Ләззат СҮЛЕЙМЕН, сенатор: Мұндай қылмыс жасаған адам түрмеден мерзімінен бұрын босап шыға алмайды

264

Сәтпаев қаласында орын алған оқиға бәріміздің жанымызды ауыртты. Ана ретінде елімізде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың тыйылмай тұрғаны қатты алаңдатады. Бұл мәселені өзіміз де, қоғам белсенділері де жиі көтеріп келеміз. Себебі бәріміз үшін балаларымыздың қауіпсіз, жарқын өмірі – негізгі басымдық.

Соңғы жылдары бұл бағыттағы заң нормаларында оң өзгерістер бар екенін айтуымыз керек. Естеріңізде болса, биыл ғана Президент Қ. Тоқаев жыныстық зорлық-зомбылық пен балаларға қатысты жасалатын өзге де қылмыстарды қатайту туралы тапсырма берген болатын. Парламент қабырғасында тиісті заңдарға өзгерістер мен толықтырулар да енгізілді.

Қылмысқа барған адам заң алдында қатаң жазалануы керек. Себебі қолданыстағы заңнама оған мүмкіндік береді. Сонымен бірге, балаларға қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері ауыр қылмыстар санатына жатқызылды. Бұл тараптардың татуласуына мүмкіндік жоқ деген сөз. Ал бұрын татуласуға жол берілетін.

Бұл бағытта жазалау шаралары мұнымен шектелмейді. Заңдағы соңғы өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес мұндай қылмыс жасаған адам түрмеден мерзімінен бұрын босап шыға алмайды. Сондай-ақ, қылмысы үшін тағайындалған жаза түрі өзгеріссіз қалады, ол жеңілдетілмейді және мұндай жағдайда кешірім актісі қолданылмайды.

Осы орайда айта кетейін. Бір топ депутат болып бастама көтеріп, қазіргі таңда «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын қарап жатырмыз. Біздің мақсатымыз –  осыған дейін қалыптасқан, бірақ өзін ақтамай отырған заң нормаларына іргелі өзгерістер енгізу. Бұл бағытта бізге мемлекеттік органдардың бірлесе әрекет етуге деген құлшынысы аса маңызды. Жаңарған, қоғам талабына жауап беретін заң нормалары – мәселені шешудің тегеурінді жолы.

Аталған оқиға қаншалықты ауыр болса да, мәселе заң аясында шешілуі керек және қылмыскер қатаң заңдық жазасын алуы тиіс. Біз осылай заңға арқа сүйегенде ғана қоғамымыздағы тәртіпті және әр азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *