Ақан Әбдуәлі, әнші-жыршы: Балаға «Ауырмайды жүрек, ауырмайды» деп мағынасыз өлең жаттатқанша, қисса-дастандарды жаттатқан дұрыс

382

Биыл қазақтың халық ақыны, жырдың қара жорғасы атанған Үмбетәлі Кәрібаевтың туғанына 125 жыл толуына орай, Алматы облысына қарасты  Жамбыл ауданының жұртшылығы дүркіретіп той өткізді.  Осыған орай Үмбетәлі ақынның  атындағы ауылға  ат басын тіреп, тойды өз көзімізбен көріп қайттық. Мерейтой барысында барлық іс-шаралардың басы-қасында жүрген Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-жыршы Ақан Әбдуәлімен аз-кем әңгімелескен едік.

–       Ақан аға, бүгінгі мерейтой Жетісу жұртшылығының мерейін өсіргені анық. Сүйінбай мен Жамбылдың рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа жалғаған Үмбетәлі ақынның да өлең-жырлары, айтыстары жинақталып, үш том кітап болып басылып шықты. Бабалар мұрасына адалдық танытып, дәстүр сабақтастығын бүгінгі ұрпаққа жалғастырып жатқан қадамдарыңыз көңіл қуантады…

–       Қазақта «Жаманнан – кесепат, жақсыдан –шарапат» деген жақсы сөз бар. Үмбетәлінің 125 жылдығына орай осы ауыл (Үмбетәлі ауылы) гүлденіп, түрленіп жатыр. Мемлекеттен ақша бөлініп, 1 жылдың көлемінде қыруар жұмыстар жасалды. «Жақсыдан – шарапат» деген осы. Кенен Әзірбаев атамыз  «Ұстазы Сүйінбайдың Қабан ақын,  бас иген ұлы жүзде тәмам ақын» деп өлең бастайды. Сол Қабаннан жалғасқан ақындық, жыраулық өнерді дәріптеген Сүйінбай, Жамбыл, Үмбетәлі, Әшімхан атамыз, Әлімқұл (Жамбыл атамыздың немересі), одан соң Надежда апамыз, Есенқұл Жақыпбеков, Ермек бар. Дәстүр жалғастығы дегеніміз  осы емес пе?!

–       Оның ішінде өзіңіз де барсыз ғой…

–       Мен солардың мұрасын сақтаушы, насихаттаушымын. Үмбетәлі атамыздың жыраулығы, сөз саптауы ерекше. Кезінде Жамбыл атамыз Үмбетәліні қара жорға деп атауы да бекер емес қой. Оның айтыстары ерекше. Бармақ, Шүкетай, Арғынбай, Әпіжек, Құрама, Кенен барлығы Нұриләмен айтысқа түсуден бас тартып, айтыс кезегін Үмбетәліге беруі кездейсоқтық емес. Бұл Үмбетәлінің ақындық дәрежесінің биіктігін көрсетеді. Үмбетәлінің жыраулығы, қисса-дастан жазуы да үлкен өнер. Бүгінде облыс әкімдігі бастап, Жамбыл аудандық әкімдігі жалғастырып жатқан жиындар, айтыстар  Үмбетәлінің шын бағасын көрсетеді.

–       Бүгінде осынау ақын, жыраулардың жолын жалғаған кімдер бар?

–       1989 жылы ақынның 100 жылдығы тойланған кезде, мен алғаш рет үлкен сахнаға шығып, Үмбетәлінің термесін орындаған едім. Мені көрген Есағам (Есенқұл Жақыпбеков) қолымнан жетектеп, қасына алды. Сол жылы жазда Жамбылдың ақындық мектебі ашылып, мен Үмбетәлінің музейінде бір жарым  ай жаттым. Музейге атамыз Әшімхан Қосбасаров келіп,  Қабан жыраудан, Майкөттен тартып,  Құлманбеттен ағызып, Сүйінбай, Жамбылдан бастап, ең аяғы осы Үмбетәлі, Кененге дейінгі бүкіл жырларды, мақам саздарды үйретті. Басында оқуды 72 бала бастап, оның талайы кетіп, 22-сі қалды. 22-сінен кейін, Жылбек екеуіміз ғана қалдық. Асекеңнен үйреніп, ата-бабаларымыздың жырларын  кейін кітап қылып шығардым. Дәстүрлі жыраулық өнер жалғасын тапты деуге болады. Мысалы, Ерболат Шалдыбеков, Мақпал Тоқтағанова сынды жыршылар, Ләззәт Жанаманова сияқты жыршы-термешілер бар. Ұрпақ жалғасады ғой. Асекең бізге аманаттаған дүниені кейінгі ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Ол кісінің ұрпақ мұрасын жеткізуде, бұрынғы мен кейінгінің ортасын жалғауда еңбегі зор. Біз Асекеңнің алдында борыштармыз.

–       Бір кездері «Ана тілі» газетінің бетінде «Жыраулық дәстүр неге жалғаспай отыр?» деп республика көлемінде мәселе көтерген едік. Өзіңіз басқарып отырған Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінде жыраулық, қиссалық өнерге баулитын   арнайы секциялар бар ма?

–       Секция бізде жоқ. Бірақ арнайы факультатив сабақтар беріледі. Неге десеңіз, балалардың дауысы көп өзгерістерге ұшырайды.  Балалардың дауысын қорғайтын  арнайы халықаралық заң бар. Сондықтан біз тек балалардың болашағына жол нұсқап, дәріс береміз.  Ал арнайы сыныптар жоқ. Бізде Қызылорданың  жыраулық жыршылығы қалыптасқан. Қазір  бізге Жетісудың жыраулық-жыршылығын дамытуды қолға алу қажет. Сарыарқада  жыраулық дәстүр бүгінде жоқтың қасы. Бұрын болған. Ал қазір бірді-екілі  ғана.

–       Жыраулық дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіне тигізер пайдасы жөнінде бірауыз айтсаңыз…

–       Әрине, мол. Балаларды имандылыққа үйретсек, көп нәрседен тиылатыны секілді, терме, толғаудан бастап, олардың қанына сіңіретін болсақ, оның ішінде біздің мәңгілік елдікке бастайтын тіліміз де, дініміз де, ұлттығымыз да, рухымыз да, салт-дәстүріміз де, болмысымыз да, соның барлығы қисса-дастандардың ішінде жатыр. Бізге балабақша, мектептерде осы нәрселерді үйрететін арнайы бағдарлама қажет. «Ауырмайды жүрек, ауырмайды» деп балаға мағынасыз өлең жаттатқанша, қисса, дастандарды жаттатсақ ұтар едік.

«Баяғы өткен заманда, Жиделі байдың жерінде, қоңыраттың елінде, Байбөре деген бай шықты, байлығын оның сұрасаң, тоқсан мың екен қорасы. Өзінше бөлек жүреді торысы менен аласы, соншама бай болса да, жоқ екен ердің баласы. Жаратқан Алла бермесе, жоқ екен пенде шарасы» дейді «Алпамыс батыр» жырында. Осыны  үйренген бала жаман болмайды. Сондықтан оның пайдасы – шаш етектен. Зияны – нөл. Сол себепті жыраулық, қиссалық дәстүрді қайта қолға алып, өскелең ұрпақтың бойына сіңіру әсте қажет. Ол үшін жоғарыда айтқанымдай, мектептерде арнайы факультативтік сабақтар, курстар ашылуы тиіс. Біз осыған көңіл бөлсек, балаларымыз білімді һәм тәрбиелі болары сөзсіз.

–       Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен  С. Қадырбек