Ұлттық студенттер лигасының финалдық кезеңі басталды

246

Елордадағы «Астана-Арена» стадионында футболдан Ұлттық студенттер лигасының финалдық кезеңінің ойындары басталды. Ойынның ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым министрі А. Сәрінжіпов пен ҚР Футбол федерациясының вице-президенті С. Байшақов қатысты.

Ұлттық студенттер лигасының финалдық кезеңі 26-27 қараша күндері «Астана-Арена» стадионында өтеді. Финал жолдамасын Астана мен Алматының сегіз үздік командалары сарапқа салады. Астана қаласының намысын Қаржы полициясы академиясы (ҚПА), С.Сейфуллин атыдағы Қазақ агротехникалық университеті, Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Назарбаев Университеті құрамалары қорғаса, Алматы атынан төрт білім ордасы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қазақ Ұлттық аграрлық университеті, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика университетінің командалары қатысып жатыр.

Алғашқы ойын күні Қаржы полициясы академиясы мен Қазақ Ұлттық педагогика университеті және Қазақ Ұлттық аграрлық университеті мен Назарбаев университеті арасындағы матчтармен басталды. ҚПА құрамасы болашақ педагогтарға 2:5 есебімен есе жіберсе, екінші алаңда өткен ойында Аграрлық университет студенттерінің мерейі үстем болды.

Ашылу салтанаты аяқталысымен Қазақ Ұлттық университеті мен Еуразия Ұлттық университетінің командалары және ҚазАТУ мен ҚазҰТУ студенттерінен жасақталған футболшылар жасыл алаңда өз-ара мықтыны анықтады. Бұл екі кездесуде астаналықтар жеңіске жетті. Еуразия университетінің командасы соңғы минуттарда шешуші голды соғып, 4:3 есебімен Әл-Фараби атындағы Ұлттық университет ұжымынан басым болды. Қаз АТУ мен ҚазҰТУ студенттері арасындағы матчта Алматы студенттері алғашқы минуттан тізгінді қолға алып, есепті бірінші болып ашқанымен, екінші таймда алаң иелері қайсарлық танытып, бұл кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Командалар түстен кейін екінші тур ойындарын өткізіп, ертеңгі күнге үшінші тур мен жартылай финал ойындары жоспарланған.

Финал 29 қараша күні сағат 13:30-да «Астана-Арена» стадионында өтеді. Финалдық матч пен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі аяқталысымен турнирге қатысушылар мен жанкүйерлер назарына эстрада әншісі Қайрат Нұртастың қытысуымен өтетін мерекелік шоу-бағдарлама ұсынылады.

baq.kz