Айбек Қалиев, айтыскер-ақын: Өзді-өзі келісіп, айтысқанды құптамаймын

Біздің өңір өлең-жырдың сарқылмайтын бұлағы дерсің. Тынымсыз атқылайды да жатады. Мұнда туған бала бесігінде ерекше үнмен ыңылдайтын, есейе келе сөзге құлақ түретін секілді. Дәлел: алпысыншы жылдары Жанкелдин ауданының Тәуіш ауылынан суырылып шығып, Жұмаділ Қалиев айтыс өнерінде жанкүйерлердің көңіліне жағып еді. Енді, міне, оның орнын ауылдасы, фамилиясы ұқсас Айбек басқан. Облыстық, республикалық айтыстарда сан мәрте жүлдені қанжығасына өңгерген жігіттің шабыт бойын билеген сәтін мерзімдік басылымдардың беттерінен, теледидар хабарларынан талай рет ұшыратып, дүркірете қол соққанбыз. Ел намысын қызғыштай қорыған әлгі інім қазір менің қарсы алдымда отыр:
–  Сонымен, айтыс өнеріне қалай келдің?
– Қаратүбек орта мектебінің мұғалімі Ғалымжан ағай Бекетов қазақ әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын. Өлең жазуға құштар оқушылар Абзал Алпысовты, Аязбек Ержановты және мені өзара айтыстырып қоятын. Үшеуімізді аудандық айтыстарға қосып, қарсыласымызға есемізді жібермегенде балаша мәз болатын.
Мұның сыртында, Отар Нұрманғалиев, Қонысбай Әбілов, Жадыра Құтжанова, Бүркіт Бекетов, Игілік Бейсенбаев ағаларымыздың айтыстарын көгілдір экраннан қызықтап, жаратылысы бөлек шоғырға еліктеп бағатынбыз.
– Табан астында шумақты туындатудың сыры неде?
– Қай жерде де әзірлік ауадай қажет. Сондықтан күнілгері нені тілге тиек ететінімізді жобалап, қағаз бетіне қондырамыз.  Айтыс қызғанда құлашты кеңге сермейтініміз тағы бар.
– Сондайда өкінген жоқсың ба?
Манадан көсіліп сөйлеген кейіпкерім үнсіздікке көшті. Бір оқиғасы ойына оралғандай. Шамасы, ақын Оразәлі Досбосыновқа сөздің иінінде «…Көлеңкеде өскен ит, күнге қарап үреді» дегеніне іштей қынжылатын сияқты.
– «Сөз сүйектен өтеді» деп бекер айтпаған аталарымыз. Сынды теріс қабылдайтындар дөңайбат көрсететін шығар?
– «Қашанғы тіліңнің бізін қадайсың?» «Билікке неге соқтыға бересің?» деп телефон шалғандар жетеді. Бәрінен бұрын қажылықтың қадірін кетіргендерді шенегенімде Амантай қажының «Мойныңды бұрап, жұлып аламын» деп шамданғанына қайранмын.
– Ғылымға тез бет бұрдың ғой.
– Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде оқытушы болып жүргенімде ақын Файзолла Сатыбалдыұлы туралы мақала жазғанмын. Соны газеттен оқыған ұстазым, көрнекті ғалым, білікті әдебиет зерттеушісі Рымғали Нұрғалиев алда тақырыптың аясын кеңейтіп, Торғай ақындарының дәстүрлі поэзиясы жан-жақты қамтылған күрделі еңбекке кіріскенімді қалады. Нәтижесінде өзі ғылыми жетекшім, филология ғылымдарының докторы, танымал ақын Асқар Егеубаев оппонентім болып, диссертациямды ойдағыдай қорғадым.
– Еңбегіңнің тиісінше бағаланғанына қанықпын.
– Шүкір, еңбегім әділ бағаланып, бірнеше жеңіл машина, қомақты қаржы бұйырды маңдайыма.
– Бүгінде «Айбек Қалиевтің шәкіртіміз» деушілер көбейіп барады. Дегенмен, қайсысынан үлкен үміт күтесің?
– Әсіресе, Азамат Мәлжанбай, Тоба Өтепбаев, Екпін Советханның ізденісі ұнайды.
– Сазгерліктен де құралақан емессің білем?..
– Студенттік дәуірде екі-үш әнім дүниеге келген. Беріректе Торғайдың әншілігімен, жыршылығымен, термешілігімен тыңдаушысын ұйытқан өнер өрендері жайлы өлеңге лайықталған толғауымды бітірдім. Оны «Айбектің толғауы» деген атпен есімі республика көлеміне мәлім жас әнші Шаһаризат Сейдахметов концерттік бағдарламасына енгізген.
– Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтында декандық қызметіңе қоса, талабы таудай студенттердің қабілетін ұштауға уақыт табатыныңнан да хабардармыз.
– Түзу өсуі үшін ағашқа да бап керек. Соны ескеріп, студенттердің бос уақытында жүрегі қалаған өнерімен түбегейлі айналысуына бағыт сілтеймін. Соған орай Міржақып Дулатов атында әдеби-мәдени бірлестік те құрдық. Торғай ақын-жазушыларының шығармашылығы пән ретінде оқытылады. Институтымыздың ректоры Сейітбек Қуанышбаевтың тікелей араласуымен жеке баспамызда «Торғай ақын-жазушылары» сериясымен қаламгерлердің еш жерде жарияланбаған әдеби мұрасын бастыру жағын қарастырудамыз.
Әйтсе де бірлестіктің шаруасы мұнымен шектелмейді. Поэзияға, айтысқа, журналистикаға бейім студент-тер кеңінен тартылады. «Көңілді тапқырлар клубы» мен шағын драма театры тұрақты жұмыс істейді.
– Айтыстың насихатталуы хақында әңгіме өрбітсең?.
– Айтыс өз деңгейінде насихатталады деу қиын. Мысалы, теледидар арқылы көпшіліктің назарына көбірек ұсынуға енжармыз. Бергеннің өзінде қатты сыналған тұстарын бейне-таспадан қырқып тастайды.
– Айтысты дамыту төңірегіндегі ойларыңды ортаға салсаң?
Өзді-өзі келісіп, айтысқанды құптамаймын. Олай дейтінім, айтыс табиғи қасиетінен айырылады.
Меніңше, айтысқа ат-үсті қарау – өнерге қиянат. Абзалы, аудандық, облыстық жарыстарда озған адамдарды ғана республикалық айтысқа қатыстыру тиімді.
– Айтыс өнеріндегі жиырма жылдық еңбегіңе арналған кешіңе қатысқандардың бәрі аса қуанышты. 
Бұл арада да Айбек сыпайылық танытып, кештен көкейге түйгенімізді өзіміздің баяндағанымызды жөн санады.
Шындығында, кеш терең мазмұнға құрылғандығымен әлі күнге дейін қалың жұрттың есінде. Ең кереметі – Астана, Алматы, Қостанай, Жезқаз-ған сынды ірі қалалардан айтыс өнерінің ыстығы мен суығын бастан қатар өткерген ақындардың түгел жиналуы, сахна төрінен небір сөз маржандарының төгілуі. Мәселен, болмысы басқа саланы жандандыруды көз-деген, сөйтіп айтыстың атасы атанып үлгерген Жүрсін Ерман:
… Заманақыр етпеді мұңды кімді,
Көріп жүрміз қулық пен
сұмдығыңды.
Ертеңіміз не болар деп жасқанбай,
Айтып жүрсің Алашқа
шындығыңды.
Айтып жүрсің айтыста ғажаптарды,
Таң атуға, – дейсің сен, –
аз-ақ қалды.
Құлағының түбінен мылтық атып,
Оятумен келесің қазақтарды, –
деп сүйікті шәкіртінің турашылдығын меңзеді, тәлімгері Қонысбай Әбіл:
… Көңілдің көз салғандар әйнегінен,
Айбектің мін табады қай жерінен.
Тобылдың тобылғысы секілденген,
Аман бол, айналайын, Бәйге күрең! – деп ізбасарына ақ жол тіледі.
Жарасымды сый-сияпат болды.   Курстасы, белгілі ақын Қалқаман Сарин  кешті қызықты да тартымды өткізді.
Айтыскер кешіне  қаржылай демеу-шілік жасаған жерлесіміз, кәсіпкер Балғабай Қабжановтың  өнерді шынайы түсіне білетініне  риза боласыз.
Жақсылық Жүнісұлы,
Арқалық қаласы
«Қостанай таңы» газеті