Аты аңызға айналған Алматының апортын жаңғырту: кәсіпкерлерді қолдау және алма бақтарын ұлғайту қалай жүргізілуде

149

2019 жылы 29 қазанда Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Алматы қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Қазақстан Президенті қаладағы алма бақтарын жөн-жосықсыз кесуге тыйым салу туралы тапсырма берді, — деп хабарлайды ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Үкіметке заңсыз кесілген әр ағаш үшін отырғызылатын 5 ағаштың көлемін 80 ағашқа дейін арттыруды жүктеді. «Біздің қаламыздың басты символы – аңызға айналған апорт пен ботаникалық бақты қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет», – деп тапсырған еді осы кеңесте Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Президент «Көктөбе бөктерінде шашылып жатқан алма ағашының көшеттеріне қатысты оқиға еш сын көтермейтіндігін» де атап көрсеткен болатын. Қазіргі уақытта осы тапсырманы орындау бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Соңғы жылдары қолға алынған апорт алмасын жаңғырту жұмыстары қандай нәтижесін беруде? Алманың отаны саналатын Алматы өңірі Қазақстан халқын алма өнімдерімен толық қамтамасыз етіп отыр ма? Алма өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті жою үшін не істелуде? Бұл туралы Рrimeminister.kz шолу материалынан оқыңыздар.
Қазақстан тарихы порталының мәліметі бойынша, Алматының апортын алғаш рет Мәскеуге Романовтар әулетінің 300 жылдығына қазақтың үш жүзінен барған ақсақалдар алып барып, апорттың бұл түріне Ресей патшасының құрметіне “Александр” атауын берген. Сөйтіп, әрқайсының салмағы 1,2-1,3 келі шыққан апорттың даңқын бүкіл әлемге жайған. Қазір Қазақстанда апорт алмасының 19 түрі өсіріледі.

Жарты ғасыр бұрын Алматы облысында апорт алмасы өсірілген бақтардың аумағы 6,2 мың гектардан асқан, ал бүгінде оның аумағы небәрі 1,5-2 мың гектарды құрайды, өйткені 1990-шы жылдары көптеген алма бақтары қараусыз қалып, оталып, тіпті жойылып та кетті. Тек арада 20 жыл өткен соң жергілікті кәсіпкерлер алма бақтарын қайта жаңғыртуды қолға ала бастады.
Бүгінгі таңда Алматы облысында апорт сортын өсіретін алма бақтарының жалпы аумағы 2 мың гектарды құрап отыр, оның ішінде жеміс беретіндері — 743 га. 2019 жылы бір гектардан 88,5 центнер алма алынып, жалпы өнім көлемі 6,6 мың тоннаға жетті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *