«Әл-Фараби» мұрасы ұлықталды

225

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясымен бірлесе отырып, шығыстың ұлы ойшылы әл-Фараби мұрасы бойынша дайындалған кітаптадың тұсаукесер рәсімі өтті.

ҚазҰУ-дегі Әлем халықтары әдебиеті институты және «Әл-Фараби» орталығы бірлесе отырып, Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала» мен «Музыка туралы кітап» атты еңбектерінің екі томын, «Ақыл кітабын» («The Book of Mind» орыс және ағылшын тілдерінде) және «әл-Фараби туралы кітап» жинағын жарыққа шығарды. Тұсакесер рәсімінде университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов «1991 жылдың 23-қазанында біздің университетімізге түркі дүниесінің көрнекті өкілі, философ, энциклопедист ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің есімі берілген болатын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұлы ойшылдың ғылыми мұрасын зерттеуге ерекше назар аударылып келеді. Оқырман назарына ұсынылған кітаптар үлкен ұжымның үлкен еңбегінің жемісі»  деді.
ҚазҰУ-дың 80 жылдық мерейтойына байланысты мұнда Фараби мұрасын зерттеу қызу қарқын алғанын атап өткен жөн. 2013 жылдың 23-желтоқсанында университетте «Al-Farabi university smart city» ғылыми-инновациялық жобасы жол тартты. Ол әл-Фараби бабамыздың ізгілік қаласы туралы іліміне негізделген. Жобаны жүзеге асыру мақсатындағы басты шаралардың бірі – әл-Фараби мұрасын қалың көпшілікке жеткізуге бағытталған оқу құралын қазақ және орыс тілдерінде дайындау ісі жүзеге асты.  Жиынды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ проректоры, профессор Шолпан Жаманбалаева жүргізіп отырды. Тұсаукесер рәсімінде «Әл-Фараби және қазіргі заман» деп аталатын оқу құралы ұсынылды. Басқосуда академик, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының президенті   Мұрат Жұрынов, жазушы, Халықаралық Абай клубының Президенті, қоғам қайраткері, «Аманат» журналының Бас редакторы-журналдың кітапханасы кеңесінің төрағасы  Роллан Сейсенбаев,  академик, философия ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Нысанбаев, философия ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби орталығының директоры Жақыпбек Алтаев, философия ғылымдарының докторы, профессор, философия және саясаттану факультетінің деканы Әлия Масалимова, философия ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасының меңгерушісі Гүлжиһан Нұрышева және басқалар сөз сөйледі.
Сонымен бірге баяндама оқыған Техас технологиялық университетінің профессоры Марк Вебб «Үш жылдан бері біздің оқу орны КазҰУ-дың философия және саясаттану факультетімен біріге PhD докторларын дайындап, жазғы семестр ұйымдастырып келеді. Біз үшін әл-Фараби мұраларын зерттеуге үлес қосу – үлкен мәртебе. Өйткені оның шығармашылық мұрасы батыс пен шығыстың мәдени бірлігінің символына айналды» деді.

Ақбота ИСЛӘМБЕК