«Қазақ газеттері» ЖШС-ның 15 жылдығына орай өткен конференциядан фоторепортаж

404

 2014 жылғы 5-желтоқсанда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінің Баспа ісі және дизайн кафедрасы мен «Қазақ газеттері» бірлестігінің 15 жылдық мерейтойына арнап, «Қазақстандағы ақпараттық үдерістер: замана талабы мен талғамы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конеренцияда «Қазақ газеттері» серіктестігінің ақпарат айдынындағы 15 жылдық тарихы туралы  Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері, аталған Серіктестіктің Бас директоры — Редакторлар кеңесінің төрағасы   Жұмабек Кенжалин баяндама жасады.

Конференцияда Қазақстан ақпараттық кеңістігінің түйінді мәселелері талқыланды. Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның жұмысына алыс және жақын шет елдер ғылыми қауымдастығының, сарапшылар қауымдастығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ ЖОО оқытушылары мен магистранттары, докторанттары қатысты. 

«Қазақ газеттері» ЖШС-ның 15 жылдығын жас ақын Амангелді Сейітхан жырға қосты.

Мерейтойға  тарту

«Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 1999 жылғы шілдеден бері ақпарат айдынында желкен керіп, ұлт мүддесіне қызмет етіп келеді. Серіктестік сол кезде тікелей Қазақстан Республикасы Президентінің өкім хатының негізінде құрылған. Өз қызметінің негізгі мақсатын тіл, тарих, мәдениет және әдебиет, сондай-ақ рухани адамгершілік құндылықтар мәселесін көрсетіп отыратын мерзімдік басылымдарды қолдау деп айқындап алған бұл медиахолдингтің құрамында бүгінде алты беделді басылым – «Ана тілі» ұлт газеті, «Экономика», «Ұйғыр авази» газеттері мен «Ақиқат», «Мысль», «Үркер» журналдары шығып жатыр.  Олардың барлығы да біздің еліміздің қоғамдық өміріндегі саяси, әлеуметтік, экономикалық өзгерістерді жан-жақты саралап, талдап, көрсетіп, өз оқырмандарына сапалы да мәнді-мағыналы рухани өнімді ұсынып отыр.

Серіктестікті әр жылдары жазушы, журналистер Жұмабек Омарұлы Кенжалин, Мереке Құлкенов, Бауыржан Омаров басқарды. Қазіргі кезде «Қазақ газеттері» серіктестігін Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының иегері Жұмабек Кенжалин басқарып отыр. Құрамындағы басылымдардың жетекшілігінде журналистика саласының майталмандары Самат Ибраим, Ахас Тажутов, Сейдахмет Құттықадам, Аманхан Әлім, Қуандық Түменбай, Ершат Асматов тұр.