Қазақ қызы Америкада хоккейден əйелдер клубының бас бапкері

161

Хоккейден Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп келген Бұлбұл Қартанбаева Америкадағы әйелдер клубының бас бапкері болды, — деп хабарлайды «Хабар 24» телеарнасы.

26 жастағы жерлесіміз Нью-Джерси штатындағы «Princeton Tiger Lilies» хоккей клубын жаттықтырады. Бұлбұл Қартанбаева Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданында дүниеге келген. 13 жасынан бастап хоккейге әуестенген. Кейін «Томирис» командасына қабылданып, жақсы қырынан танылды. Көп ұзамай ұлттық құрамаға шақырылады. Қазақстан құрамасының сапында жүріп, әлемнің үздік хоккей лигалары мамандарының көзіне түседі. Ал 2018 жылы канаданың «Калгари» клубынан ұсыныс түскен. Бір жылдан кейін Бұлбұл америкалық «Метрополитен Риветерс» командасымен келісімшартқа отырды. «Мұнда спортшыларды баптаудың әдіс-тәсілі Қазақстанмен салыстырғанда өзгеше. Мәселен, хоккейші тапсырманы аяғына дейін орындай алмаса, оған бәрібір «Жақсы жұмыс істедің, жарайсың!» деп, жігерлендіріп қояды. Бірақ мен қызметіме жаңадан кіріскен кезде, жаттығу жоспарына қатысты өз көзқарасымды айтып, қатал болатынымды ескерттім. Хоккейшілерге менің тәжірибем ұнаса керек. Олар менен Қазақстан, Еуропа, Азия мен Канададағы хоккейдің айырмашылығы жайлы сұрап жатады», — дейді Бұлбұл Қартанбаева. Қазақ қызының америкалық хоккей клубында ойнап жүргеніне небәрі 1 жыл болды. Осы уақыт ішінде оның қарым-қабілеті мен ерекше дарынын байқаған клуб басшылары отандасымызға жас хоккейшілер клубына бас бапкерді болуды ұсынған. «Коронавирусқа байланысты хоккей маусымы аяқсыз қалды. Жарыс соңына жетпей, тоқтады. Барлық спорт алаңдары жабылды. Қазір бірте-бірте жұмыс істей бастады. Алдағы жоспарым жайлы айтар болсам, ол – хоккейден Ұлттық әйелдер лигасында ойнау. Осында 4-5 жыл өнер көрсетіп, бапкерлік тәжірибе жинағым келеді. Кейін туған елге оралуды қалаймын», — дейді Б.Қартанбаева.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *