Назарбек Қожамсейітов: «Семіздікті қой ғана көтереді»

1037

НазарбекНазарбек Қожамсейітов, жұлдызшы:

 

– Өткен жылғы болжамдарыңыз ойлаға­ныңыздай болды ма?
– Өткен жыл, яғни Жылқы жылы қауіп-қатер, апат, кішігірім қақтығыстар көп болады, көктем, күз суық болады деп айтқанмын. Украинадағы жағдай, ракетаның құлауы, пойыздың рельстен шығып кетуі және т.б. жағдайларды өздеріңіз де білесіздер. Мәселен, Ресейдің 8, біздің 4 облыстың егіні қардың астында қалды. Осыған қарамастан ресейлік шаруалар егінді уақытында орып, нәтижесінде Кемеров губернаторы, біздің жерлесіміз Аман Төлеев өзінің разылығын білдіріп, маған алғысын жеткізді. Мұны мен не үшін айтып отырмын, айтылған, жазылған жайттарға көпшілік құлақ салса, өзіне керегін алса деймін.
– Жаңа жыл қазақ халқын несімен қуантпақ? Қой жылынан қандай өзгешеліктер, ерекшеліктер күтуге болады?
– Қой жылының өзіндік ерекшеліктері бар. Бастысы – береке-бірлік, ұйым­шыл­дық керек.
Елбасы қиындықтан шығудың жолдарын көрсетіп, жоспарлы түрде жұмыс жүргізіп отыр. Қарамағындағыларға, Үкіметке бекерден-бекер тапсырма беріп отырған жоқ. Президенттен бастап, Үкімет қостап, бүкіл ел бірігуі, ұйымдасуы керек. Бір-біріне бауырмалдық, жақсы ниет болған жерде қиындықтың бәрі бізден айналып өтеді.
Қазақта «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген нақыл бар. Бизнесте жүрген азаматтарға айтарым, «Семіздікті қой ғана көтереді». Әр түскен табысты қатаң есептеп, бақылауды күшейткен жөн. Әйтпесе «Ақсақ қой түстен кейін маңырайдының» керін киіп жүруіңіз әбден мүмкін.
Қой жылының тағы бір ерекшелігі – ағайын-туысқанды іздеу, ізеттілік танытып, қолыңнан келгеніңше көмек көрсету. Мейірімге бөлеп, жан жылуын сыйлау.
Сондай-ақ 8-12 қаңтарда көлік апаттары көбірек орын алса, 4-10 ақпанда келісімшарт жасағанда байқау қажет, 20-23 наурызда демікпесі, қан қысымы жоғары, жүрегі ауы­ратындар сақ болғаны жөн. Мамырдың 2-16-сы аралығында құда түсуге болмайды, сөзге аса сақ болу керек, адамдар сабырлық та­ныт­паса әртүрлі жағдайға ұшырауы мүмкін.
– Ауылшаруашылығына қатысты не айтасыз? Былтыр ауа райының қолайсыздығынан шаруалардың біразы қиналып қалғаны белгілі. Еліміздегі ауа райына да тоқталып өтсеңіз?
– Негізінде ауылшаруашылығының мамандары ауа райының қалай болатынын біліп, соған байланысты жұмыс жасау керек. Азық-түлік қорын жасауға көңіл бөлінуі тиіс. Күндердің күнінде азық-түлігі мол ел – ең бай ел болып шығады. Осыған көп көңіл бөліп, сол үшін жұмыс атқарған абзал. Табыстың көзін табу керек. Оған бізде мүмкіндік мол. Мысалы, ұялы байланыс телефондары, тағы басқа ­радиация бөлінетін химикаттардың әсерінен соңғы жылдары бүкіл әлемде бал өнімдері ­азайып, аралар қырылып жатыр. Осы саланы жетілдіріп, бізге долларлап ақша табуға болады. Жоспар көп, оның бәрін уақыт еншісіне қалдырайық.
Ал ауа райына келсек, биылғы қыс жылдағыға қарағанда ұзағырақ болады, яғни көктем кеш келеді. Ал мамыр айында солтүстікте күн суытып, оңтүстікте қар аралас жаңбыр жауады. Жайма-шуақ жаз айы жаңбырлы болады. Бұл бір жағынан шаруаларға тиімді болмақ.
– Оқырмандарға айтарыңыз?
– Қазақ халқына айтарым, дүниеге көп нәресте келуі керек. Еліміз бай, жеріміз кең. Біздің болашағымыз, келешегіміз – өмірге келер сәби. «Бала – басты байлығымыз». Қазір қарапайым отбасының балаларынан талантты, мықты жастар шығып жатыр. Алла Тағаланың берген нәсібіне рахмет айтып, бес саусақтай бірігіп, жұмыла іске кірісейік. Елде, халықта бірлік болған жерде ғана қиыншылықтардың бәрінен халқымыз аман-есен шығады.

Бағдагүл Балаубаева