Жезбұйда

1182

«Төрт түліктің төл атаулары» айдарының бұл шығарылымында түйеге қатысты атауларды, сол атаулардан өрбитін ұғымдарды тарқатуды жалғастырамыз.
Көшпенді өмір салтында және қазақ халқының тұрмысы мен ша­руа­шы­лы­ғында ата кәсібінің бірі болып саналатын мал шаруашылығы кең орын алғаны белгілі. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан шаруашылық түрі тіршіліктің көзі болумен қатар, сол тіршілікті өрістету арқылы әрбір кәсіптің қыр-сырына терең үңіліп, барлық сипатын танумен де ерекшеленген. Мәселен, малдан алынатын жүнді ұқсата біліп, киім-кешек тігу әдісін де үйренген. Бұл орайда түйе жүнін де пайдасына жарата білген.

Түйенің жүнінен жасалған көрпе, тоқылған шекпен немесе өзге де нәрселер суықтан қорғайтын жылылығымен ерекшеленген. Түйе жүнінің суыққа төзімді, жел мен ызғарды өткізбейтін, бойында жылылықты сақтап тұратын қасиеті бар. Осы ретте, түйеге қатысты төл атаулардың ішінде түйе жүнінен тоқылған заттардың атауларын да келтіре отыруды жөн көрдік.
Қазақ халқы  ақ тайлақтың жүнінен тоқылған шекпенді ағима шекпен деп атаған. Ал ақ үйме деп түйенің жүнін айтатын болған. Көшпелі өмір салтында бүгінгі тілмен айтқанда жүнді өңдеу, шаруашылық түріне бейімдеу машығы жақсы дамыған. Жүннен тоқылған сан түрлі киімдер, көрпелер мен алаша, киіздер үй ішіне сән беріп қана қоймай, тұрмысты ыңғайлы етіп, тіршіліктің қолайлылығын да қамтамасыз еткен. Бұл ретте, асмалдық деп аталатын түйе кежімі, әшекейлеу, жабу туралы да осыны айтуға болады.
Көшпенді өмір салтында көліктің алатын орны ерекше. «Ат-көлігің аман ба? «Көш көлікті болсын» деген сөздерден халқымыздың көлікке ерекше мән бере қарағанын аңғарамыз. Өйткені көліксіз көшу де, діттеген жеріңе жету де мүмкін емес. Сайын дала төсінде ел арасындағы байланыс пен қарым-қатынас, хат-хабар алмасу, ел тұтастығы мен жер тұтастығын сақтау, жаудан қорғану, т.б. мәселелерде көліктің сақадай сай болуы аса қажет. Сондықтан көштің көлікті болуы да осы ыңғайда айтылған үлкен мәні бар сөз.
Түйе жануарының да көшпенді тұрмыста атқарған рөлі жоғары болған. Бұл орайда «Соңғы түйенің жүгі ауыр» деген сөзге қарап, көшпенді ел жүктің ең ауырын түйе жануарына артқанын байқаймыз. Себебі түйенің шыдамдылығы, күштілігі өзге жануарлардың қасында анағұрлым жоғары дәрежеде тұрғаны айтпаса да түсінікті. Ал түйеге жүк салып, тасымалдау үшін арнайы жабдық керек. Бұл жабдық болмаса, жүктің ойдағыдай жиналмай, жолда шашылып, берекесі кетуі әбден мүмкін. Осыған жете мән берген халқымыз көшіп-қону үшін түйеге арнайы жабдық жасайтын болған. Ол жабдықтың атауы ауыт деп аталған. Ауыт дегеніміз – нар түйеге жүк арту үшін ағаштан жасалған жабдық. Түйені қомдау да ауыттау деп аталған.
Адам баласының ағзасы сияқты жа­нуарлардың да ағзасы түрлі дерттерге ұшырайтыны белгілі. Осы ретте, түйелердің өзіне тән кеселдері мен сырқат түрлері кездеседі. Әрбір сырқат пен кеселдердің өзіне тән атаулары да бар. Мәселен, бақана, ақ шелек, бұрташ, көк жорға, маймақ және т.б. атаулар түйе жануарының бойында кездесетін ауру түрлері болып есептеледі. Енді солардың мән-мағынасына келейік.
Бақана деп түйе малындағы бақай арасындағы бездің бұзылуынан пайда болатын ауруды айтады. Мұны жылқыда – ақбас, сиырда – аусыл, қойда – айыр деп атайды. Ал түйе малында кезігетін індетті ақ шелек деп атайды. Бұрташ­ – түйе малындағы зәр шығара алмайтын ауру болса, көк жорға деп түйе кеселі айтылады. Түйенің аяғына түсетін аурудың бір түрі маймақ деп аталған. Әрине, далалық өмір салтының күллі болмысын бойына сіңірген халқымыз төрт түлікке байланысты пайда болатын ауру түрлерінің емдік тәсілдерін де жетік білгені сөзсіз. Әрбір кеселді емдеу жолын түрлі әдіс-амалдар арқылы, емдік шаралардың көмегімен жасаған.
Түйенің денсаулық жағдайын қалыпты сақтау үшін оның немен қоректенетінін білу де маңызды. Осы орайда түйенің құмартып жейтін тікенді шөбі бар, ол лақса деп аталады. Жалпы, түйе малы жылқыдай талғампаз емес. Оның қорегін тікенді шөпті жеп, сол арқылы жинаған нәрі де өтей береді. Себебі түйе малының жаратылысы шөлейтті жерлерге бейімделгендіктен, ол сол маңдарда өсетін өсімдіктерді азық қыла береді.
Түйелердің өзіне тән төл атаулары олардың бітім-болмысымен, даралығымен, ерекшелігімен астасып жататыны белгілі. Сол атаулардың мәніне үңіліп, сырына терең бойлау барысында ана тіліміздің байлығын, ұшан-теңіз сөздік қорын да жете тани түскендей боламыз. Өйткені белгілі бір аядағы тілдің дамуы сол шаруашылық түрінің де өрістеуімен тікелей байланысты екені шындық. Әлдебір кәсіп түрінің дамуымен қоса оның сөздік қолданысындағы атаулар да кеңінен дамып отырғаны аян. Демек, сөздік қорының молынан дамуы, атаулар тізбегінің көп кездесуі сол кәсіптің ерекше дамығанын білдіреді. Осы себепті де тіліміздің лексиконындағы түйе шаруашылығына қатысты төл атау­лар көп кездеседі. Бұл атаулардың қойылу сыры, қолданыс аясы, шығу тегі ғасырлар бойы қалып­тасып, жетілгені белгілі. Ендеше, түйе жануарына қатысты әрбір атауға ұқыптылықпен қарап, оның тарихи-әлеуметтік, мәдени-этнографиялық мәнін айрықша түсініп, қадірлей отыра оларды жеке және біртұтас қалыбында зерттеп, келесі ұрпақтар­дың еншісіне бұйырту да асыл парыз­дарымыздың бірі болмақ.
Әрине, бүгінгі таңда тұрмыс салтымыз бұрынғы замандардағыдай болмаса да, біз ата-бабамыздың көшпенді өмір салтында қалыптастырған бай қазыналарын, соның ішінде төрт түлікке қатысты төл атауларды, солармен байланысты ұғым-түсініктерді мейлінше сақтап, дамытып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының арқауына айналдыра білуіміз керек. Бұл бүгінгі ұрпақтың этнографиялық таным-түсінігін, көкжиегін кеңейтіп, атам қазақтың байырғы кәсіп түрлерін білуге, әрбір атаудың өзіндік сипатын ұғынуға үйретері сөзсіз. Осы орайда түйе жануарына қатысты энциклопедиялық жинақтарды шыға­руды қолға алу, атаулардың тізбегін жасау, анықтамалығын құрастыру, оқу­лықтарға ендіру де аса маңызды жұмыстардың бірегейі болар еді.
Ойымызды әрі қарай сабақтай түсу мақсатында төменде түйеге байланыс­ты атауларды оқырман қауым назарына ұсынуды жалғастырамыз:
Бөдене: бөдене бота – азғын будандардан туған қатпа бота.
Епірік – шұбат көбігінің бетіне қонған май.
Жайма – түйе өркешінің арт жағы.
Жауық – түйе жауығы.
Жебелек – түйенің қара шудасы қосылып өрілген шаштың етегі.
Жезбұйда – түйенің жетек бұйда деп аталатын бас жібі.
Желбесек – түйенің мұрындық ағашы мен бұйда жіптің арасындағы кішкене жіп.
Жұлқар – түйенің астыңғы екі күрес тісі.
Зұлпы – үлектің екі жауырынынан тізесіне қарай ұйыса біткен жүні. Кей жерлерде құлып салатын ілгешек темірді зұлпы дейді.
Кәтеп – жүк артқанда нардың өр­кешіне батпау үшін ұзынына қойы­ла­тын ағаш. Қатеп болып та айтылады.
Көшек – бота. Түйе қартайса көшегіне ереді. Божығай.
Күрт – нар маяны үлекпен шағы­лыс­тырудан туған бірінші ұрпақты жөң, екінші ұрпақты күрт деп атайды.
Қайымалы – боталайтын інгеннің жалпы аты.
Қарабез – түйеде болатын жұқпалы ауру.
Қаратұқай – түйенің бақайының басындағы мүйіз тұяғы.
Қисықтөс – нар түйе мен інгеннің будандасуынан туған суыққа шыдамсыз, әлсіз тұқым.
Қомдық – түйенің қом орналасқан жері, жотасы.
Қуырша – түйенің үстіндегі жүкті жауып, екі ұшын алдына әкеп түйген кілем.
Құлпатша – үлек пен айыр інгеннен туған біртуманың екінші аты.
Құртабан – қоспақ бура.
Мойнақ – түйенің мойын терісі. Тау басының түйе мойнынан ұқсас иіліп келген жері.

«Қазақ әдеби тілінің сөздігі» және
«Сөз – сандық» кітаптары
 бойынша дайындаған
Дәуіржан Төлебаев