«Өз тілімізді өзіміз бағалауымыз керек»

195

«Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында облыстарда Тілдерді дамыту басқармалары құрылған еді. Басқармалар құрылғалы мемлекеттік тілдің қолданылу аясы да кеңейіп, біраз істер атқарылды. Осы орайда Ақтөбе облыстық Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым ТӨЛЕБАЕВАМЕН әңгімелесуді жөн көрдік.
– Гүлайым Тельманқызы, Сіз басшылық етіп отырған басқарма бүгіндері қандай жұмыстар атқаруда?
– Қоғамда нәтижелі тілдік саясатты жүргізу үшін ғылыми, әдістемелік, заңдылық алғышарттармен қатар ұйымдастырушылық негіз де қажет екені анық. Кез келген саясат онымен айналысатын арнайы уәкілетті құрылым болмаса тиімді болмай­ды. Ұзақ жылдар тілдік салада мем­лекеттік саясатты жүргізу орталық мемлекеттік органның құзырында болып, аймақтарда уәкілетті дербес құрылым болған жоқ. Сондықтан да тіл саласындағы іс-әрекет жекелеген шаралар өткізумен ғана шектеліп келді. Осыған байланысты 2004 жылы «Тіл туралы» Заңнамаға өзгерістер енгізіліп, Астана және Алматы қалаларында, облыстарда мемлекеттік басқарудың типтік құрылымына тілдерді дамыту басқармалары енгізілген еді. Сол уақыттан бері көптеген игі істер қолға алынды. Кезінде 7-8 адаммен құрылған басқарма он жыл ішінде жұмысы жүйеленген, тілдік дамудың көптеген бағыттарында елеулі жетістік­терге қол жеткізген құрылымға айналды. Басқарма жанында 6 ауданда өкілдіктері бар тілдерді оқыту орталығы құрылды. Бұл орталықтан 2007 жыл­дан бері он мыңнан астам адам мем­лекеттік тілді, 868 адам ағылшын, 95 адам орыс тілін үйреніп шықты. Мемлекеттік тілді үйренем деушілерге электронды оқыту бағдарламалары, қашықтықтан оқыту технологиясы, ғаламторда сайт, радиохабарлар, қан­шама баспа оқу құралдары дайындалды. Оқытушыларымыздың өзара кәсіби тәжірибесімен алмасып, қазақ тілін оқытуды жетілдіру мақсатында «Тілдерді оқыту: ізденіс және әдістеме» атты ақпараттық-әдістемелік бюллетень шығарыла бастады.
БАҚ-тың шығармашылық әлеуетін тарта отырып,түрлі форматтағы жобаларды жүзеге асырудың арқасында бүгінгі таңда жергілікті баспа және электронды БАҚ-тағы мемлекеттік тілде берілетін хабарлар үлесінің 25 ℅пайыздан астамы осындай сипаттағы материалдар болуына қол жеткіздік. Олардың ішінде өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен тіл үйренуді көздеген «Тіл ордасы», қазақ тілін терең білу арқылы елге танымал тұлғаға айналған адамдар туралы «Дарабоз», жасөспірімдерге қазақ ұлттық ойындарын үйретуге бағытталған «Ойна да, ойлан», қазақ тілінің шешендік өнерін дәріптейтін «Асыл сөз» бағдарламалары көрер­мендердің ықыласы мен ризашы­лы­ғына ие болуда.
Осыған дейінгі кезеңнің кемшін тұсының бірі – мемлекеттік тілдегі балаларға арналған сапалы да таным­дық оқыту әдебиеті мен теле-радио бағдарламалардың тапшылығы болатын. Ал тілді меңгерем деп ұм­тыл­­ған өскелең ұрпақ үшін қазақ тіліндегі өнімдер аса маңызды. Ол ба­лалардың, оның ішінде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін түсініп, еркін меңгеруіне септігін тигізеді. Осы ретте мектепке дейінгі білім мекемелерінің тәрбиеленушілеріне, бастауыш сынып оқушыларына арналған қазақ тіліндегі мультфильмдерді шығару, түрлі басылымдарды шығару, БАҚ-та балалар мен жасөспірімдерге арналған медиалық мазмұнды кеңейту сияқты шараларды қолға алдық.
Жыл басынан кішкентай оқыр­ман­дар­­ымызға арналған «Күн­шуақ» журна­лын, қазақ тілін үй­ре­туге арналған мульт­фильмдер жинағын шығара бастадық. Бұл мультфильмдердің алғаш­қы екі тақырыбы «Менің отба­сым» және «Әдептілік – әдемілік» деп аталады. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жал­ғасын табады. Басқарма тарапынан ұйымдастырылған байқаулар, ғылыми-практикалық шаралар болсын, барлығы да мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында өткізілуде. Осындай жүйелі жұмыстардың арқасында өңірде тұрақты тілдік ахуал қалыптасып отыр. Облыс тұрғындарының 80℅ пайыз­дан астамы қазақ және орыс тілдерін меңгерген. Ең бастысы, халықтың мемлекеттік тілге деген көзқарасы қалыптасуда. Жұртшылық қазақ тілін білу бүгінгі заманның талабы екенін ұғынды.
– Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асы­рудағы маңызды мәселе–­­ономас­тика. Осы бағытта Тілдерді дамыту басқармаларының өкілеттігі күшейген секілді. Бұл туралы не дейсіз?
– Ономастика дегенде, бұқара санасында біреудің есімін нысанға, елді мекенге немесе көшеге беру деген пікір туындайды. Саладағы жұмыстар ұзақ жылдар бойына негізінен осы іспеттес шаралармен шектелген. Расында, бұл бағыттағы жұмыс сан қырлы. Он жыл ішінде өңірде оң ономастикалық кеңістіктің қалыптасуына тиісті алғышарттар жасау бағытында біраз жұмыс атқарылды. Тұңғыш рет өңір топонимикалық кеңістігін, оның ішінде атаулардың пайда болуын, өзгертілуін ата-бабалардың коннотация­сы, ­руха­ни құндылықтары негізінде, өмір салтымен және тұрмысымен байланыс тұрғысынан зерттеулер жүргізілді. Соның нәтижесінде соңғы он жыл ішінде 66 елді мекеннің тарихи атау­лары қайтарылды. Оған дейін облыста байырғы атауларды қалпына келтіру бағытында зерттеу жұмыстары болмаған. Сондықтан да бұл зерттеу­лер­дің ғылыми жаңашылдығы, өзек­­­­­тілігі, зерттелу деңгейі бойынша теориялық та, тәжірибелік те ма­­ңыз­дылығы зор. Зерттеу барысында өлкетанушылық қана емес, геог­рафиялық, әлеуметтанушылық, лингвистикалық, мәдени, тарихи-мұрағаттық және картографиялық материалдар пайдаланылды. Жалпы облыстың және аудандардың қазақ тіліндегі түрлі-түсті карталары, атлас­тары, жинақтары басып шығарылды. Бұл ретте, 2013 жылы ономастика мә­селелері бойынша нормативтік құ­қықтық актілерге енгізілген өзгеріс­тер мен толықтырулардың жақсы серпін берері сөзсіз. Біріншіден, бас­қармаларға көрнекі ақпарат және жарнама саласындағы жұмыстарды реттеуге мүмкіндік беретін қосымша құзірет берілді. Екіншіден, атау беру және қайта атау мәселесінде нақты критерийлер белгіленіп, халықтың пікірін ескеру туралы өзгерту енгізілді. Бұл осыған дейін жіберіліп келген олқылықтарға жол бермеу және осы бағыттағы жұмысты жүйелеу үшін маңызды.
– Бүгінгі мемлекеттік тілдегі жарнамаларда, қазақшаға аударылған әде­биеттерде, оқу-әдістемелік құрал­дарда кеткен қателіктерді көріп, әлі де талай жұмыстар атқарылу керектігін ұғынғандай боламыз. Бұл туралы не айтасыз?
–Бұл пікір бүгінгі таңда тіл ғылымы мен өмір тәжірибесінің бір-бірінен алшақтығынан туындаған мәселе. Тілдік мәселелер ғылыми тұрғыда жет­кілікті зерттелмеген. Қазақ тіліндегі ақпаратты қатесіз жазу үшін арнайы ережелер жоқ. Ал жазу, емле ережелері біріздендірілмей, аударма, дыбыстық, бейне, көрнекі ақпараттарда қателер кетеді. Басқарма тәжірибесінде бұған күнде куә болып жүрміз. Қарапайым тауарлардың заттаңбаларын, дәрі-дәрмектің нұсқау­лықтарын, адам аттарын жазу мәселесін алып қараңызшы. Бір сөздің бірнеше жазу үлгілері (Мысалы: Ақорда – Ақ Орда, қортынды – қорытынды, мекенжай – мекен-жай, іс қағаз – ісқағаз, т.т.) немесе бір­­не­ше терминдердің қосарланып қол­данылып жүрген мысалдары көп. Қан­дай ережені ұстанамыз? Сондық­тан дұрыс жазу қағидаттары бекітілуі тиіс.
Терминология жүйесі біріздендіріл­меген. Аударма, ісқағазды рәсімдеу ісінде болсын, басқа да салаларда болсын терминдерді дұрыс қолданбаған емлелік қате жібергендерге арнайы ереже бекітпей, тіл полициясын құрып, айып­пұл салу орынды емес. Екінші жа­ғынан, қадағалау-бақылау құзыреті бар мемлекеттік орган бола тұрып, тағы да тіл мәселесімен айналысатын құрылымдарды көбейткеннен жағдайдың түзелуі күмәнді. «Мәселенің шешілмеуін көздесең, оны шешуді бірнеше адамға тапсыр» деген бар. Себебі бұл жерде тексеру нәтижесі бәріне бірдей нақты ереже талаптарына емес, тексерушінің біліктілігі мен тілді меңгеру тереңдігіне байла­нысты болады. Басқа өркениетті елдерде тіл полициясының болуы олар­дағы мәселені ғылыми және заңды жолмен шешуді қолға алу дәстүрінің болуына байланысты. Ережеге сүйен­сек, мәселені тексеру де қиын емес. Бұл мәселенің шешілу жолы – тілді әлеуметтік тұрғыдан зерттеу. Көрші Ресейде осындай мәселелерді зерттейтін бірнеше ғылыми институттар бар.Сонымен бірге «Тіл туралы» Заңның орындалуын қадағалау бүгінгі таңдағыдай тек қана мемлекеттік ұйымдар шеңберінде емес, мемлекеттік емес құрылымдарда да жүзеге асырылуы тиіс. Заң бәріне бірдей болуы керек.
Әлі де шешімін таппай жүрген мә­се­лелер де жеткілікті. Бірінші кезек­­­те мемлекеттік тілді міндетті түр­­де білуі тиіс азаматтар санаттарын және тілді білу көлемін айқындау, тіл мә­селесіндегі нормативтік құқықтық базаға өзгеріс енгізу әбден өзекті.
Елде жүргізіліп жатқан жекеше­лендіру үрдісі тілді оқыту үдерісіне қауіп төндіруде. Қазақ тілін сапалы оқыту жүйесі емес, жекелеген ұйымдар мен кәсіпорындардың сатып алуы арқы­лы жүзеге асыру үрдісі белең алуда. Мемлекеттік тілді оқыту мемлекеттік сатып алу немесе тендер арқылы жүзеге асыруға тосқауыл керек. Себебі қарапайым деңгейлерді ұсынумен қатар мемле­кеттік қызмет­шілерге кәсіби маман­дан­ды­рылған тілдік материалды ұсына білу керек. Мемлекеттік қызмет пен халыққа қызмет көрсету саласында коммерциялық мүдденің болуы орынсыз, мемлекеттік қызметшілердің білік­тілігін арттыру бағыты ретінде жүзеге асырылуы тиіс.
Тіл орталықтары қолданып жүрген әдістемелер мен оқыту бағдарламалары біріздендірілмеген. Елбасымыз таяуда Ұлытаудағы сұбхатында: «Өз тілімізді өзіміз бағалауымыз керек. Бір-бірі­мізбен өзара қазақша сөйлесуіміз керек. Тілдің майын тамызып сөйлеп, басқа жұртқа үлгі көрсетуіміз қажет» деп, жауапкершіліктің бірінші кезекте қазақтарға байланысты екенін атап өтті. «Біз ұрпақтарымызға бабала­рымыздың сандаған буынының тәжі­рибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыса түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруымыз керек. Бұл – өзін қадірлейтін әр адамға дербес шешуге тиіс міндет» деген Пре­зиденттің ой-тұжырымын әрбір қан­дасымыз сезінуі керек.
Тіл мәртебесін тұғырлы етуді әр қазақ өзінен бастауы тиіс. Осы ретте, тілдік дамудың да басты мақсаты әрбір қазақтың өзінің мәдениеті, тарихымен қатар тілі үшін мақтаныш пен құрмет сезімін арттыруды көздейтін сая­сат жүргізілуі тиіс деп ойлаймын. Бұл мақсатқа басқарма тілдік шараларға бұқараны, әсіресе жастарды тартып, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен шаралар арқылы жетуді ойластыруда.
– Әңгімеңізге көп рахмет!

Әңгімелескен
Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ