Руханиятымыздың алтын қазығы

514

Қазақстан Жазушылар одағының мерейтойы бұл бүкіл қазақ руханиятының мерейтойы екенін ұғынған абзал. Қазақтың киелі шаңырағы өзінің 80 жылдығын атап өтті. Мерейтойға Астана мен Алматыдағы белгілі ақын-жазушылармен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен қаламгерлер қатысты. Әдебиет көгіне енді самғап, келешегінен зор үміт күттіретін жаңа буын өкілдері де мерейлі шараның ортасынан табылды. Алыс-жақын шетелдерден арнайы келген қонақтар сапында түрлі шығармашылық ұйымдардың өкілдері, халықаралық дәрежедегі әдебиеттің көрнекті тұлғалары болды. Осы күндері еліміздің әдебиет, мәдениет және өнер газеті – «Қазақ әдебиетінің» де 80 жылдығы атап өтілді.

Мағжан ақын айтқандай, «Алтын күннен бағасыз бір белгі боп» бізге жеткен қазақ руханиятының қарашаңырағы Қазақстан Жазушылар одағы. Іргесін 1934 жылы қалаған одақ тар заманда да қазақ намысының ақ туын аласартпай, бүгінгі тәуелсіз қазақ қоғамының руханиятына бағыт-бағдар сілтеп, жүктелген зор міндетті атқарып келеді. Тіпті тәуелсіздік алған алғашқы өтпелі кезеңдерде әдебиетіміз бен мәдениетіміздің жоқтаушысы болып, көнекөз қариядай елдігімізді, бірлігімізді сақтауға көз-құлақ болып отырған тағы осы Жазушылар одағы. Сондықтан Жазушылар одағының мерейтойы бұл бүкіл қазақ руханиятының мерейтойы екенін ұғынған абзал. Қазақтың киелі шаңырағы биыл өзінің 80 жылдығын атап өтті. Мерейтойға Астана мен Алматыдағы белгілі ақын-жазушылармен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен қаламгерлер қатысты. Әдебиет көгіне енді самғап, келешегінен зор үміт күттіретін жаңа буын өкілдері де мерейлі шараның ортасынан табылды. Алыс-жақын шетелдерден арнайы келген қонақтар сапында түрлі шығармашылық ұйымдардың өкілдері, халықаралық дәрежедегі әдебиеттің көрнекті тұлғалары болды.

Мерейтой Алматы төріндегі ұлы Абай­­­дың ескерткішінен бастау алды.  ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев пен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Сенатор Нұрлан Оразалин Абай рухына, яғни әдебиеттің құдіретіне бас ие тұрып ескерткіш алдындағы мәрмәр тұғырға салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды.
Киелі шаңырақтың 80 жылдығына жиналған дүйім жұрт ҚР Ұлттық кітапха­насына аттанды. Бұнда Қазақстан Жазушылар одағының мерейтойына орай кітап көрмесі өтті. Кітап көрмесі одақтың қалыптасуы мен әр жылдардағы даму тарихынан бастап, туған әдебиетіміздің өсу жолдарын көрсететін «Жазушылар одағының шежіресі», « Арыстар мен алыптар», «Қазақстанның халық жазушылары», «Әдебиет және дәуір тынысы», «Тәуелсіздік толғауы», «Өлең – сөздің патшасы», «Көр­семсөз өнерінің арулары», «Әзіл мен сатира» сынды бөлімдерден тұрды. Көрмеде қазақ әдебиеті классиктерінен бастап, халық жазушыларының және жас толқын қаламгерлердің  шығармалары ұсынылды.
Ал Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстан Жазушылар одағының құ­рылғанына 80 жыл толуына арналған салтанатты пленум болды. Мерекелік шара Қазақстан Республикасының Әнұра­ны­мен ашылғаннан кейін алғашқы құттықтау сөзді ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев алып, жиналған қауым алдында сөз сөйледі.
– Құрметті салтанатты жиынға қатысу­шылар! Баршаңызды отандық әдебиеттің қарашаңырағы – Қазақстан Жазушылар одағының мерейтойымен құттықтаймын. Одақ 80 жылдан бері руханиятымыздың алтын қазығы болып келеді. Бүгінде Жазушылар одағы 700-ден астам қаламгердің басын қосып отыр. Жазушыларымыздың, интеллигенцияның қоғамдағы орны әр­дайым ерекше. Бұл жайлы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында арнайы тоқталды. Мемлекет басшысы «Интеллигенция – жалпы  ұлттық құндылықтар жасаудағы ең басты күш» деп атап көрсетті. Мемлекет тарапынан да ақын-жазушыларымызға барынша қамқорлық жасалуда. Тек соңғы 3 жылда бюджет қаржысына 4 миллион данамен 1,5 мың аталымдағы кітап жарыққа шықты. Олар еліміздің барлық кітапханаларына таратылды. «Жаңа заман әдебиеті», «Тәуелсіздік толғауы», «Жаңа дәуір драматургиясы» сериялары тың туындылардың тынысын ашты. «Бабалар сөзінің» 100 томдығы да кейінгі ұрпақ жадын жаңғыртуға бағытталған. «Шетел қазақтарының шығармалары» сериясы шеттегі 5 миллион қандасымыздың рухани әлемімен таныстыруда. Осының барлығы Елбасының тікелей қамқорлығымен жүзеге асырылуда.


Келесі жыл ел тарихындағы белес­ті, мерейтойлар жылы. Қазақстан мемле­кет­тілігіне бес жарым ғасыр, Шоқан Уәлиха­новтың – 180, Абайдың 170 жылдығы бола­ды. Оның арғы жылы Жамбылдың 170 жылдығы бар. Келер жылы Конституциямыз бен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын да атап өтеміз. Елбасының тапсырмасымен осы мерейтойларға қатыс­ты нақты жоспарлар да жасалуда, – деген Бағлан Асаубайұлы одан әрі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың   құттықтау хатын оқып берді. Құттықтау хатта былай делінген:
«Құрметті салтанатты жиналысқа қатысушылар! Сіздерді Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Бұл еліміздің мәдени өміріндегі айрықша мәнді оқиға, әрі отандық әдебиет тарихындағы мерейлі белес.
Жазушылар одағы – 700-ден астам қазақстандық ақын-жазушының басын қосқан еліміздегі ең алғашқы және ең ірі шығармашылық бірлестіктердің бірі. Одақ – еліміздің мәдени өмірінің дамуына, моральдық және рухани құндылықтардың нығая түсуіне, жастар тәрбиесіне зор үлес қосып отырған іргелі ұжым.
Жазушылардың бүгінгі буыны – ­Қазақ­стан әдебиетінің кешегі Абай, Жамбыл, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мүсірепов, Морис Симашко, Иван Щеголихин сынды көптеген көрнекті тұлғаларының баға жетпес мұраларын лайықты жалғастырушы ізбасарлар.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен мемлекет жазушыларға қолдау білдіріп, қо­ғамдағы шығармашылық орта мен ұдайы  жасампаздық рухты қалыптастыруға қамқорлық жасап келеді. Әдебиет сала­сын­дағы Мемлекеттік сыйлық бар, жас таланттарға Мемлекеттік «Дарын» жас­тар сыйлығы беріледі. Жыл ­сайын қаламгерлерге Президенттік және Мемлекеттік стипендия­лар тапсырылады. Мемлекеттік тапсырыс аясында қазақстандық үздік авторлардың жүздеген кітаптарын шығару игі үрдіске айналған.
Рухани кемелдену, жалпыұлттық құн­дылықтарды дамытып, бейбітшілік пен келісімнің асыл мұраттарын ұлықтау  – «Қазақстан – 2050» Стратегиясының басты міндеттерінің бірі. Жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға белсене араласатын зиялы қауым осы міндеттерді орындауда шешуші рөлге ие. Қазақстан Жазушылар одағы алдағы уақытта да өресі биік зиялыларымызды елдік істерге ұйыстыра беретініне сенемін. Сіздерге зор денсаулық, береке-бірлік, шығармашылық табыстар мен сүбелі туындылар тілеймін!»


Бұдан кейін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов мінбеге шығып, өз лебізін білдірді. «Қазақ халқы «Өнер алды – қызыл тіл» деп асыл сөзді әрқашан ардақ тұтқан. Арғы замандағы абыздар мен жыраулар, бергідегі билер мен шешендер сөз өнерімен жұртын баурады. Ұлы Абайдан басталатын қазақ жазба әдебиеті ұлттық мәдениетіміздің алтын жүзігі болып келеді. Өткен ғасырдың басында осы құдіретті өнерді Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиндер бастап өнегелі ордаға айналдырды. Осылайша Алматыда, қазақ тарихында бұрын-соңды болмаған талғамы жоғары, тағылымы мол шығармашылық орта қалыптасты. Содан бергі Жазушылар одағының 80 жылдық тарихы Алматымен тығыз байланысты. Еліміздің рухани өмірімен біте қайнасқан бұл ұйым халқымызға қаншама талантты толқынды, көркем туындыларды тарту етті. Кешегі жыр алыбы Жамбыл бастаған жыраулар тобы Алматыда айтыс өнерін жоғары деңгейге көтерді. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды алыптар тобы небір классикалық туындыларын дүниеге әкелді. Кеше ғана арамыздан кеткен Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев сияқты ақиық ақындар қазақ поэзиясын жаңа биікке шығарды» деген А.Есімов осы бір рухани сабақтастық тәуелсіздік кезеңінде де жақсы жалғасын тауып отырғанын, Елбасының сындарлы саясатының арқасында ­Қазақ­стан Жазушылар одағы өзінің көбесін бұзбай, қатарын селдіретпей өз алдына қарашаңырақ тігіп, қазақ қоғамының рухани ордасына айналғанын баса айтты.
Сонымен бірге Алматы қаласының төрінде тұрған Қазақстан Жазушылар одағының тарихи ғимараты еліміздің мәдени жәдігері іспетті терең тарихқа ие көне ғимарат ретінде қала көркі мен тарихын әспеттеп тұрғанын да сөз етіп, әкімшілік тарапынан оны күрделі жөндеу үшін 40 миллион теңге бөлінгендігін айтып өтті.
Қазақ қаламгерлерін айтулы күнімен құттықтауға Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мінберге көтеріліп, бүгінгі таңда ел руханияты мен мәдениетіне орасан зор үлес қосып отырған әдебиет майталмандарына жүрекжарды тілегін арнады.
Қазақстан Жазушылар одағы басқарма­сының төрағасы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты   Нұрлан Оразалин жиналған барша қаламгерлер қауымына, алыс-жақыннан келген меймандарға алғысын білдірді.
«Азаттыққа қол жеткен алғашқы күннен әлемдік интеграцияға еркін араласып, көпвекторлы саясат ұстанған, өз шындығын өзі дәлелдеп, өз ақиқатын өзі анықтап келе жатқан Қазақ елінің қазіргі таңдағы әспеттер ұраны жалғыз – ол тәуелсіздік. Ел Президенті Ұлытау сұхбатында «еліміздің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін ұйымдарда Қазақстан ешқашан болмайды. Біздің ең жоғары бағалайтын құндылығымыз– тәуелсіздік» деп  түйіп айтқаны осы сөзіміз­дің айғағы. Мыңжылдықтар тоғысында адам жанын түршіктірер, сұрапыл оқиғалар молайып, табиғи катаклизмдердің қара бұлты қоюланып тұрғаны рас. Қазақстан үшін тәуелсіздіктің басты кепілі – тыныштық. Біздің ел Жұбанның сөзімен айтқанда, «мың өліп, мың тірілген» қазақ жұрты тыныштықтың да, тәуелсіздіктің де қадір-қасиетін біледі, бағалайды. Қазақ үшін тәуелсіздік қалай қымбат болса, сөз де солай қымбат болған. Біздің халық азаттықты сөзден іздеп, сөзді азаттықтың туы етіп желбірете білген. Біз сөзді ата-бабаларымыздың арман-мұратына балаған, сөзді кие тұтқан, сөзге тоқтаған, сөзді би­лік институттарының басты құралы деп танып, айрықша бағалаған елміз. Ел­аралық, ұлтаралық қатынасты да сөзбен реттеуге дағдыланған елміз. Ендеше, бүгінгі басқосуымызды әдебиет пен әдебиетшілер қауымының ғана жиыны емес, сөзді өнер алды қызыл тіл санаған жалпақ жамағаттың Абай тағылымына ден қойып, Махамбет пен Жамбыл жырларын жаттап өскен, 3000 жылдан асып жығылар  ғажайып тарихы бар ұлы жыр мен сөздің бесігін тербеткен, тамырын тереңнен тартқан тағдырлы  жұрттың тағылымды жиыны, басқосуы деп бағалағандарыңыз абзал болар. Өткенге орала отырып, ұрпақты тәрбиелеудің ең қарапайым үлгісі дәстүр сабақтастығы нышанын қалыптастыру. Өткенге оралу арқылы біз жадымызды жаңғыртамыз, жанымызды тазалаймыз, өзімізді бағалаймыз, санамызды саралаймыз, ертеңімізді анықтаймыз. Сондықтан бұл 550 жылдығы аталғалы отырған күллі Қазақ халқының тойы» деп сөзін жалғастырған Н.Оразалин одан әрі қазақ әдебиетінің бүгінгі жай-жапсарына, әдебиеттің атқарар зор міндеттеріне тоқталды.
Салтанатты шарада ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов барша қауымды Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, бүгінгі заманның көкейкесті мәселесін сөз етті. «ХХ ғасыр – түгелімен оқырмандар ғасыры болды. Ал қазір солардың бәрі көрермендер мен тыңдармандарға айналды. Ұлы оқырман жоқ жерде ұлы әдебиет тумайды. Мәдениет министрлігі жазушылармен қоян-қолтық жұмыс істеп, мықты оқырман қалыптастыруы керек» деген ақын сөзі орынды-ақ.  «Әдебиетті сақтау – ұлтты сақтау» екенін баса айтқан Олжас Сүлейменов әдебиет жолында, ұлттық рухты сақтап қалу жолында көптеген шаралар атқарылуы керектігін алға тартты.
КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының президенті, академик, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұрат Жұрынов сөз сөйлеп, қаламгерлер қауымына деген өздерінің жылы лебіздерін білдірді.
Сонымен қатар алқалы жиында Еура­зия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омароғлы, «Кардеш Калемлер» журналының бас редакторы Али Акбаш, Түркия Білім және ғылым министрінің кеңесшісі, жазушы Илтер Йешилай, ха­лық­аралық ТҮРКСОЙ ұйымы аударма бөлімінің меңгерушісі Ясемин Водаб­ле, халықаралық Баталист және маринист жазушылар қауымдастығының басқар­ма хатшысы, Ресейдің еңбек сіңірген қай­раткері Валерий Поволяев, «Литературная газета» бас редакторының орынбасары Максим Замшев, Татарстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Рафис Курба­нов, Әзербайжан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Ильгар Пашаев, Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Ақбар Рысқұлов, Тәжікстанның халық жазушысы Мумин Каноат, Башқұртстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Спартак Ильясов, Қытай Халық Республикасы «Этностық тобының» бас директоры Иу Бинши сөз сөйлеп, ақжарма тілектерін ортаға салды.
Сонымен бірге жаңа толқын атынан Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Жанарбек Әшім­жан құттықтау сөз сөйледі.
Бұдан соң Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай мінберге көтеріліп, пленумның қорытындысы бойынша жазу­шы­лардың атынан қабылданған үндеу мәтінін оқыды. Онда Қазақстан Жазушылар одағының тарихы отандық зияткерлердің қажырлы еңбегімен мыңдаған жарқын беттері жазылған қазақстандық әдебиеттің жылнамасы екендігі, Жазушылар одағы Отанымыздың ұлы ойшылдары іргесін қалаған ізгі  дәстүрді жалғастыра отырып, ХХІ ғасырдағы шығармашылық қыз­метін ел игілігі жолына арнап келе жатқандығы және Қазақстан жазушылары тәуелсіздік жылдарында мемлекеттің көркеюіне, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің нығаюына зор септігін тигіз­ген­дігі айтылған. Сонымен қатар Ел­басы­ның бастамасымен әзірленіп, табысты жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанның рухани қазынасына сүбелі үлес қосқандығы, Елбасы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Зиялы қауым жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда басты күш болуы тиіс» деп атап өткендігі, Қазақстан Жазушылар одағы осы жоғары миссияны іске асыру үшін бар күш-жігерін салатындығы ерекше атап көрсетілген.
«Қазіргі басты міндет –жасампаздық еңбекпен ел іргесін нығайта түсу, мәдениет­ті, ғылым мен білімді дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру. Қазақстанның көр­кем әдебиеті бүгінгі таңда рухани жасам­паздықтың маңызды рөлін іске асыруда және ұрпақтың бойына мейірімділік, ізгілік, толеранттылық, патриотизм идеяларын дарыта отырып эстетикалық талғамды қалыптастырудың жетекші құралы болуда.
Қазақстан Жазушылар одағының 80 жылдық мерейтойында  біз отандық әдебиетшілердің табыстарын бағалап қана қоймай, сонымен бірге одан әрі дамудың және әлемдік зияткерлік кеңістікке кірігудің жаңа бағдарларын межелейміз.
Жазушылар қауымының алдында тұр­ған міндеттер ауқымды да жауапты. Бүгінгі форум қазақстандық жазушылардың орасан әлеуетін Отанымызға және ел Тәуел­сіздігінің идеалдарына рухани қызмет ету атты тарихи миссияға жұмылдырады» делінген үндеуде.
Мерекелік шара еліміздің өнер қай­раткер­лерінің қатысуымен өткен концерт­тік бағдарламаға ұласты.

Қазақ руханиятының қара шаңырағы, қаламгерлердің алтын ұясы Қазақстан Жазушылар Одағымен бірге жасап, өсіп-өркендеп келе жатқан басылым «Қазақ әдебиеті» газетіне – 80 жыл. Сәкен, Ілиястар тұсауын кескен қара шаңырақпен ғұмырлас басылым әу бастан ұлттық әдебиеттің көсегесін көгертуге, мәдениеттің жаршысы бола білуге ұмтылып, бүгіндері де  кешегі дағдысынан айнымай келеді. Басылымның мерейтойына орай әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми-практикалық конференция өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, оқытушылар, профессорлар мен студенттер, алыс-жақын шетелден меймандар қатысты.
Ғасырға жуық уақыт ішінде халыққа қызмет етіп келе жатқан басылым алғаш жарық көрген күннен бастап-ақ ұлттың тәрбиешісі, тәлімгері, бағыт-бағдар көрсетуші құралы бола білді. Басылымның әр жылдардағы тігінділері, басылым тарихынан сыр шертетін фотосуреттер, газет авторларының, көсемсөзшілердің кітаптары ұсынылған көрме «Қазақ әдебиеті» газетінің тарихынан сыр шертті.
Конференцияны Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Сенат депутаты Нұрлан Оразалин ашты. Бұдан кейін сөз кезегі ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінің төрағасы Сәкен Сәрсеновке берілді. Ол  ҚР Премьер-министрі К.Мәсімовтің құттықтау хатын оқып берді.  «Қазақ әдебиеті» газетінің бірқатар қызметкерлеріне «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Олардың қатарында Гүлжамал Теміреева, Ғалымжан Елшібаев, Рыскүл Жұмабаева, Роза Сейілханова, Қарагөз Сімәділ бар.
Бұдан кейін Қазақстанның  Түріксойдағы өкілі, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев ТҮРІКСОЙ төрағасы Дүйсен Қасейіновтың құттықтау хатын оқып, жүрекжарды лебізін білдірді. Бірқатар қаламгерлерге «Пырағы Мақтымқұлұлы» және «Тоқтағұл Сатылғанов» медальдары  тапсырылды.
Конференцияда негізгі баяндама жасаған «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері  Жұмабай Шаштайұлы өз сөзінде былай деді: «Қазақ әдебиеті газеті парасат әлемінде жетекші орын алатын басылым деп баға беретіндер көп. Әрине, ол бізді қуантады. «Қазақ әдебиеті» газеті XX ғасырдағы ұлттық руханияттың қайнар көзі болған басылым. Қазақстан Жазушылар одағы талай ұлылардың ұлағатты мекеніне айналып, солардың табан ізінің табы қалған қасиетті ордасы болса, «Қазақ әдебиеті газеті» Алаш көсемдерінің сөз алаңына айналған құтты орда. Әдебиет пен өнер, мәдениет саласында зор ағартушылық рөл атқарған басылым еркін ойдың, елдіктің үнжариясы бола білді. Кешегі кеңестік кезеңнің 70-80 жылдары ел іздеп жүріп оқитын басылымның бірі «Қазақ әдебиеті газеті» болатын».
«Қазақ әдебиеті» газетін сөз өнерінің ұлттық ұстаханасына теңеген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов өз баяндамасында бұл мерейтойдың мәні зор екенін баса айтты.  Бұдан кейін сөз алған «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры – Редакторлар кеңесінің төрағасы Жұмабек Кенжалин газетке өзі басшылық жасаған жылдарға шолу жасай келіп, басылымның бұдан былай да ұлт мүддесіне қызмет ете береріне сенім білдірді.
Сонымен бірге жиын барысында жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әнес Сарай, «Жамбыл» журналының бас редакторы, жазушы Несіпбек Дәутайұлы, ақын Ертай Ашықбаев, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі Қарагөз Сімәділ өз ойларын ортаға салды.
«Қазақ әдебиетінің» торқалы тойына арнайы келген шетелдік қаламгерлер – Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуп Омароғлы, Түркиядағы әдеби шығармалар авторлық құқық қорғау ұйымы төрағасының орынбасары, ақын Илтер Йешылай, ҚХР жазушылар журналының бас редакторы Акбар Мәжит,  Қырғызстан Жазушылар одағының төрағасы Ақбар Рысқұловтар да жылы лебіздерін білдірді.

Ақбота ИСЛӘМБЕК