Құрбан айт кезінде қандай жайларға тыйым салынды?

212
Құрбан айт дәстүрлі мерекесін тойлау қарсаңында Алматы қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин “Алматы қаласының аумағында Құрбан айт мерекесі күндері коронавирус инфекциясының таралуына ықпал ететін көпшілік шараларды өткізуге тыйым салу туралы” Қаулысына қол қойды.
Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифинг барысында аталған Қаулыға сәйкес, Алматы қаласының аумағында Құрбан айтты мерекелеу күндері төмендегі жайларға тыйым салынатыны хабарланды:
— Алматы қаласының аумағында автокөліктермен әкелінген малдарды сатуға және жеке иеліктегі үй-жайларында мал сатуға, мал сойысын ұйымдастыруға және өткізуге;
— жекеменшік формасына қарамастан, барлық ұйымдарда, жекеменшік үй-жайлар мен медреселерде көпшілік шараларды өткізуге;
Сонымен қатар, 31 шілде мен 2 тамыз аралығында Алматы қаласының Орталық мешітімен бекітілген онлайн режимде құрбан шалуды жүзеге асыратындардан басқа, мал сататын цехтар мен базарлардың жұмысы тоқтатылады.
ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясымен 27.07.2020 ж- 02.08.2020 ж аралығында Алматы қаласының аумағында мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау және қадағалау күшейтіледі. Алматы қаласына кіреберістерде онлайн режимде құрбандық шалуға арналғандарды қоспағанда, қала аумағына малдардың әкелінуін болдырмау және жолын кесу бойынша посттар ұйымдастырылады.
Бекшин бұл шараларды коронавирус инфекциясын болдырмау мақсатымен жасалып жатқанын жеткізді.
Құрбан шалу тек онлайн режимде БАҚ арқылы ғана рұқсат етіледі.
Еске сала кетсек, кешелі бері әлеуметтік желіде Құрбан айт мерекесіне орай қой бағасының қымбаттап жатқаны туралы ақпараттар шыға бастады.



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *