Интернет журналистика: қалай дамып отыр?

259

Бүгінде еліміздің интернет кеңістігінің даму барысын таразыға тартатын жиындар жиі болып жүр. Соның бірі – Алматы облысындағы арнайы экономикалық аймақ «Инновациялық технологиялар паркінде» («Алатау» технопаркі деп те атайды – С.Қ.) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің қолдауымен, «Қазақстан интернет дамуы және ресурсы ассоциациясының» ұйымдастыруымен «Қазақстан блогсферасының дамуы. Шығармашылық тәсілдер. Технологиялар. Қазнеттегі жаңашылдықтар» атты республикалық конференция болып өтті.

Конференцияда бүгінгі қазақ интер­нетіндегі өзекті мәселелер, жаңашыл бастамалар, блогтұғырдың сапалы болуы, ғаламторда жарық көретін ақпараттың шынайылығы, мазмұны турасында журналистер, блогерлер, пиар-мамандар өз ой-пікірлерін білдірді.
Жиынды «Уоurvision.kz» блог-плат­формасының директоры Бекежан Кембаев сөз сөйлеп ашты. Оның айтуынша, қазақ интернетінің көкжиегінде жүрген әріптестер осындай шарада өз тәжірибесімен бөлісіп, жаңашыл бастамаларын ұсынғаны абзал. Бұл ретте, жиындағы бірінші баяндаманы «Central Asia Communications» компаниясының басқарушы-серіктесі Нұркен Халықберген жасады.
Н.Халықберген ғаламтордағы белгілі бір ақпараттық шабуылдардың дені не себепті болатынын, олармен күресу жолдарын саралап шықты. Ол ғаламтордағы кез келген ақпараттың шынайылығына көз жеткізу керектігін, ақпаратты оқыған кезде ­ресми сайттардың деректеріне және сарапшы мамандардың пікірлеріне назар аударған жөн деп атап өтті.
Одан кейін мінберге шыққан «Queex» жобасының менеджері Аблай Юсупов ғаламтордағы суреттердің сапасы мен сандық көрсеткішіне тоқталып өтті. Оның айтуынша, ғаламторда көбіне күнделікті өмірден алынған суреттер көпшілік қызығушылығын тудырады. Сонымен қатар суреттің сапасына аса мән беру қажет. Бұл тұрғыда ол «Instagram» әлеуметтік желісіндегі суреттердің берілу барысын саралап, ғаламтордағы кейбір фоторепортаждардың сапасы сын көтермейтінін атап көрсетті.
Жиын барысында сондай-ақ блогерлердің мемлекеттік құрылымдармен әріптестік байланыста жұмыс істей алуы да сөз болды. Бұдан бөлек, жиылған көпшілік блогерлердің жазбаларын және ғаламторда сауатты жазу мәселесін пікір талқысына салды.
Жалпы алғанда, бұл басқосу блогерлердің интернет   қауымдастықтағы рөлін көрсете түскендей әсер қалдырды. Конференция­дан түйгеніміз – қазақ интернетінің дамуына блогерлер де атсалысуда. Алдағы уақытта блогердің әр жазған жазбасына ақы төленбек. Сол кезде журналистерге қойылатын шығармашылық талаптар блогерлерге де қойылады деп сенеміз. Шыны керек, бүгінде ғаламторда  жалған ақпарат тарату, жала жабу, жекелеген адамдардың ар-намысына тию, пікір қалдырудағы сауатсыздық өршімесе азаймай тұр. Интернет ресурстардың барлығы 2009 жылдан бері БАҚ-қа теңестірілгені көпшілікке белгілі болар. Сол себепті 2012 жылдың соңында қабылданған «Қазақстан журналистерінің кәсіби этикасы» интернет журналистика үшін де қолданылуы қажет деген ойдамыз. Мұны блогерлер де өз қаперіне алулары тиіс.

Сұлтан ҚАДЫРБЕК