Көлік экспорттайтын кез әлі алда

146

Елімізде соңғы төрт жылда автокөлік өндірісінің көлемі он есеге артқан. Мұнымен шектеліп қоймай, бұл көрсеткіш жыл сайын арта береді. Үкіметтің жоспары бойынша 2018 жылға қарай экспортталатын модельдер жартылай қазақстандықтармен өңделуі тиіс. Автомобиль өнеркәсібін дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету шаралары, сондай-ақ, бірыңғай Еуразиялық экономикалық одақ жағдайындағы өнеркәсіптік кооперацияларды дамыту мәселесі қаралған Үкімет отырысынан соң аталған тақырыпты ОКҚ брифингінде инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау түсіндірді.   
Көпшілік үшін қалаған көлігіне қол жеткізу бүгінде арман емес, қарапайым таңдау ғана. ИДМ деректері бойынша қазіргі таңда Қазақстанда Toyota, Chevrolet, Skoda, KIA, Hyundai, Ssang Yong, Peugeot, Iveco, КаМАЗ, Урал маркалы автокөліктердің 60-тан астам моделі шығарылады. ИДМ басшысы орынбасарының айтуынша, қаңтар-қыркүйек арасындағы 9 айда 122 мың көлік сатып алынып, 78 пайыз импорттың 50 пайыздан астамын ресейлік көліктер құрап отыр. «Баяу да болса, отандық өндіріс артып келеді. Кезінде ресейлік жаңа көліктерден басқа машиналар болмаған кездер естеріңізде шығар. Бұдан кейін шетелден тасымалданған ескі көліктерден басқасы болмады. Бүгінде нарық өркендей түсті, яғни жаңа көліктер жеткізіліп жатыр. Алайда, Ресеймен арада кедендік кедергілер болмағандықтан, ресейлік машиналар басымдыққа ие болуда», – дей келе, вице-министр қазақстандық көліктерді экспорттайтын күн әлі алда екенін айтты. Индустрияландырудың екінші бесжылдығының басты мақсаты да – осы экспортқа қол жеткізу.
Осы ретте елімізде автокөлік өндірісі саласына қолдау шаралары басталып, қаржылық тетіктердің жиынтығы кеңейтілді. Өйткені, саладағы кәсіпорындарда айналым қаражаты жеткіліксіз. Осындай қаржылық көмек көрсетуге қазір «Бәйтерек» ҰБХ қосылып отыр. Холдинг «Тойота» өндірушілерінің айналымдағы қаржысын толықтыру бағытында қаржыландырды. Отандық кәсіпорындарға қолдау жасау керектігіне тоқтала келе, А.Рау «Тойота» автокөлік құрылысында ең жоғары деңгейлердің бірін ұстап тұрғанын атап өтті. «Тойота» көліктері Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» зауытында шығарылатын болады. Өндіріс үдерісіне шанақ жиынтықтарын дәнекерлеу, сырлау және құрастыру кіреді. Бұл зауытта алдағы уақытта жылына 3000 «Тойото Фортунер» көлігін шығару жоспарланып отыр.
Вице-министр 2015 жылдан бастап ЕАЭО аумағында автомобиль өндірісі кооперациясы жұмыс істей бастайтынын жеткізді. Сондай-ақ, автокөлік өндірісі дамуын мемлекеттік қолдау шаралары күшіне енеді. Осы ретте министрлік Үкіметке жуық арада автомобиль құрастырудың отандық саласын қолдау бойынша шаралар кешенін ұсынбақ. Бірыңғай кедендік нарықта бұл шаралардың барынша ашық, серіктестеріміздікімен сәйкес болуы маңызды. Шаралар кешенінде жаңа жобалар үшін инфрақұрылым салуды, құрал-жабдықтар сатып алуға жеңілдікті түрде несиелеуді қарастыру қажет. Мәселен, тұтынушыларды несиелеуге қатысты Ресей бұл шараны автокөлік саласын қолдауға пайдаланады, ол құлдырау кезеңінде саланы қолдау үшін енгізіледі. Соған сәйкес, министрлік ұстанымы бізде де нақты бір сәттер туындағанда қандай да бір құралдарды пайдалану үшін мемлекеттік қолдау шараларының барлық спектрін қарастыру қажеттігіне саяды.
Өнеркәсіптік кооперациялардың дамуына тоқталсақ, одаққа мүше болатын елдермен тауар айналымы тұрақты. Қазірде Қазақстаннан Ресейге шығарылатын шикізаттық емес экспорт көлемі артып келеді. Демек, бұл Еуразиялық экономикалық одақтың жұмыс істеуге дайын екенін көрсетеді. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мен Кеден одағы арасындағы тауар айналымы өткен жылдың қорытындысы бойынша 24,6 млрд. АҚШ долларын құрады, ал экспорттың жалпы көлемі шамамен 6 млрд. АҚШ долларына жеткен. Экспорт құрылымының өзгеру факторына оң баға беруге болады. Егер бұрын шикізаттық тауарлар басым болса, соңғы жылдары экспорт құрылымының өзгеруі байқалып, өңделген тауарлар көлемі шикізаттық тауарлардан асып түскен. Ал қамтамасыз ететін дайын өнімнің жалпы сомасы бір миллиард доллардан асқан. Сонымен бірге, Ресей Федерациясының импортты алмастыру бағдарламасына қазақстандық кәсіпорындардың қатысуы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Соның нәтижесінде талдау жүргізіліп, қазақстандық өндірушілердің 30 тауар позициясы бойынша Ресейді сапалы өніммен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар екені анықталған. Әлеуетті экспорттың жалпы құны 6,7 млрд. АҚШ долларын құрайды екен.
Үкімет отырысында қаралған келесі маңызды мәселе – көші-қон заңнамасын жетілдіру барысын  брифингте денсаулық және әлеуметтiк даму вице-министрi Дәулет Арғандықов баяндады. Ол алдымен еңбек миграциясы жайына тоқталып өтті. Сондай-ақ, Қазақстандағы шетелдiк жұмыс күшi 4 санатқа жiктелетін көрінеді. Біріншісі – топ-менеджерлер мен олардың орынбасарлары, екіншісі – құрылымдық бөліністердің басшылары, үшіншісі – жоғары білімді мамандар және төртіншісі – білікті жұмысшылар. Бүгінгі таңда осы 32 мыңның 44 пайызын жоғары білімді мамандар құрап отыр. Ал білікті жұмысшылар 25 пайызды құрайды. «Шетелдік мамандарды келген елдеріне бөлер болсақ, қытайлықтар 23 пайыз, түріктер 13-14 пайыз, үнділер 4 пайызды құрайды, сондай-ақ, Ұлыбритания, Сербия, Италия елдеріне де көп бөлігі тиесілі», – деді вице-министр. Оның мәліметінше, шетелдік жұмыс күшінің 44 пайызы құрылыс саласына, 14 пайызы тау-кен ісіне, 5 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тартылады. «Халықаралық тәжірибе бойынша, бұл еңбек көші-қоны отандық еңбек нарығына соншалықты қысым көрсете алмайды. Мәселен, БАӘ-де шетелдік жұмыс күші 80-90 пайызға дейін жетеді. Ал Еуроодақтың дамыған елдерінде бұл көрсеткіш 5-7 пайыз аралығында болады», – деді Д.Арғандықов. Оның айтуынша, Үкіметте таныстырылған еңбек көші-қонына байланысты заң жобасында шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған бірқатар жеңілдіктер қарастырылған. Олар әсіресе ғылыми қызметкерлерге, ІТ саласының мамандарына қолданылады.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ