«Ақбұлақтағы» демалыс

475

Шангы--1Демалыс күні тауға шығып, шаңғы теуіп, сергіп қайтқанға не жетсін. Осы оймен «Ақбұлақ» биік таулы курортына жол тарттық. Таза ауа. Көңіл жадыратар көтеріңкі көңіл күй. Сырғанақта мәре-сәре болған бала дауысы. Шаңғы тебуді үйреніп жүрген жастар. Бала-шағасын ертіп кеп, шаңғының қызығына берілген отбасы. Мұның барлығы біздің көз алдымыздағы көңілге шуақ берер көріністер еді.
Сырттай бақылағанда байқағанымыз, отбасымен келіп демалушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Шаңғышылардың шамамен үштен бір пайызы ғана өзіміздің қаракөздер болса, қалғаны өзге ұлттың өкілдері.

Сенбі, жексенбі күндері келуші­л­ер­дің қарасы тым көп. Кейде екі сағат бойы тағатсызданып, ұзын-сонар кезекті күтуге тура келетін көрінеді. Бүгін біздің жолымыз болды, көп күтпей-ақ шаңғыны жалға беретін жерге жеттік деп мәз болғанымызбен, жалға берілетін шаңғы бағасын көргенде алып-ұшқан көңіліміз су сепкендей басылды. Жалға беру құны ­– 5000 теңге. Кішкентай балаңызды ертіп апарсаңыз, оған шаңғыны 4000 теңгеге жалға аласыз.
Үстіңізге киетін спорттық киімдердің бағасы да арзан емес. Мәселен, спорттық киім (жиынтық) 5000 теңге, қолғап 1000 теңге, тау шаңғысына арналған көзілдірік 1000 теңге, бас киім 1000 теңге. Мұның барлығы бір күнге белгіленген баға. Ал сырғанақ тебуге арналған дөңгелек балонға 1 сағат үшін 1500 теңге төлейсіз. Сонымен, қалтамызға қарап, дөңгелек балон алып, сырғанаққа қарай кеттік.
Бізге берілген уақыт бітіп, үйге қайтуға жинала бастағанда осында демалып жүрген отбасы мүшелерін әңгімеге тарттық. Өзін жеке кәсіпкермін деп таныстырған отағасы Думан Нағашыбек көңілі ашық-жарқын жан екен.
– Сіздер мұнда жиі келіп тұрасыздар ма?
– Сенбі, жексенбі күндері келеміз.
– Отбасымен бірге демалып жүр­гендеріңізге қанша уақыт болды?
– Биыл қыс мезгілін осы шаңғы тебуден бастадық. Менің бала кездегі шаңғыға деген қызығушылығым араға 25 жыл салып, осында алып келді. Ауылда шаңғы теуіп өскендіктен мұнда маған қиындық туғызбады. Ал қызымды күніне 2 сағаттан, үш күн жаттықтырушы үйретті.
Зайыбына бұрылғанымыз сол еді: «Алғаш келген кезімде шаңғыны үйренуім қиындау болды. Қазір әжептәуір үйреніп қалдым» деп күлімсіреді.
– Жаттықтырушының бір сағаты қанша тұрады?
– Тау шаңғысын үйрену үшін жаттықтырушыға бір сағатқа 10 мың теңге, 2 сағатқа 20 мың теңге төледік. Айналасы 60 мың теңгеге тау шаңғысын тебудің қыр-сырын кәсіби тұрғыда үйретіп шығарды. Қызым Ұлпан қазір шаңғыны менен гөрі жақсы тебеді.
– Сіздің ойыңызша, шағын отбасы осында шаңғы теуіп, сергіп қайтуы үшін қанша ақшасы болуы керек?
– Егер спорттық киім-кешегі мен шаң­ғысын өзімен қоса ала келсе, онда 10-15 мың теңге көлемінде. Уақытына байланысты қосымша тағы төлейсіз.
– Құпия болмаса айтыңызшы, мәселен, сіздің отбасыңызда үш адам бар. Егер заттарды сатып алсаңыз, маусымда киім-кешек, шаңғыға қанша қаржы кетеді?
– Жеңілдік бағамен сатып алған тиімдірек. Орта есеппен әрқайсысына 150 мың теңгеден есептеңіз. Ал қазір маусым кезінде шаңғы мен киетін киім үшін адам басына шаққанда шамамен 200-250 мың теңге жұмсайсыз.
– Демалыс күндерін үйден шықпай, теледидар алдында өткізетін отбасыларына не айтар едіңіз?
– Бұл жерде отбасын кінәлауға болмас. Басты себеп – спорттың, денешы­нық­тырудың дұрыс жолға қойылмауынан дер едім. Біріншіден, адамның өзінде қызығушылық болуы керек. Бала кезінен спортқа бау­лып өсірсе, ол бала шымыр болып өседі. Екіншіден, біздің оқушы кезімізде мектепте денешынықтыру сабағында шаңғы тебетінбіз. Қазір мектепте шаң­ғы деген атымен жоқ. Өткенде қызым­ның туған күнін ерекше өткізейік, дос­тарының арасында шаңғыдан жарыс ұйымдастырайық деп ақылдасып, қаланың мектептерінің біразын шарладым, өкінішке қарай, бірде-бір мектептен шаңғы таба алмадық. Осының барлығы көңіл бөлмеушіліктен туындап отырған жағдай. Үшіншіден, спортты дамыту үшін осы саланың мамандарына қолдау көрсетуіміз қажет. Төртіншіден, мұндай демалыс орындарының бағасы қолжетімді болуы шарт. Қарапайым отбасының қалтасы көтере алатындай жағдай жасалса, бұл жақтағы жұрттың қарасы да көбейер еді.
…Біз салауатты өмірді қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту туралы көп айтамыз. Алайда бүгінде қарапайым халықтың мұндай бағадағы қызмет түрлеріне қолы жетпесі белгілі. Есептеп қарасақ, шаңғы теуіп, демалып қайту үшін бір адамға кем дегенде 10 мың теңге кетеді екен. Сонда бір отбасында орташа есеппен 4 адам болса, 40 мың теңгеңізді әзірлей беріңіз деген сөз.
Елбасы бұқаралық спортты, спорттық үйірмелерді қолжетімді ету мәселесін үнемі айтып келеді. Қазір барлығы жеке­меншіктің қолында. Бұл да бағаның шарық­тауына әсер етіп тұр. Неге мұндай демалыс орындарын қарапайым халық үшін көбірек ашпасқа? Қазір қыс мезгілі. Шаңғы тебуге табиғи жағдайымыз керемет мүмкіндік беріп тұр. Бірақ халықтың арзан бағаға шаңғы, коньки алып, бір сәт табиғат аясына шығуға мүмкіндіктер қарастырылмай келеді. Осы мәселеге әкімдіктегілер назар аударса дейсің.

Бағдагүл Балаубаева

Алматы