Астана күніне орай 70-ке жуық шара өткізіледі

145

Астана күні мерекесіне орай қалада 70-ке жуық шаралар өткізіледі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-ның брифингінде Астана қалалық ішкі саясат басқармасының жетекшісі Болат Тілепов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Астана – Елбасы идеяларының ең тамаша туындыларының бірі. Алдағы Астана күні тойында біз елорданың мемлекеттің дамуындағы рөліне көңіл бөлеміз. Барлық шаралардың идеологиялық мазмұны бар, олар осынысымен құнды. Жылдағы дәстүрлі шаралардан басқа бағыты бөлек, мазмұны жаңа шаралар осыны айғақтайды. Жалпы барлығы 70-ке жуық шаралар өткізу жоспарланған. Оның ішінде қала көшелері мен саябақтары және гүлзарларында өтетін шараларға басты назар аударылып отыр. Негізінен мұндай шаралар көбіне ел көңілінен шығады. Ал енді ауқымдық деңгейдегі шаралардың қатарында «Аялаған Астана» телевизиялық байқауы, театр фестивалі, «Мәңгілік Ел» мүшәйрасы, отандық орындаушылардың «Ән жүрегім Астана!», «Шуақты қала Астана» концерті бар», — деді Б.Тілепов.
Басқарма жетекшісі Астана күніне орай өткізелетін шаралар мәдени бағдарламалармен ғана шектеліп қоймайтындығын да атап өтті.
«Астана күні дегеніміз бұл тек той-думан емес. Қаланың өзге жағдайларына көңіл бөлуді қолға алып отырмыз. Атап айтсақ, «Алматы» және «Сарыарқа» аудандарының үйлерін абаттандыру, жарықтандыру, спорт алаңқайларын салу қолға алынды», — деді басқарма жетекшісі.