Kөне жәдігерлер көмбесі

502

Ерте және ортағасырлардағы қалаларда қазба-зерттеу жұмыстарын жүргізгенде қалада өмір сүрген тұрғындардың шаруашылықтың қандай түрімен айналысқандарын білдіретін құрал-саймандар кездесіп отырады. Сонымен қатар қала тұрғындарының, қолөнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйымдар да табылып,  қала тұрғындарының мәдени дәрежелерінің қандай дәрежеде болғандықтарын көрсетеді. Қазба-зерттеу жұмыстарының кезінде сырттан келген заттар да табылып зерттеу жүргізіліп жатқан қаланың қандай елдермен сауда-саттық қарым-қатынас жасағандарын көрсететін бұйымдар да табылады.
Археологиялық зерттеу жұ­мыстары кезінде Түркістан қаласының маңында Қа­ратаудың солтүстік жағындағы Жы­ланқарауыл (Күлтөбе) және Раңата қалаларын зерттегенде бір бөлменің дәлізінің бұрышынан  көмілген асықтың қоймасы табылды. Қойманың ішіне 100-ге жуық асық салынған [С.Жолдасбаев   Позднесредневековые города на северных склонах Каратау. Түркістан, 2012, с.31]. Олардың  көпшілігі қойдың және ақбөкеннің асықтары, бір үлкені арқардың асығы – бұл қолға ұстайтын сақасы болу керек.  Ал ешкінің асығы кездеспейді. Өзіміз де бала кезімізде асық ойнағанбыз, сонда ешкінің асығы бар баланы  ойынға қоспайтынбыз, «ешкінің асығымен ойнасаң, басың таз болады» деп ешкінің асығын ойынға жолатпайтынбыз. Асық қоймасында ешкі асығының кездеспеуі бұрыннан келе жатқан әдет екендігін байқатады. Сондықтан бұл қала қазақтары өмір сүрген қала екендігіне ешбір дау жоқ. Жақында «Егемен Қазақстан» газетінің бір санында журналист Фарида Бықайдың мақаласы жарық көріп, мақалада асық ойнауды ұлттық ойынның бірі, спортттық бәсеке ретінде ұйымдастырылып жатқаны жазылыпты. Біздің бала кезімізде асық ойнағанымызды мұғалімдер көрсе ұрсатын еді.   Халқымызда «асық ойнаған азады, доп ойнаған тозады, бәрінен қой бағып, құйрық жеген озады» деген сөз бар. Енді, міне, заман қалай өзгерген десеңші. Енді білімді бол­ған озады деп балаларымызға асық ой­на­та алмай жүрміз. Шындығында, асық ой­ынының түрі көп, 90-жылдары Ш.Уә­ли­ха­нов атындағы Тарих, археология және этнология институты бойын­ша бір докторлық диссертация келіп қаралған. Диссертацияның бір тарауы осы асық ойындары болған. Бірақ та ол жеріне жете жазылмаған деп жұмыс қайтарылған еді. Міне, осы тақырыпты қайта зерттеу қажет сияқты.
Енді табылған заттар – қойдың жілік сүйегінен жасалған шүмек пен кеуі түбек, бұл жас балаларды бесікке жатқызғанда пайдаланатын жабдықтардың түрлері. Шүмек баланың құрғақ, суланбай  жатуы­на пайдаланса, ал түбек баланың таза жатуына пайдаланылған. Түбектің үлкен-кішілігіне қарағанда баланы бөлейтін бесіктердің де үлкен, кіші болғандығы байқалады. Бұл заттардың табылуы жас балаларды тәрбиелеуде  халқымыздың қандай ұқыпты болып, нәрестелердің денсаулықтарына көп көңіл бөлгендерін көрсетеді. Бесікте жатып өскен балалардың дене бітімдері түзу болады.
Екіншіден, бұл мақаланы жазып отырған басты бір себебіміз, ­осындай ұлттық иірімдерді біздің орыстілді археолог әріптестеріміз біле  бермейді. Сондықтан олар мұндай бұйымдарға аса зейін салмайды. Мұндай мәселеге біздің атақты археологымыз А.Х.Марғұлан қатты көңіл бөлген. Өзінің 60-жылдары бір қола дәуірінің зиратын зерттеген мақаласында «қола дәуірінің зиратынан табылған мойын омыртқасы бұл әйел адамның зираты, өйткені омыртқа әйел адам босанғанда сойылған қалжаның мойын омыртқасы. Бұл сүйекті жаңа туған баланың мойны қатқанша сақтайды, қазақта мұндай әдет осы күнде де бар» деп жазады. Бұл әдет бойынша мойын омыртқаны тазалағанда оны пышақпен немесе тіспен мұжымаған. Тиісті деңгейге жеткізе пісірілген омыртқаны жақсылап тазалап, оның жұлынын да шығарып бір жіңішке ағашқа кірігізіп, баланың мойны қатқанша керегенін басына іліп қояды. Бұл әдет осы күнге дейін кейбір жерде сақталған.
Археологтарымыз халқымыздың тарихындағы әдет-ғұрып, салт-саналарын жақсы білулері қажет. Әдет-ғұрыптар үй-жай салуда жиі кездеседі. Мәселен, қазақтар киіз үй тіккенде үйдің есігін шығысқа немесе оңтүстік-шығысқа қаратып тігу сияқты әдет-ғұрып болған. Ал таулы жерде немесе тау етегінде қыстауларда үй салғанда көпшілік жағдайда үйдің қабырғаларын тастан қалаған. Мұндай жағдайды байқаған көрнекті археологымыз К.Ақышев Қаратаудың солтүстігіндегі қалаларды сыртынан бірден байқап, бұл қалалар қазақтар өмір сүрген қалалар деп қазылмай зерттелмей тұрып-ақ бірден ашық айтқан болатын. Ал біз қазба жұмысын жүргізгенімізде оның шын мәнінде қазақтар салғанын, онда қазақтар ХV-ХVІІғғ. өмір сүрген қалалар екендігіне көзіміз жетіп отыр, оған біріншіден жоғарыда көрсетілген заттар дәлел болса, екіншіден, басты бір дәлел ыдыстардың сыртындағы қазақ ру-тайпаларының таңбалары. Cол себептен жас археологтарымыз қазба жұмысының кезінде ерекше көрініс беретін бұйымдарға ұқыпты қараулары керек, өйткені олар халқымыздың әдет-ғұрып, салт-санасынан  деректер беретіні күмәнсіз.

С.Жолдасбаев,
Қ.А.Ясауи атындағы
қазақ-түрік халықаралық
университеті Археология ғылыми-зерттеу  орталығының директоры,
тарих ғылымдарының докторы,
профессор