Сахнада – «Ана тілі» аруы» мен «Жігіт сұлтаны»

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің университеттік «Ана тілі»  аруы» және «Жігіт сұлтаны» – 2014» байқауының ақтық сайысы өтті.

Бұл байқаудың  басты мақсаты – жастар бойында ұлттық тәрбие құн­дылықтарын дамыту, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, жастардың жеке тұлға ретінде үйлесімді дамуына, ру­хани және жеке кемелденуіне жәр­демдесу, бүгінгі  қыздар мен жігіттер­дің шығармашылық және жоғары зият­кер­лік әлеуетін дамыту, сондай-ақ салауатты өмір салтын, табиғи сұлулықты насихаттау.
Байқаудың алғашқы кезеңіне әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен 500-ге жуық үміткер қатысқан болатын. Олардың саны екінші кезеңде 90-ға дейін кеміді. Қатысушылардың интеллектуалды өресі, өнері, білімі сараланған бұл сында 13 факультеттен 8 қыз, 8 жігіт таңдалып алынды. Осы уақытқа дейін арулар өз қолдарымен қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, жәрмеңке өткізіп, одан жиналған қаржыға жетім балалар үйіне қамқорлық іс-шараларын жүргізді. Ал жігіттер асық ойнау, қол күрестіру сияқты ұлттық спорттық сайыс­тар ­бойынша сынға түсті. Сонымен қатар байқауға қатысушылардың тек спорттық қабілеті ғана емес, ұлттық дәстүрді білуі, үлкенді сыйлай білуі де назарға алынды.
Шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің проректоры  ­Дархан Ахмед-Заки құттықтау сөзімен ашты.
Сайыстың әділ қазылар алқасының құрамында белгілі әнші, ҚР еңбегі сіңірген артисі Майра Ілиясқызы, «Ана тілі» ұлт газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай, белгілі ақын Талант Арынғали, продюсер Алуа Қонарова, әнші Әли Оқапов, университеттің тәрбие жұмысы жөніндегі департаментінің директоры Меңдігүл Сағатқызы және басқалар болды.
Байқаудың ақтық кезеңі де қызу тартыспен өтті. Оған қатысушылар сәлемдесу, сұрақ-жауап, өнер сайысы, ұлттық нақыштағы заманауи сән үлгілерін көрсету (дефиле) сынды 5 кезең бойынша бақ сынады. Жарыстың әрбір кезеңі көрермен қауым үшін әсерлі болды. Белгілі дизайнер Мүсілім Жұмағалиевтің ұлттық нақыштағы киім үлгілері көрермен  тарапынан жылы қабылданды.


Сонымен «Ана тілі» аруы – 2014» байқауының бас жүлдесіне журналистика факультетінің 2-курс студенті Еңлік Әбдіқадыр ие болды. Ал «Жігіт сұлтаны» – 2014» байқауының бас жүлдесі философия және саясаттану факультетінің 3-курс студенті Ақниет Жұбанышқа бұйырды. Бірінші орын иегері филология факультеті 3-курс студенті Мадина Әбдіманап пен журналистика факультетінің 1-курс студенті Әлішер Қабдолданов, екінші орын иегері физика-техникалық факультетінің 2-курс студенті Қымбат Көпбай, физика-техникалық факультетінің 1-курс студенті  Нұрдәулет Баекешев атанды.

Ақбота ИСЛӘМБЕК