ҚазҰУ-да 2021 жылы жаңа студенттер үйі қолданысқа беріледі

1013

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың жаңа студенттер үйінің алғашқы тасын қалау рәсімі өтті. Бұл университеттегі он жетінші студенттер үйі болмақ.

Салтанатты шара ҚР Астана күні қарсаңында және 5 әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру аясында өтті. Студенттер үйі 1250 орындық жайлылығы жоғары сантқа кіреді. Жалпы көлемі 22,5 мың шаршы метрді құрайтын тоғыз қабатты ғимаратта асхана, компьютерлік сыныптар, демалыс орындары, мәдени-тұрмыстық нысандар болады. Студенттер әжетхана мен себезгісі бар екі орынды бөлмеде тұрады. Құрылыс жұмысы 2021 жылдың 1 шілдесінде аяқтау жоспарланған.

Әлеуметтік маңызы бар объектіні салу үшін мемлекеттік жеке меншік әріптестік қағидаты негізінде инвестициялар тартылады. Аталған жобаның инвесторы «Baikadam» ЖШС. Студенттер үйінің құрылысын «СК «Самұрық Құрылыс» ЖШС жүзеге асырады, ал «Qazdorm» ЖШС басқарушы компания болмақ.

Жаңа студенттер үйінің алғашқы тасын ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов пен Baikadam Holding басқармасының төрағасы Арман Байқадам қалады.

Іс-шараға университет басшылығы, инвестор мен құрылыс компанияларының және қоғам өкілдері, студент, магистрант, докторанттар қатысты.

Еске салайық, Елбасы 2022 жылдың соңына дейін жоғары оқу орындарында кемінде 75 мың орынды жатақханалар салу жөніндегі құрылыс жұмыстарында қажеттіліктерді ескере отырып мәселені толық шешуді тапсырған болатын.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *