Ақшаны сауатты пайдалана аламыз ба?

187

Жақында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) Қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасын қабылдады. Бұл тұжырымдама 2020-2024 жылдар аралығындағы кезеңді қамтиды.

Айта кету керек, Үкімет пен Ұлттық банк осы жолы тұжы­рым­даманы дайындауға үлкен дайындықпен келгені байқалды. Қабылданғанға дейін ол тәуелсіз сарапшылар кеңесінің талқы­лауынан өтті, пысықталды, тіпті сыртқы білікті талдаушылар мен сарапшы-мамандардың пікірлері де ескерілген.
Ең бастысы, жаңа тұжырым­дама бойынша кез-келген қаржы ұйымдарымен мәміледе алдымен қаржылық сауаттылыққа барынша басымдық берілмек. Өйткені, халық өз құқын қорғауға дәрменсіз болса, оны алдап-арбаудың миллион түрлі тәсілі бар екені бесенеден белгілі жайт. Жаңа жағдайда банк пен салымшының байланысы, тіпті несие алу мен қайтару мәдениеті де жүйелі сипат алады деген үміт нығая түскендей. Халық пен банк арасындағы сенімсіздік синдромын жаңа тұжырымдама жібітеді деген сенімді сарапшылар да растап отыр. Басқаша айтқанда, қоғамның қаржылық сауаттылығының деңгейі көте­рілсе, мемлекет екінші дең­гейлі банктердің халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуіне барынша қолдау көрсетпек.
Сарапшылар мәлімдеуінше, қазір қарапайым халықтың қаржылық сауаты кемшін түсіп жатыр. Бұл фактор күнкөрістен артылған қаржысы қор жинауға мүмкіндік беретін әрбір үшінші отандасымыздың ақшасын сан­­дықта сақтауға мәжбүрлеп отыр, дейді олар. Басқаша айтар болсақ, жиған-тергені құнсызданып кетеді деген қорқыныш халықтың санасына дендеп енген сыңайлы.
Шындығына келсек, халық­тың қаржылық сауаты сын көтермейтінін Ұлттық банк те, қаржы ұйымдары да осыған дейін сан мәрте қайталаумен келеді. Мұны сан алуан «қаржы пирамидаларының» кесірінен болған талай жайсыз жағдайлар да айқын дәлелдей алады. Алданған салымшыларды құтқарып алуға мем­ле­кеттің құзыреті жете бермейтінін, бір ғана қолдан келері: алаяқтарды заңды түрде жауапқа тартып, жоқ дегенде, кейде тіпті елден аластатумен ғана шектеле аларымызды түсінетін кез жеткен сияқты. Ішкі нарықта кездесетін алаяқ ұйымдардың түбін тексерсең, батыс елдерінен шығатыны белгілі. Қылмысы дәлелденсе де, олар өз елінің заңымен ғана жауапқа тартылады.

АГЕНТТІК ІС-ҚИМЫЛЫН  ЖАНДАНДЫРА ТҮСКЕН

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілі А.Тереньтев «пирамидалар» жауапкершілігі шектеулі кооперативтік ұйым ретінде әртүрлі коммерциялық және инвестициялық жобаларымен елдің алдына шығатынын, олар 1990-2000 жылдардағы қаржы пирамидасымен салыстырғанда заманға бейімделіп алғанын айтады. Ол: «Салым түрінде қаражат тарту немесе қаржы құралда­ры­на инвестициялар салу – екінші деңгейдегі банктер, ұлттық пош­та операторы және бағалы қағаз­дар нарығының кәсіби қатысу­­шылары жүзеге асыратын лицен­зияланған қызметке жатады. Ли­цензияланған ұйымдар туралы ақпарат агенттіктің интернет-ресурсында бар», – дейді.
Әйтсе де, дәл қазір жағдай өзгергенімен, банктегі кез-келген салымды мемлекет кепілдендіретін қор бар екенін, оның өзге елдерде осы бағытта жұмыс істейтін ұйымдармен интеграцияланып жұмыс істейтінінен бәрінің бірдей хабары бар деп тағы да айта алмаймыз. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның депозиттерге кепіл­дік беру қоры (ҚДКБҚ) – Депо­зит­терді сақтандыру жүйелері халықаралық қауымдастығының (IADI) мүшесі.
Жалпы алғанда, әлемдік тәжірибелерге негізделген әдіс­теме мен нұсқаулықтарды әзір­леу, ілгерілету және халық­ара­лық кәсіби қоғамдастық аясында ынтымақтастықты дамыту арқылы жүзеге асырылады. Бү­гінде қауымдастық 110 ұйымды біріктіріп отыр. Соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Еуропа, Азия-Тынық мұхиты және Латын Америкасы елдерінің депозиттерді сақтандыру ұйымдары, орталық банктері және халықаралық дең­гейдегі қаржы ұйымдары бар.
Ашығын айтқанда, қаржы секторындағы 1990 жылдар мен қазіргі жағдайдың арасы жер мен көктей. 2000 жылдардың бас кезінде кейбір банктер жабылып қалғанда, салымшылардың қаржысы мемлекет кепілдендіретін қор арқылы қайтарылды. Бүгінде ішкі нарықтағы банктердің бәрі сол қорға мүше. Егер банк банкрот болса, салымшылардың қаржысын қайтару үшін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында жинақтау негізінде арнайы резерв құрылған. Бұл депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің үш ай сайынғы жарналары есебінен толығып отырады. Қор өкілдері қажет жағдайда кепілдік берілген өтемді төлеу үшін Қордың меншікті қаражаты да пайдаланылуы мүмкін екенін айтады.

ҚДКБҚ-ДА АРНАЙЫ  РЕЗЕРВ ҚҰРЫЛҒАН

«2019 жылдың соңына қарай ҚДКБҚ арнайы резервінде 495 млрд теңге, ал Қордың меншікті капиталын ескере отырып 604 млрд теңге жинақталған. Бұл сома тұрғындарға тиесілі депозиттерінің шамамен 7 пайызын өтейді», дейді қор өкілдері осы мәселеге түсінік бергенде. Халықаралық стандарттарға сәйкес депозиттерді қорғау жүйесінің резервтері бүкіл қаржы жүйесінің депозиттік базасын өтеуге емес, күтілетін залалдардың деңгейіне сәйкес болуы керектігін ұмытпаған жөн.
Төлемдерді қамтамасыз ету үшін Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорында жинақтау негізінде арнайы резерв құрылған. Жоғарыда атап өткеніміздей, ол депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы банктердің үш ай сайынғы жарналары есебінен толығып отырады. Одан басқа, қажет жағдайда кепілдік берілген өтемді төлеу үшін қордың меншікті қаражаты да пайдаланылуы мүмкін. Қордың меншікті қаражаты сақталуы барынша жоғары, ал құнсыздану тәуекелі ең төмен қағида бойынша инвестицияланады. 2019 жылдың соңына қарай ҚДКБҚ арнайы резервінде 495 млрд теңге, ал қордың меншікті капиталын қосқанда – 604 млрд теңге жинақталған. Халықаралық стан­дарттарға сәйкес депозиттерді қорғау жүйесінің резервтері бүкіл қаржы жүйесінің депозиттік базасын өтеуге емес, күтілетін залал­дар­­дың деңгейіне сәйкес болуы ке­рек­тігін естен шығармаған абзал.
Сарапшылар қаржылық са­уаттылыққа, ең алдымен, халық­тың өзі мүдделі болуы керектігін айтады. Күні кешеге дейін қаржы сауатын ашатын бағдарламалар мен газет-журналдардағы, басқа да басылымдардағы ақпараттар қарапайым халық үшін жеткіліксіз деген себептер айтылып келді. Бұл фактор алданып қалған немесе несие алатын кезде келісім-шарттарды оқымай, барлық шарттардың маңызды бөліктеріне көзді жұмып, қол қоя салатын салымшыларды да еш ақтай алмайды. Қазіргідей ақпараттық технологияның мейлінше дамы­ған заманында өзіңе қажетті ақпаратты ғаламтордың кез-келген түпкірінен суырып алуға болады. Тек құқыңды қорғауға төтеп беретін ерік-жігерің мен ықыласың берік болса болғаны. Халықтың қаржылық сауаты банк несиесі немесе депозит несиесі туралы келісім-шарттарға қол қояр сәттен басталатынын да сарапшылар жиі қайталайды.
Қоғамның қаржылық сауат­тылығы Үкіметті де, Ұлттық банк­ті де толғандыратыны түсі­нік­­ті. Олар бүгінге дейін бұл мәсе­лені кезең-кезеңге бөліп, оның деңгейін көтеруге қатыс­ты ұстанымын нақты және көп­шілікке түсінікті құжаттармен айқындап та келді. Халықтың қар­жылық сауатын көтеруге бағыт­­талған тұжырымдаманы іске асыру қаржылық қызметтерді тұ­тыну­­­­шылардың білімін, олардың құқық­­тары мен мүдделерін қор­ғау­ды жақсарта түседі деген үміт зор.
Соның айғағындай, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020-2024 жылдарға арналған Қаржылық сауаттылықты арттыру тұжырымдамасын журналистер мен сарапшылар назарына ұсынды. Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі Қаржы қызметтерінің тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің директоры А.Терентьев онлайн жиында қаржылық қызметтердің қарқынды дамуы, бөлшек сауда өнімдерін онлайн форматқа және жаңа цифрлы технологиялар­ға айналдыру, күрделі және бір уақытта тәуекелді қаржы құралдарына сұраныстың артуы халықтың қаржылық сауатын да көтеруді қажет ететінін айтты. Халықтың қаржылық білімін арттыру – қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің негізгі элементі, ол халық пен бизнестің қаржылық қызметтерге үздіксіз қол жеткізуіне жол ашады. Сондай-ақ бұл азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеруге, жеке инвесторлардың қаражатының ел экономикасына түсуіне, қаржы нарықтарындағы бәсекелестіктің дамуына, қаржылық тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын жақ­сартуға да көмектеседі. «Қаржы­лық сауатты арттыру тұжы­рымдамасын әзірлеу – білім беру мен хабардар ету арқылы халықтың экономикалық тұрғы­дан ұтымды мінез-құлқын қалып­тастырудың, сол арқылы оның әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын, соның ішінде қаржы нарығының қызметтерін пайдаланып арттырудың жедел және қажет шарасы. Тұжырымдаманы іске асыру қаржылық қызмет­терді тұтынушылардың қаржы­лық білімін жетілдіруге, қаржы жүйесіне деген сенімді арттыру­ға мүмкіндік береді», – деп қоры­тындылады аталмыш жиындағы сөзін Александр Терентьев.
Мына мәселеге де айрықша тоқтала кеткен орынды. Атап айтқанда, 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдама Мемлекет басшысының халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бағдарламасын әзірлеу қажеттілігі туралы тапсырмасын орындау мақсатында дайындалды. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Қазақстан Республикасының Жол картасын қаржыландыру және қар­жылық саясатты ұлғайту страте­­гиясын іске асыру жөнін­дегі ұсыныстарына сәйкес әзір­ленген. Тұжырымдамада басым­дықтар, мақсаттар мен міндет­тер, мақсаттарға тиімді қол жет­кізу және халықтың қаржы­лық сауаттылығын арттыру сала­сындағы проблемаларды шешу жолдары, мақсатты аудито­рия­лар, тақырыптық фокустар және 2020-2024 жылдарға Қазақ­стан халқының қаржылық сауатты­лығын жүйелі түрде арттыру үшін қолда­нылатын құралдар айқын­далған.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ,

«Tengemonitor»  республикалық экономикалық апталығы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *