Ахметжан Ашири: ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ТАРИХЫ БАЛБАЛ ТАСТАН БАСТАЛАДЫ

562

Аға, сіз ұйғыр халқының белгілі жазушысысыз. Қазақтар да Сізді жақсы біледі. Бауырлас ұйғыр халқы арасында қазақ тілі қандай деңгейде қолданылады. Жалпы баға бере аласыз ба?  

Осыдан бес-алты жыл бұрын бір мақала оқып қалдым. Атауы есімде қалмапты. «ЮНЕСКО-ның зерттеуі бойынша Қазақстандағы ұйғырлардың 86 пайыз қазақ тілін біледі» депті. Рас айтқан. Мысалын өз отбасымнан байқаймын. Қазақ тілін еркін қолдана береміз. Өзім ҚазҰУ-нің филология факультетін бітірдім. Мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі. Кемпірім де тілге жетік. Мұғалім болған. Мектепте, баспаларда жұмыс істеді.

Қазақ тілін бала кезден үйрендіңіз бе?

Мектепті, университетті қазақша оқыдым. Тілім ұйғырша шыққанымен, қазақ тілін меңгеруіме әкем көп ықпал етті. Марқұм, үнемі: «Балам, қазақ тілін үйрен. Қарашы мынау көршілеріңе. Мінезі ашық-жарқын, Дәстүрі де мықты. Осылардың тілін білсең, достарың көп болады» дейтін. Расымен, біздің өте жайдарлы, аузын ашса жүрегі көрінетін көршілеріміз болды. Есіме алсам, әліге дейін сағынамын. Мен Малыбай деген жерде туып өскенмін. Олар Балқаштан көшіп келді, ұмытпасам. Барымен бөлісіп, бізбен туысқаныңдай араласты. Сол мінездері әсер еткен шығар, қазақ тілін өз ана тілімдей көріп кеттім. Екіншіден, Төрехан деген әпкем болды. Тіл үйретудің тәсілін жақсы білуші еді. Қазақша бір сөзді айтып, аудармасын ұйғырша түсіндіреді. Өзі қазақ тіліне судай. Қазақша «бар» деген сөз, ұйғырша «ба» болады, «кел» деген «ке» деп үйрететін. Сол сәттері есімде қалыпты. Әпкем беріге дейін маған: «Ей, Ахметжан, сен неге қазақша әңгіме жазбайсың. Қазақ тілін жақсы білесің. Егер қиын болса, кітаптарыңды қазақ тіліне өзің аударып үйрен. Жазғаныңды қазақтар да таныссын. Мына халқтың әдебиетіне де еңбегіңді сіңір. Ана «Едіқұт» романыңды аударшы. Білмеген нәрсеңді менен сұра. Көмектесейін» дейтін. Бұл сөз маған демеу болды. Содан кейін, «Едіқұтты» қазақша аудара бастадым.

Аударып біттіңіз бе?

Әлі бітпедім. Әпкем мені көрген сайын «шығармаң не болды» деп сұрай беретін. Қазір дүниеден өтті. Қайтыс боларынан екі ай бұрын маған хабарласып: «Сен «Едіқұтты» қазақшалап біттің бе? Неге созылып кетті?» деп ұрысты. «Жүз жетпіс беттей аудардым» дедім. Әпкем: «Онда соны әкел, қарап берейін» деді. Мен салақтық таныттым. Бәрін аударып, бір-ақ апарып беремін деп ойладым. Сөйтіп жүргенде әпкем қайтыс боып кетті.

«Едіқұт» деген нені білдіреді?

«Еді» деген – мемлекет. Ал, «құт» сөзі – қазақша да құт деп аударылады. Яғни Құт қонған ел деген мағынаны береді. Тұрпандағы болған мемлекеттің аты. Тарихи ескі жазбалар мен мұрағат деректері негізінде жазылған. Шыңғысхан мен Едіқұт әміршісі Баурчық – артекенің досты­ғы туралы. Роман орыс тілінде жарық көрді, қазір ағыл­шын, түрік тіліне аударылып жатыр. Ал, қазақ тіліне өзім аударып жатырмын.

Қиындық туғызып жатқан жоқ па?

Әрине, аздап қиындау. Қазақ тілінде сөйлеу басқа да, жазу басқа ғой. Әдеби тілдің өзіндік талап, салмағы бар. Сөздіктерді пайдаланамын. «Кәдімгі ұйғыр тілі лұғұты» деген сөздікті қараймын. Байқасам, ұйғыр тілі мен қазақ тілінің көп сөзінің айырмасы жоқ екен. «Еее, мынаның көп жері қазақ тіліне ұқсас» екен ғой деп ойлаймын.

Осы қазақ-ұйғыр сөздігі бар ма?

Жоқ, жасалмаған. Ұйғыр-орыс, араб тілі деген сөздіктер шыққан.  Бірақ, қазақшасы жоқ. Ол міндетті түрде болашақта жасалу керек деп ойлаймын. Жасалса, қазақ тілді ортаның дамуына зор үлес қосатын еді.

Қалай ойлайсыз, қоғамда мемлекеттік тілдің дамуы байқала ма?

Әлбетте. Жастарға қарап болашақты болжауға болады. Мен өзімнің ақын-жазушы інілеріммен кездескенде үнемі «қазақша қандай кітап оқып жүрсің?», «Абай жолын» оқыдың ба? деп сұраймын. Көбісі оқымайды. Өзім апта сайын шығатын «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» сияқты әдеби басылымдарды жібермей қараймын. Жаңағы жас жазушы інілерімде: «Қазақ әдебиетінде» ана бір жас жазушының әңгімесі шығыпты. Алып оқы» деймін. Тіпті газетті қолына ұстатып, мынаны оқып кел, ертең кездескенде айтып бересің деп шегелеп кетемін. Мұның бәрі тілге құрмет, сыйластық, онан қалса өзінің кәсібилігін арттыру ғой. Мына Қ.Қожамияров атындағы ұйғыр театрына барып та айтамын: «Біздің театрдың дамуына қазақ мәдениеті көп әсер етті. Қазақ драматургтерінің шығармаларын міндетті қойыңдар. Бұл біріншіден танымдарыңды кеңейтеді. Екіншіден, сырт көз сыншы деген, ертең неміс, кәріс, орыс театрларымен салыстырғанда, біздің туысқандық байланысымыз анық көрініп тұру керек» деймін. Бір қуанарым, айналамды жүрген іні-қарындастарым қазақша жақсы біледі. Тіпті үлгі етіп көрсетсе де болады. Соларға қарап, қазақ тілі дамиды деп ойлаймын. Бастысы дұрыс насихаттау керек.

Насихатқа көңіл толмай ма?

Маған газеттерде сынап жататын кейбір журналистердің пікірі ұнамайды. Тілді қашан үйренеміз? Қазақ тілінің жағдай не болмақ? деп жыларман болып отырады. Мемлекеттің тіл туралы бағдарламасы бар. Заңдары бар. Кеше Ұлытаудағы сұхбатында да: «Қазақша сөйлеуіміз керек. Ешкімге «анау сөйтпеді, мынау бүйтпеді» деп сын айтудың жөні жоқ» деді. Мемлекеттік тіл үшін әр адам не істеп жатыр? Міне, содан бастау керек әңгімені. Құр айғаймен тіл үйрете алмайсың. Оған индивид ретінде үлес қосып бастау. Мен бұрын сабақ бергенде қазақ тілінің тарихын сонау балбал тастан бастайтынмын. Орхон-Енесей бойындағы тасқа қашалған сөзден бастап түсетінмін. Оқушылардың бойына мақтаныш, кербездік ұялататынмын. Жұртқа қазақ тілін насихаттағанда солай айту керек. Онан қалды өз бала-шағасына, досына, көршісіне үйретсін. Елбасы «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деді. Қоғамдық орында қазақша сөйле. Солай дамыт. Әркім мемлекеттік тіл үшін не істеп жатырмын деп сұрақ қою керек.

Тілді дамытуға индивид ретінде үлес қосу керек деп жатырсыз. Қазір де қазақ тілін насихаттап жүресіз бе?

Үйде немерелеріме қазақ тілін үйрен деп жиі айтып отырамын. Олар енді өсіп келе жатыр ғой. «Күніне бір сөзден үйрен. Жазып үйрен. Білмегеніңді сұра» деймін. Кейді есіме түсіп кетеді. Бала күнімде әке-шешемізде осылай айтып, үйретіп отыратын еді. Ой, дүние-ай десейші. Қазір немелеріме сол әке-шешемнен келе жатқан өсиетті айтып отырмын. Мен өзі кітапты жиі оқитын адаммын. Енді кітап жинағыштар заманында дүниеге келдік қой. Кезінде Абайдың, Әуезовтың кітаптарын жорғалатып оқып шығыппыз. Байқамаған екенбіз, қазір «Абай жолын» қарап отырсам көптеген біз білмейтін сөздер, керемет тіркестер бар. Соны түртіп аламын. Кейін, бір той-томалақта сол сөзді ұйғырша айтып берсең, бәрі таңқалып қалай-қалай сөйлейдей ә? деп таңырқап жатады. Мен «ол үшін қазақша кітап оқыңдар» деп айтамын.

Тәсіліңіз мықты екен.

Иә, тілді үйренуге де, дұрыс насихаттауға да болады. Алдымен ниет пен жүрек қалауы керек. Бізде не, бір-екі орысты қазақша сөйлетіп қойып: «оо, міне қазақша сөйлеп жатыр» дейді. Содан қазақ тілін үйреніп кете ме екен. Кәсіп үшін қазақ тілін үйренетіндерді мүлде ұнатпаймын. Тірі адам тіршілігін кешеді. Құдай асқазан бергеннен кейін, оған тамақты өзі жеткеріп тұрады. Тілі жоқ сақау, мылқауларда өмір сүріп жатыр емес пе? Қызмет, мансап үшін тілді үйренуде дұрыс шығар. Бірақ алдымен сол ұлттың өзіне, тіліне деген құрмет болуы керек. Осылай үйренген тіл бойыңа жұғымды болады. Алдымен ұжданы қалау керек. Мен өзімнің немерелеріме айтып отырамын. «Сендер қазақ тілін үйреніңдер. Бұл борыштарың» деймін. Кейде, кейбір қазақтармен отырыста кездесіп қаласың. Қазақшаға шорқақ. Әрең сөйлеп отырады. Сондайда оған: «Қадыр Мырзалиев ағаңның мынадай өлеңі бар ғой. Ана тілім – арым бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл. Өз тіліңді құрметте, — деген. Орыс тілін білгенің дұрыс. Неге өз тіліңде құрметтемейсің деп намысын қамшылаймын. Көбісі, ұялып кетеді. Кейбірі кешірім сұрайды.

— Бізде орыс тілі әлі басымдыққа ие. Сондықтан да, аға буын қазақша үйрене алмай жатқан шығар.

— Енді ол уақытша нәрсе ғой. Мен ҚазГУ-ді бітіре сала жұмысқа шақырды. Арызды қазақша жаздым. Маған «орысша білмейсің бе?» деп сұрады. Орысша жазып едім, қате көп болды. «Жұмысқа алынбайсыз» деді. Мен енді сол кезде ҚазГУ-ді бітірген қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімімін. Бұл енді 1961 жылы болып жатқан оқиға ғой. Мұндай жағдай менің басымда емес, сол кездегі замандас барлық қазақтың басында болды. Орыс тілін білмесе жұмысқа алынбайды. Қоғамда екінші сортты адам ретінде қаралды. Соны көрген адам, әрине, баласын орыс мектебіне беріп, орысша сөйлеуге мәжбүр болды. Бірақ, бұл уақытша нәрсе деп ойлаймын. Себебі, қазақ тілі – тарихи тіл. Тамыры тереңде. Ертең-ақ барлық жерде қайта қаулап шығады. Бірақ, қазіргі қазақ қоғамына риза болатын бір жерім бар. Өзге тілдегі жұртқа ондай талап қойып жатқан жоқ. Мұны Елбасының көрегенді саясатынан деп білемін.

— Ахметжан аға, бүгінде ел бірлігі жөнінде көптеген іс-шаралар өткізіп жүрген «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қоры» атынан бір сұрақ қойсам деп едім. Болашақта түркі тілдері бірігеді деп ойлайсыз ба?

— Бірігеді. Ортақ тіл пайда болады. Қазақстан-2050 стратегиясында Елбасы: 2025 жылы қазақ тілінің қолданыс аясы 95 пайыз болуы керек деді. Қателеспесем, сол жылы латын графикасына көшіп біту керек. Егер графика ауыстырса түркі елдерінің интеграциясы жылдамдайды. Бұрын түркі халықтары бірін-бірі жақсы түсінетін еді. 1940 жылы кирилицаға өткеннен кейін, әрқайсысында жеке альфавит пайда болып, түсінуден қалды. Енді болашақта барлық түркі халықтарының тілдері де, графикасы да қалпына келеді деп ойлаймын. Оны біз көре алмаспыз. Бірақ, сендер көресіңдер. Соған сенімім кәміл.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан — Айбек Нәби, «Дегдар» ҚҚ-ның сарапшысы