Алтай Көлгінов Елорда күніне арналған видеоқұттықтау жариялады

403

Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Елорда күні мерекесіне арналған видеоқұттықтау жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Құрметті Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары! Сіздерді Елорда күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Биылғы қала күні мерекесі бас шаһарымыздың негізін қалаған бас сәулетшісі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 80 жас мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Деніне саулық, әулетіне амандық, ұзақ өмір тілеймін! Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің қазығын қағып, елдігімізді қалыптастырған республикамыздың әлеуетін арттырған Тұңғыш Президентіміздің еңбегін ұлтымыз әрдайым жоғары бағалайды. Тарихи өлшеммен алып қарағанда өте қысқа уақыттың ішінде қабылданған шешімдері мен ұлт үшін атқарған еңбегі мың өліп, мың тірілген халқымызды аңсаған арманына жеткізді. Тәуелсіздіктің бастапқы жылдарында әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте төмен халықты ыдыратпай, керісінше береке-бірлігін арттырып, қуатты елге айналдырғанынан тарих куә», — деді əкім.

А.Көлгінов атап өткендей, Н.Назарбаевтың ел астанасын Есіл бойына көшіру туралы шешімі бүгінде тұстас ұлттық идеяға айналды. «Тәуелсіз ел ретінде астанамызды алғаш рет өзіміз таңдап, әсем шаһар салынды. Осы жылдар ішінде елорда Еуразияның ірі саяси, экономикалық, мәдени орталығына айналды. Нұр-Сұлтан қаласы – Тәуелсіз Қазақстанның ең үлкен жетістігі. Бүгінде елордамыз миллион түрлі тағдырды тоғыстырған, еліміздің бірлігі мен ынтымағын арттырған үлкен қала. Осының бәрі — Елбасымыздың атқарған зор еңбегі. Елбасының «Астана – Қазақстанның жасаған ең үлкен ерлігі» деген сөзі бар. Құрметті қала қонақтары мен тұрғындары! Әлемдік пандемияға байланысты біз жоспарларымызға өзгерістер енгіздік. Көптеген іс-шаралар онлайн түрде өткізілетін болады. «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлының үндеуінен кейін, біз партиямен бірге «Біз біргеміз!» акциясы аясында 43 мыңға жуық аз қамтылған отбасына 2 млрд теңгеден астам қаражат көмек көрсеттік. Сонымен қатар, 120 мың отбасыға азық-түлік себеттері жеткізілді. Және 2 миллионнан астам медициналық маска тегін таратылды. Бұл, уақытша қиындықты біз бірлігі артқан ел ретінде жеңіп шығатынымызға сенеміз. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін», — деп түйді елорда басшысы.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *