұтастай елдің символы ретінде сақтау және одан әрі жандандыру үшін қорғау мен ауқымды жұмыс атқарылуы қажет.

— Біздің адамдардың көбі үшін ұлттық паркке бару – бұл кәуап және ішімдікпен саяхат жасау. Мұндай демалыстан кейін үймелеген қоқыс пен кесілген ағаштар қалады, мұндай көрініске барлығымыз бірнеше рет куә болдық. Ұлттық паркке барудың шетелдік тәжірибесі басқа – бұл ең алдымен, жануарлар мен өсімдіктердің өмірі туралы ақпарат алу, бақылау және пайымдау, сондай-ақ жауапкершілігі бар экологиялық туризм, — деп атап өтті Мэлс Елеусізов.

Сонымен қатар, акция барысында айтылып өткендей, Іле-Алатау ұлттық паркіне келушілермен ағарту жұмыстарын жақын арада жаңаша ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жақында Аюсай шатқалында қазіргі заманғы экологиялық визит-орталық пайда болады, онда келушілерді Ұлттық паркте қандай өсімдіктер өсіп, қандай жануарлар мекендейтіні туралы хабардар ету жұмыстары басталады. Балалар үшін қызықты сабақтар мен ересек келушілер үшін экскурсиялар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта бар және жаңа жолдарды қайта ұйымдастыру, оның ішінде айналма жаяу жүргіншілер жолдарын құру жоспарлануда, келушілер маршруттың ұзақтығы мен күрделілігі туралы қажетті барлық ақпаратпен, навигациямен, демалуға арналған орындармен және көрініс алаңдарымен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте барлық жолдар тегін болмақ, визит-орталыққа бару үшін ешқандай қосымша ақы алынбайды.

— Біздің акциямыздың идеясы – ұлттық парк визит-орталығының жанында жақын арада осы шатқалға дәстүрлі түрде келетін Сиверс алма бағының бой көтеруіне септігімізді тигізу, мұндай жағдайда келушілердің саябақтың флорасымен танысып, демалуына, ал оқушылардың экологиялық тәлім-тәрбие бойынша сабақ алуына мүмкіндігі болады, – деді акцияны ұйымдастырушы Сергей Спицын.

Отырғызуға арналған көшеттер Іле-Алатау ұлттық паркінің тәлімбағынан алынды, оның міндеті – сирек эндемиялық өсімдіктерді өсіру және қалпына келтіру. Акция Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің қолдауымен өтті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *