ЖЕРДІҢ АСТЫ мен ЖЕРДІҢ ҮСТІ

179

Жолайрықтағы қоғамның жадағай хәлі

Жаңабек Шағатай,
жазушы, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері

Жазғытұрым, ұсақ мал өрістен қайтар шақта, ақ шаңқандай кимешек киген кейуаналар мен жүзін әжім торлаған әжелер қоңыр ауылдың қақ ортасындағы құм төбенің басында әжік-күжік әңгіме қаузайтын. Өмір бойы ауыр бейнеттен бір сәт босап көрмеген, күйбең тірліктен ешқашан талмайтындай көрінетін қолдарында бір-бір ұршық зырқ үйіріліп, көз алмай қарағанның басын айналдыратын. Кейбірі көлдей алжапқышына түйіп әкелген, ұйысып қалған жабағы жүнді еті қашқан қолдарымен түтелеп, өлі жүнге жабысқан түйе тікен, ошаған атаулы өз-өзінен аулаққа быртылдай ұшып, ұйысқан жүн көз алдыңда жібекке айналып сала беруші еді. Бәзбірі саусағының басына ілген шүйкені епті саусақтарымен созғылап, жібек талшықтай жіп иіретін тоқтаусыз. Етегіне жармасып, соңынан бір елі қалмайтын кішкентай немерелерінің қос танауынан жылт еткен ақбоз ат пен көкбозды ара-тұра көлдей дәсорамалдарымен күштеп сүртіп, айналып-толғанып алатын.
Жатағандау құм төбенің маңайы қызыл жыңғыл. Құмақта өскен солқылдақ жыңғылдың қызғылтым гүлдері көз сүйсіндіреді, ал қалың нуды араласаң түйір-түйір бүртіктері үсті-басыңды жауып, қойын-қонышыңа сауылдап құйылып, әбігерге салатыны бар.
Сәл ересектеу біздер құм төбеде «трах-прах» ойнаймыз. Барша қоңыр ауылдың балалары ойнап өскен, еш жалықтырмайтын соғыс ойы-ны. Мылтық дауысына еліктеуден туған атау. Қау болып өскен қызыл жыңғылдың томаршық түбінен терең ор қазып, гүлдеген жыңғылдың майда шырпыларын мұқияттап тастап, содан кейін солқылдаған шыбықтарын үстіңе жамылып, көзге көрінбей жатсаң, «жауыңа» қапияда тап бересің! Балалар үшін соғыс туралы кинолардағы иір-иір окоптан бір кем көрінбейтін сол орлар әрі қорғаның, әрі айбарың.
Бірде әжем бізге:
– Қарақтарым-ау, қызыл құмды бұралқы иттей бұрқыратып қазып, бос әуре болғанша, жайнаған жыңғылдың арасында-ақ ойнай бермейсіңдер ме? – деген жұмсақ әрі мейірімді үнмен.
– Ит сияқты қазған жер емес, ол біздің қорғанымыз! – деп, текекөздендік өңшең қара сирақтар.
– И-и-и, айналайындар-ай, «Ит қорыған жерге өш» деуші еді бұрынғылар, сендер жердің астына түсуге неге құмарсыңдар осы? Жердің бетінде-ақ ойнай берсеңдерші, жердің үсті жетеді ғой барлығыңа, – деп әлсіз күрсінген әжем сонда.
… Қайран әжем қателескен көрінеді. Кейбіреулерге жердің үсті жетпейді екен. Осыдан біраз жыл бұрын Алматының қақ ортасындағы Республика алаңының тура астынан, жерді үңгіп салған «Алмалы» сауда орталығына бірер мәрте жолым түскені бар. Бұл алаң кез келген мемлекеттердің айтулы астаналары үшін де мақтаныш болуға лайықты тарихи жер! Осыдан 34 жыл бұрын, Желтоқсан көтерілісі кезінде тоталитарлық жүйеге қарсы көтерілген қазақ жастарының бейкүнә қаны төгілген қасиетті орын! Оңтүстігінде әйгілі Найзақара шыңы аспанға шаншылып, асқақ Алатаудың басқа да мұзарттары күнмен жарқырайды, ал етегінде Алматы қаласы әкімдігінің ақбоз ғимараты көз сүйсіндірсе, солтүстік-шығысында Тәуелсіздік монументі көк аспанға бой созып тұр.
Қазір аталмыш сауда орталығы уақытша қызметін тоқтатып, күрделі жөндеуден өткізіліп, кеңейтіліп жатыр ғой, ал ол жылдарда «Алмалы» қызу жұмыс істеп тұрған. Өзіміз де соны қызықтап көруге келгенбіз, әйтпесе жердің астында бізді күтіп отырған қай құдамыз бар?
Жер бетімен іштей қоштасып, дыбыссыз жылжыған эскалатормен қара жердің қойнауына қарай сырғып түскен сайын байлығымен аты шыққан бұрынғы ата-бабаларымыз да көрмеген алтын-күмістен, ен байлықтан көз тұнсын. Әсілі, «Мың бір түн» ертегілерінде айтылатын әйгілі Әли баба мен байлық жиған қырық қарақшы да мұндай сиқырлы әлемді көре қойған жоқ шығар.
Сауда орталығына тереңдеп түскен сайын жанға жайлы жұмсақ музыка жүрегіңнің қылын шертіп, қайнаған ыстық кофенің, әр-әр тұстағы сөрелерде самсап тұрған дәмді самса, түрлі тәтті тоқаштардың иісі танау жарып, араныңды аша түседі. Түрлі қымбат кәмпиттер мен аппақ печеньелерден көз тұнады. Кинозалдардың алдында әдейілеп келген фильмдерін көруге асыққан жастар топырласып, дегбірсізденіп тұр: қыл мойнынан қылқындырып ұстаған «Кока-кола», «Пепси», бауырларына баса тастай қып құшақтап алған қораптағы попкорндарына қарағанда, кинозалға тезірек кіріп, жұмсақ креслоға талтайып жайғасып, қораптағыларын жалмаңдап жеп, қылқылдатып сусын жұтуға асығулы.
Жә, жастардың жайы белгілі ғой, ал қылықты келіншектер мен нағыз кербез, сылқым сұлуларға арналған түрлі-түсті, алтын мен күміс талшықтар өріліп тігілген сан алуан көйлектердің бағасына көзің түскенде еріксіз сенделіп қаласың. Бөлек-бөлек бутиктерде қу жаныңа керектінің бәрі бар: алтын-күміс жалатылған, мөлдір тас моншақтар төгілген люстралар мен оймышты шамдар; басқан адамның аяғы сүрінетін түкті, қалы кілемдер; Арктиканың аязына дес бермейтін бұлғын тон, қымбат тон, қамқа тон, нәзік әйелдер түгілі екі иығына екі кісі мінгендей ерлердің өзі әрең көтеретін қалың ішіктер; үлбіреген терезе шілтерлер; бағасын ауызға алуға дәтің бармайтын ұялы телефондар мен теледидарлар; бұрыш-бұрышта мөлдір тамшылар ақырын атқылаған су бұрқақтар мен мәрмәр тастан жиектелген хауыздар. Әйтеуір айналаның бәрі жарқ-жұрқ, көз арбайды, басты айналдырады. Алтын сағат, гауһар сырғалар, жарқыраған жүзіктер мен асыл алқалар! «Нағыз жұмақ – осы» дегізеді. Қамықтыратыны: бұл тауардың бәрі шетелдікі.
Әсілі, ақшасы бар кісі мейілінше талтаңдайтын, ал кедей-кепшік алды-артына қарамай тұра қашатын жер. Мұндағы сатушы да – қазақ, алушы да – қазақ! Ал екеуара өзге тілде, орыс тілінде сауда жасайды, бірін-бірі түсінбей қала ма деп қорқады. Екі қазақ бөтен тілде шүлдірлескеніне намыстанбайды да.
Тарихи алаңдағы сауда орталығының алғашқы қадасы қағылып, іргетасқа арналған терең ор (котлован) қазылып жатқан кез еске түсті: бір түнде терең ор опырылып, түбінен үрей ұшыратын үлкен әрі тым қорқынышты жарық пайда болған. Республикалық «Айқын» газеті «Қара жер қақ айырылды» деп тақырып қойып, толғанып мақала жазған-ды. Бірақ қара жердің қақ айырылғанына қараған ешкім бола қойған жоқ. Әсілі, бұл алаң қалай құбылып (құбылтып) аталмады дейсіз?! Әу баста Л.И.Брежнев, сосын Жаңа алаң, кейінірек Республика алаңы… Бірақ көп жұрт 34 жылдан бері осы тарихи жерді Желтоқсан алаңы деп атаудан жалыққан емес. Ілгері күннен үмітті елміз, кім біледі, осы атау да күндердің күнінде ресми түрде бекітілетін шығар.
Мың бояулы қалада «Алматы – алма шаһары» («Алматы – город яблок») деген түрлі-түсті жазулар әр тұстан андағайлап көзге ұрады. Жасыратыны жоқ, жүрекке жылы тиетін сөздер, алайда білетіндердің айтуынша, осы ұрандардың жалпы саны аймақтағы алма ағаштарының санынан әлдеқайда көп көрінеді. Әйтпесе, Алматыда апорттың бағасы мұнша қымбат болуы мүмкін емес. Бәлкім ол да қисынды сөз шығар.
Жолайрықтағы қоғамның бәріне тән қисынсыздық пен жүйесіздік оңайлықпен жеңіле қоятын кесел емес. Түрлі сарапшылар, әр деңгейдегі философтар мен саясаткерлер ұзақ уақыт бойы буынсыз қызыл тілмен алдап келеді. Саяси, ұлттық, мәдени, діни, сондай-ақ, өркениеттің де әртүрлілігі дамудың негізгі алғышарты екен-мыс. Толеранттылықтан асқан бақыт жоқ! Әсіресе, қит етсе адам құқығы ғана емес, бір жыныстылар мен лесбиянкалардың бір-біріне үйлену құқығын алға тартуға әуес кәрі құрлық – Еуропа осы мәселені езе беруден жалықпайды. Есесіне, Жерорта теңізінде жылына мыңдап суға батып жатқан босқындарды құтқаруға, жойқын теңізден әупірімдеп өтіп, жағалаудағы лагерьлерде он мыңдап жиналып қалған қара нәсілділерге ыстық құшағын аша қояр емес. Бір өкініштісі, біздің барлық қалаларымызға толеранттылықтың «салқыны» тиген. Қала көшелеріне, дүкендердің, сауда орталықтарының атауына, түрлі жарнамаларға көз салсаңыз басыңыз айналары айқын. Қандай жазу жоқ дейсіз бізде?!. Кириллицаға негізделген қазақша, латын қарпімен жазылған қазақша, орысша, ағылшын, неміс, грузин, армян, қытай, араб, т.б. жазулары! Қысқасы көзің тұнып, көкірегіңді өксік қысады.
Жаңа коронавирус – COVID-19 келген көктем жолайрықтағы қоғамның рухани жайын одан әрі жүдеу етті. Тіпті дамушы елдер ғана емес, азуын айға білеген алпауыт елдерді де есеңгіретіп, адамдардың бойындағы ең жаман қасиеттерді алға шығарды бұл кесел. Мәселен, Испаниядағы қарттар үйінің барша қызметкерлері ешкімге айтпастан қашып кетіп, бірнеше күннен кейін сол жерге залалсыздандыру жүргізуге келген әскерилер талай қарттың өлігін тауып алды. Жүре алмайтын қарттардың қаншасы аурудан, қаншасы аштан өлгені әлі күнге жұмбақ.
Ресейдің Краснодар аймағында көршісінің ауласында жиналған адамдарға бір мәңгүрт гранат лақтырып, тоғыз адам жараланды. Қазақстан үкіметі жұмысы тоқтаған кәсіпорындарды қолдау үшін азаматтарға 42 мың 500 теңгеден бөлген кезде біздің көптеген қандастарымыздың бойындағы мейлінше жексұрын, ақшақұмар мінездері білініп қалған. Осы кезде айына 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін табыс тауып жүрген екі мыңнан астам адам әлгі ақшаны алуға өтініш берген көрінеді. Қу жетімсіздік-ай, үкімет 42 мыңнан бөлмесе, бұл байқұстар аштан өлер ме еді?!. Ендігі бір аузының тиегі кеткен әйелдер «Бүйтіп берген 42500 теңгең құрысын, өздерің де құрыңдар!» – деп байбалам салып, дауысын коронавирус тұнған көк аспанға жеткізді. Құдай-ау, біреу етінен ет кесіп алғандай құдды бір. Осындайлар қалай ана атанып жүргеніне таңқаласың, балаларына қандай тәрбие берер екен? Қазақстан барша азаматтарға қолынан келген көмегін жасағанына, тіпті, өз басыңа 42 мың теңге тие қоймаса да, қандастарымыздың көбі сол ақшаға қол жеткізгеніне қуануға болар еді. Өйткені, қазақ халқы «Елде болса, ерінге тиеді» деп бекер айтпаған. Бір-біріне жақсылық тілеген. Әрине, өткен уақытты бүгінгі күнмен салыстыруға болмас, бірақ бір-біріне, жалпы елге жақсылық тілеу, нашарға қамқор болу, «Көппен көрген – ұлы той» деген тәубешілдік ата-бабамыздан жеткен ұлық қасиеттер емес пе еді? Қазақтың шетелге кеткен дәулеттілері қандай көмек көрсеткенін кім білсін, Ресей олигархы Әлішер Усмановтың өзбек халқына көрсеткен көмегі аңыз қып айтар үлгі емес пе?!
Әрине, алғашқы коронавирусты әзіл-қалжың ретінде қарастырып, сазгерлеріміз «Коронавирус, кет, кет» деп әндетті, шоу-бизнестің біраз өкілдері елді осы індеттен аластап, атын шығарды. Қазақ халқында алас жасау, аластау есте жоқ ескі заманнан келе жатқан өзгеше бір ғұрып екені белгілі. Ондай алас жасайтын жандар ары таза, жаны кіршіксіз, кісіге қылдай қиянат жасамаған адам болуы міндетті. Тіпті, садақ оғынан жараланып, хәл үстінде жатқан жауынгердің үстінен асыл мінезді әйел адамды аттатқызып, жанын сақтап қалғаны туралы деректер де бар. Бірақ неге екенін кім білсін, біздің шоу-бизнес өкілдерінің аластағанына үрейлі індет – коронавирус кете қойған жоқ, керісінше үдей түсті. Мамыр келіп, тәуір болады деп жүргенімізде Түркістан облысы, Мақтаарал ауданының бірнеше ауылы топан судың астында қалған. Елдігіміздің тағы бір сыналған тұсы осы. Қазақстанның барлық өңірлерінен көмек, тонна-тонна азық-түлік, тұрмысқа қажетті құрал-жабдықтар жөнелтілді, жөнелтіліп те жатыр.
Әсіресе, әлгі Әлішер Усмановтың Мақтаарал ауданындағы апаттан кейін Қазақстанға 5 млн доллар көмек қолын созғанына «әп-бәрекелді!» дейсің еріксіз сүйсініп.
Коронавирус келген көктем барша мемлекеттерге экономикалық тұрғыдан орасан зор шығын әкелді. Бұл дағдарысты 1929 жылғы АҚШ экономикасын тұралатқан Ұлы депрессиямен, тіпті, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарымен де салыстырып жүр көптеген сарапшылар. Әлем экономикалық дағдарыстан 2021 жылдың соңында немесе 2022 жылы ғана айыға алады деседі.
Яғни, бізді алда талай қиындықтар күтіп тұр деген сөз. Экономикалық қиындықтар әлі талай қайталануы, болуы да заңдылық. Өмір заңы солай. Бірақ қандай қиындық, сынақ болса да, жердің үстіндегі адамдар жақсылықтан, адамгершіліктен айырылмағай деп тілейік.

 

urker.kazgazeta.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *