И.Тасмағамбетов Астананың мектеп түлектерін құттықтады

285

Бүгін Астанада қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов мектеп түлектерін орта білім шаңырағын тәмамдауымен құттықтады, деп хабарлайды Bnews.kz тілшісі.

«Бүгін жылдағы игі дәстүрмен Астананың ашық аспаны астында, еліміздің ең басты алаңында Елорда жастарының тағы бір жаңа толқыны ер жетіп, есейген сәтіне куә болып отырмыз. Баршаңызды осынау мерейлі қуанышпен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Ұлы Абай «Баланы оқытуға әркім құштар, десе де ол бір арман қолдан ұшқан» деп тебіренген екен. Расында да, бүгінгідей сауатты ұрпақ тәрбиелеу кешегі ата-бабаның сан ғасырлық аңсары еді. Енді міне біздің ұрпақ үшін бұл – тағдырдың берген бағасыз мүмкіндігі, тәуелсіз мемлекетіміздің мәртебелі міндеті. Сондықтан, бүгінгі заман «баланы қайда оқытамын деген арманнан» емес, «қайда оқытамын деген таңдаудан» тұрады. Осы күні бұл таңдау еліміздің бас қаласында Елбасының өсиетімен білім алып, тәлім жиған, тәрбие көріп арман қуған ұл-қыздарымыздың алдында тұр», — деді И.Тасмағамбетов.

Астана әкімі оқушының білім нәтижесінің бірегей көрсеткіші «Алтын белгі» екендігін тілге тиек етті.

«Атап айту керек, осыдан 16 жыл бұрын Астанада бұл төсбелгіні тек 1 ғана оқушы иеленсе, биыл 91 бала «Алтын белгі» тағып, ақжолтай үмітті ақтап шықты. Ал жалпы, күні кеше өткен ҰБТ-ны қаламыздың ұзын саны 3252 оқушысы тапсырып, 1081 бала 100-ден жоғары бал жинады. Мұның өзі – үлкен көрсеткіш, зор мақтаныш. Ардақты жастар, сіздер көрсеткен бұл жетістік – өздеріңізден кейінгі іні-қарындастарыңыздың ынтасын оятып, «Мен астаналық оқушымын» деген сезіміне серпін беретін үлкен үлгі, мақтан тұтар өнеге. Мұның өзі – сіздер өткен өмірдің алғашқы межесі, ал ендігі тағдыр – тек өз қолдарыңызда. Десе де, зайырлы өмір үздіксіз талап, талпыныс пен ұмтылыстан, үйрену мен ізденуден, жаңару мен жаңғырудан тұрады. Бұл әрбіріңіз үнемі есте ұстайтын ұранды ақиқат», — деп толықтырды өз ойын ол.

Елорда басшысы түлектерге әлемнің озық көшінен қалмай, уақыттың талабынан талмай, талай табыстың биігінен көрінетіндеріне кәміл сенім білдірді.

«Өйткені, сіздердің бойларыңызда Астананың асқақ рухы мен жүректеріңізде Елбасының жаққан жалыны бар. Осыны естен шығармаңыздар. Олай болса, осынау қуанышты күні баршаңызға тек сәттілік тілеймін. Өмір жолдарыңыз жарық болғай!», — деп түлектерді құттықтады Тасмағамбетов.