ӘЧ-2014: Германия Португалия құрамасын ойсырата жеңді (ВИДЕО)

152

G тобының фавориттері саналып келген Германия мен Португалия ұлттық құрамалары бүгін өзара кездесіп, немістер қарсыластарының қақпасына жауапсыз төрт доп соқты. 

Ойын есебін 12 минутта Германия сұрмергені Томас Мюллер ашты. Португалия қорғаушысы өз айып алаңында Марио Гетцені шалып жыққаннан кейін төреші 11 метрлік айып добын белгілеген болатын. Ұтымды сәтті немістер құр жіберген жоқ.
Екінші гол болса қорғаушы Матс Хуммельс еншісінде. Бұрыштамадан берілген допқа бірінші болып секіріп жекен ол жанкүйерлер мерейін үстем еткен. Ал, бірінші тайм аяқталар тұста тағы сол Мюллер ойындағы өзінің екінші голын соғып, есепті 3:0-ге жеткізген болатын. 78 минутта ол хэт-трик авторы атанды.
Айта кету керек, матчтың 38 минутында дөрекі ойынмен көзге түскен португалдық қорғаушы Пепе қызыл қағаз алып, ойыннан қуылды. Ол Томас Мюллердің алдымен бетінен байқаусызда ұрған. Артынша жерде отырған неміс шабуылшысын тағы нұқып өтті.
Осылайша Германия өз тобының көшін бастады. Бұл топтағы Гана мен АҚШ арасындағы кездесу бірнеше сағаттан кейін басталмақ.