Елімізде тағы бір зауыт іске қосылады

138

Оралда жыл соңына қарай жаңа трансформатор зауыты іске қосылады.

Өндірілетін өнімнің 90 пайызы экспортқа бағдарланған. Атап айтқанда қуат көзін үнемдеуге мүмкіндік беретін электр құрылғыларының басым бөлігі көршілес Ресей нарығына шығарылады. Осы жобаны Кентау қаласында жұмыс істеп тұрған трансформатор зауытымен бірлесіп жүзеге асыру көзделген. Оның құрылысына бірнеше елдің мамандары атсалысуда. Сәтін салса, жобаның арқасында жүздеген жаңа жұмыс орны ашылмақ. Зауытқа алынатын мамандар Кентаудағы өндіріс ошағында іс-тәжірибеден өтетін болады.

Мақсатхан Бурылбаев, кәсіпорынның бас директоры:

— 2016-2017 жылдары іске толық қосылған кезде мұнда 700-800 адам жұмыс істейді. Біздің жобаның құны 35 млн. АҚШ долларын құрайды. 2017 жылы жоба толық іске қосылған кезде тауар айналымы 100 млн. АҚШ долларына жетеді.

Марат Кәрімов, Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

— Бұл зауытқа біз «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша несиені субсидиялауға 2,5 млрд. теңгеге қолдау көрсеттік. Сонымен қатар жетіспейтін инфрақұрылым шеңберінде газ құбырын өткізіп бердік.

baq.kz