Сұлтанхан АҚҚҰЛҰЛЫ. Ә. БӨКЕЙХАН АТЫНДАҒЫ АЛАШ УНИВЕРСИТЕТІН ҚҰРУ КЕРЕК

453

Белгілі алаштанушы ғалым, журналист Сұлтанхан Аққұлұлы Семей қаласының атын Алаш қаласы деп, Л. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетін Ә. Бөкейхан атындағы Алаш университеті деп атауды қолдайтынын білдіріп, кең көлемде сұхбат берді.

sultanqan1

Сұлтанхан Аққұлұлы

 CЕМЕЙДІҢ АТЫН АЛАШ ДЕП АТАУ – ТАРИХИ ПАРЫЗ

– Семей қаласының Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының астанасы болып таңдалуының қандай тарихи-саяси себептері болды?

– Жалпы Семей қаласы ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында қазақтың мәдени қайта өрлеуінің бірден бір ошағы болды. Оны осы кезге дейін сәбет дәуіріндегі екпінмен тек Абайдың атымен ғана байланыстырып келеміз. Ал, шындығында, Семей қаласы бір Абай ғана емес, сол кездегі қазақтан шыққан зиялы азаматтардың көп жиналған және қазақтың мәдениетін қайта өркендету үшін, қазақтың етек-жеңін жиып, мемлекеттігін қайта көтеру үшін қызмет еткен азаматтардың көпшілігі жиналған қала болатын.

Семей қаласының сол кездегі алдыңғы қатарлы қазақ зиялыларының орталығы дейтін себебім, сол тұста онда Жақып Ақбаев, Айдархан Тұрлыбаев…, Әлекең (Ә. Бөкейхан), Ахаң (А. Байтұрсынұлы) тұрды, кейін Міржақып келіп қосылды. Сосын Абайдың інілері, балалары тұрды. Былайша айтқанда, қазақ даласындағы ұлт азаттық қозғалысының маңдайалды көсемдері Семей облысында, Семей айналасында өмір сүрді. Қысқасы, Семей қаласы 1917 жылға дейін-ақ қазақтың мәдени, ағарту және саяси орталығы болуға лайық болатын. Сондықтан Алашорда ұлттық үкіметі құрылған дәл сол кезде Семей қаласынан артық астана табылмас еді.

– Қараөткелді астана қыламыз деген жоспар да болған секілді еді ғой…

СЕМЕЙ– Ол кейін, 1924-1925 жылдары Орынбор қаласынан астананы елдің ішіне қарай көшіру мәселесі туған кезде астананы мына Сарыарқаның төсі Ақмола қаласына көшіру туралы айтқан пікірі бар. Бұл – астана елдің ортасында тұруы керек деген түсініктен туған ғой.

Алаш қаласының өзіне келетін болсақ, Алаш қаласы – жаңа Қазақстанның тұңғыш астанасы. Ол – сәбеттік Қазақстан емес! Егер қазақтың мемлекеттілігі 1822 жылы үзілді деп қарастырсақ, олай дейтініміз,              1822 жылы «Орынбор және Сібір қазақтары туралы» ереже қабылданған, сол ереже бойынша қазақтың хандық институты жойылған, өздеріңіз білетіндей, хандық институт – мемлекеттік биліктің тетігі, тетікті жою – қазақ мемлекеттігін жою деген сөз. Сондықтан 1822 жылы жойылған мемлекеттігіміз, 1917 жылы 13 желтоқсанда қайта жаңғырды. Сол себепті жаңа үлгідегі Қазақ мемлекетінің тұңғыш астанасы – Орынбор да, Алматы мен Қызылорда да емес, Алаш қаласы болуы тиіс! 1917 жылдың желтоқсанынан 1920 жылдың қазан айына дейін Қазақ елінің астанасы болған Семей қаласы Алаш қаласы деп қайта аталып, қазіргі Қазақстанның тұңғыш астанасы ретінде тарихқа ойып тұрып жазылуы керек! Менің түсінігім – осы.

 Семей қаласын Алаш деп атау туралы ұсыныс бар. Бұл ойда жүрген бір жоспар. Негізі, алда екі ұлы той келе жатыр. Оның бірі, Әлекеңнің 150 жылдығы, ізінше қазақ мемлекеттігін қайта жаңғыртқан Алашорда автономиясының құрылғанына 100 жыл толмақ

АЛДЫМЫЗДА ЕКІ ҰЛЫ МЕРЕЙТОЙ БАР

– Ұлттың тарихи санасын жаңғыртуға талпыныс жасалып жатқан бүгінгі күнде мұндай игі ұсынысты ресми биліктің алқасына неге салмаймыз?

– Семей қаласын Алаш деп атау туралы ұсыныс бар. Бұл ойда жүрген бір жоспар. Негізі, алда екі ұлы той келе жатыр. Оның бірі, Әлекеңнің 150 жылдығы, ізінше қазақ мемлекеттігін қайта жаңғыртқан Алашорда автономиясының құрылғанына 100 жыл толмақ.

Міне, осы екі мерейтойды бір жылда өткізу туралы ұсыныс айтылып жүр.  Бұл негізсіз емес. Өйткені Алашорда автономиясы десек, есімізге Әлекеңді алатынымыз, ал Әлекең десек, Алаш автономиясы еске түсетіні шындық. Екеуін бір-бірінен бөліп-жару мүмкін емес. Сондықтан бұл екі тойды бірге өткізу идеясы, меніңше, өте оңтайлы пікір. Ол – бір.

Екіншіден, сол дүбірлі мерекенің қарсаңында, екі  ұлы тойдың құрметіне Семей қаласын Алаш деп өзгерту, қазіргі Қазақ елінің тұңғыш астанасы ретінде тарихқа жазып қалдыру жөнінде ұсыныс білдірмекпіз. Бұл ұсыныс ерте ме, кеш пе, әйтеуір, жүзеге асатыны ақиқат. Оған өзім еш күмән келтірмеймін. Бүгін мүмкін өзгертуге қарсылықтар болатын шығар, ондайды көріп те, сезіп те жүрміз. Бірақ ертең де күн бар. Семей деген аттың орыстың «семипалатинск» деген сөзінен шыққандығын жұрт жақсы біледі. Ендеше, қазақ мемлекеттігін қайта жаңғыртқан арыстарымыздың өзі «Алаш қаласы» деп атап кеткен қаланың тарихи атауын неге қайтармаймыз?!

– Алаш қаласы астана болып тұрғанда қазақ баласы тамсана еске аларлық қандай ірі тарихи шешімдер шығарылып, саяси қадамдар жасалды?

– 1918 жылдың көктемінде Алашорда ұлттық үкіметі Алаш қаласына көшіп келді. Ол кезде Семей қаласының қазақтар басым тұратын Ертіс өзенінің сол жағалауы Алаш деп аталған.

АЛИХАН

Алаш қаласында Алашорда ұлттық үкіметі 1918 жылдың жазында іске кіріседі. Сөйтіп 1918 жылдың 21-24 маусым аралығында алғашқы заңнамалық қаулылар: алаш әскерін, яғни алаш армиясын құру, қазақтың билер сотын қалпына келтіру, қазақ жеріне земство, яғни, жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін енгізу, сосын қазақ ішінен шыққан, сол кездің сөзімен айтсақ, «сұмырайлар», яғни, қазақ большевиктерін соттау секілді қаулылар қабылдайды. Сонда қазақ коммунисттерінің арасында кімдер болды дейсіз ғой? Патша заманында неше түрлі алаяқтық жасаған, халық арасында қаражүзді болған кісілер қабылданды. Олардың арасында бір емес, бірнеше рет дінін өзгерткен, бірде шоқынып, бірде мұсылмандықты қабылдаған Әліби Жангелдин-Степанов, Көлбай Тоғысов бар. Бірақ, арасында шын пейілімен большевиктердің далбасасына, идеологиялық қулығына сеніп қалған адамдар да болды. Олар – Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов және басқалар. Міне, сол кезде қазақ коммунистерін жазалау туралы арнайы үкім шығарылған.

Сонымен қатар, мемлекеттік институттарды қалыптастыру, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қазақ жерінің түкпір-түкпірінде алаш органдарын, яғни, мемлекеттік органдарды құру туралы қаулылар қабылданған. Сөйтіп, Алаш қаласы өзінің астаналық мәртебесін, астаналық құзырын жүзеге асыра бастады. Қысқасы, қайтадан қалпына келген қазақ мемлекеті өзінің мемлекеттік іс-шараларын бүгінгі Семей, сол кездегі Алаш қаласында жүзеге асырды.

– Семей қаласы саяси-рухани орталық ретіндегі тарихи миссиясын толық орындады дейсіз ғой…

–1905-1907 жылғы бірінші орыс төңкерісі кезінде азаттық аңсаған қазақтың санасы сілкініп, жаңа бір биікке көтерілген кезі еді. 1913 жылдың 2 ақпанында Орынбор қаласында жарық көрген «Қазақ» газеті сонау 1905 жылдың желтоқсанынан бастап Семей қаласында шығуы керек болатын. Сол үшін 1905 жылы 5 желтоқсанда Оразай Файзулла газет баспашысы, Ахаң бас редакторы ретінде рұқсат алған.

 

ӘЛИХАН – ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

– Қазаққа ұлттық баспасөздің аса зәрулігі одан әлдеқайда бұрын сезілген. Ендеше, 1905 жылы шығуға тиісті газеттің сегіз жылға кешігуінің себебі неде?

– Оның себебі, бірінші орыс төңкерісі жеңіліс тапқаннан кейін Әлекеңді Самараға, Ахаңды Орынбор қаласына айдағаны бар. Түрмеден шыққанда екеуіне де «сіз сол кездегі дала өлкесінен басқа кез келген облысты таңдап, сонда көшуіңізге болады» деген ұсыныс жасалған. Ахаң өзінің сәбет дәуірінде жазған түсініктемесінде «Мен Семей түрмесінен шыққаннан кейін Орынборды таңдап алдым» дейді.

Осыған байланысты біздің ғалымдар жаңсақ пікір айтып жүр, ол «Ахаң кезінде Орынборда мұғалімдер семинариясында оқыған, сондықтан өзіне таныс қаланы таңдады» дегенге саяды. Жоқ! Бұл жерде Әлекең мен Ахаңның өзара келісімі болды. Біріншіден, Орынбор мен Самараның арасы онша қашық емес, Өскемен мен Семейдің арасындай ғана. Екіншіден, және ең қызығы, ол патша өкіметінің көзін алдау болатын. Себебі, Самара ол кезде Ресейдің ішкі губерниясы, ал Орынбор дала өлкесіне қарайтын. Білмегенге екеуі алыс сияқты болып көрінеді. Бірақ, бір-біріне жақын. Әлекең кез-келген уақытта Самарадан Орынборға жетіп келіп отырған. Мысалы, Міржақып Дулатұлының «Қазақ» газетінде шыққан «Қазақ баспаханасы» атты мақаласында1914 жылдың күзінде Ахаңды «Қазақта» патша үкіметіне қарсы бір мақала жарияладың деп түрмеге жапқаны, сонда Әлекеңнің Самарадан келіп, Ахаңды түрмеден босатып алғаны жазылған. Айтайын дегенім, Әлекеңнің Самардан кез-келген кезде Орынборға келуге мүмкіндігі болған, ол тіпті жиі қатынап тұрған.

АЛАШ АРЫСТАРЫ

– Өткен жылы жазда Еуразия ұлттық университетінде өткен «Қазақ» газетінің 100 жылдығына арналған ғылыми конференцияда ғалым Ө. Әбдиман «Қазақ» газеті Ахаңның «қазағы» деген тұжырым жасады. Біздің ойымызша, ол – Алаш арыстарының ұжымдық жұмысы. Сол жиналыста Ахмет атамыз өзі болса да, «Қазақ» газетін жеке өзіне меншіктеп беруді құп көрмес еді. Бұл жайлы сіздің пікіріңіз қандай?

– Сіздермен толық келісем. Неге десеңіз, «Қазақ» газеті ашылған кезде Ахаңның газет шығару ісінен тәжірибесі болған жоқ. Міржақыптың сол кездегі басылымдарда мақалалары шыққанымен, ол кісінің де тәжірибесі болмады. Ал Әлекең оған дейін үш газетті басып шығарған ғой.

Ол 1906 жылы кадет партиясының Ақмола облыстық органы саналған «Иртыш» газетін шығара бастайды. 1906 жылдың 14 қарашасында басылымды Дала губернаторы жаптырып тастайды. Бірақ ертеңіне газет «Амич» деген атаумен қайта жарық көреді. «Амич» газетін де сол жылдың  31  желтоқсанында жауып тастайды билік. Дегенмен, басылым 1907 жылдың 1 қаңтарында «Голос степи» деген атпен қайта шығады.

Шыны керек, сол кезеңде қазақта Әлекеңдей тәжірибелі журналист, публицист болған жоқ. Себебі, ол сонау 1880 жылдардың аяғында «Қыроғылы-Сын степи» деген бүркеншік атпен Омбыда жарық көрген «Дала уалаяты», «Особое прибавление к Акмолинским областным ведомостям» газеттеріне қатар мақала жариялап тұрған.

Қызығы сол, аталған газеттерден Әлекеңнің атын кездестірмейсіз. Тек 1907 жылдың 7 қаңтарында ІІ Думаға неге сайланбайтыны туралы Әлекеңнің ашық хаты шыққан. Одан бөлек мақалалардың ішінде ара-тұра есімі аталып отырады. Ал газеттің бас редакторы ретінде Поваренов, сосын Береденко деген әйел адамның аты-жөндері көрсетілген. Бірақ, де-юре бас редактор басқа кісілер, де-факто Әлекең болды. Оның себебі Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін Әлекеңе қоғамдық лауазымдарды атқаруға тыйым салынған еді.

Шыны керек, сол кезеңде қазақта Әлекеңдей тәжірибелі журналист, публицист болған жоқ. Себебі, ол сонау 1880 жылдардың аяғында «Қыроғылы-Сын степи» деген бүркеншік атпен Омбыда жарық көрген «Дала уалаяты», «Особое прибавление к Акмолинским областным ведомостям» газеттеріне қатар мақала жариялап тұрған.

Әлекең 1894 жылы Санкт-Петербургтегі Орман институтын, сонымен бірге, Санкт-Петербург университетінің Заң факультетін бітіріп, 1895 жылы Омбыға қайтып оралады. 1894-1895 жылдар аралығында Әлекең Тобыл экспедициясына қатысып үлгереді. Содан сағынып келіп, ел-жұртты жарты жылдай аралаған. Сосын 1895 жылы бірден  «Степной край» газетіне орналасқан. Әлекең келе салысымен газеттің маңдайалды саяси шолушысына айналады. Жалпы алғанда, Әлекең 1894-1902-03 жылдарға дейін аталған басылымда, одан бөлек «Семипалатинский листок», «Семипалатинские областные ведомости», Томскінің «Сибирская жизнь», Санкт Петербургтегі «В мире мусильманства», «Сын отечество», «Речь», «Слова», «Мусульманская газета», «Туркестанские ведомсти» газеттеріне мақала жариялап отырған. Сол кезеңде қазақта Әлекеңдей тәжірибелі журналист, публицист болған жоқ дейтінім сондықтан.

«Қазақ» газетіне дейін «Серке», «Қазақстан», «Айқап» журналдары шығып, бірақ қаржы тапшылығына байланысты жабылып қалды. «Қазақ» газеті бірінші күннен бастап халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Байқасаңыз,  газет алғашқы нөмірлерінен бастап нешетүрлі тақырыптарға бөлініп беріледі. Оған дейін газет шығарып көрмеген Ахаңа мұндай тәжірибе қайдан келді? Әлбетте, Әлекеңнен.

Мысалы, 1914 жылы Санкт-Петербургтегі «Мусульманская газетаның» ақпан айындағы санында Степняк дегеннің мақаласы шығады, «Қазақ» газетінің 1 жылдығына арналған. Сонда басылымның Әлекеңнің қолқалауымен шыққандығы жазылған.

1915 жылы «Қазақ» газеті аптасына екі рет шыға бастады ғой. Сол уақытта бас редактор орнына Әлекеңнің газет шығуы үшін әуелі мақала жазатын адамның, екінші оқырманның болуы керек екенін, бірақ сол екеуінің де қазаққа жетпей жатқандығын айтып, бас мақаланы өзі жазуы да көп жайдан хабар беріп тұр. Сөз реті кегенде айта кетейін, осы мәселені Әлекең 1889 жылы «Дала уалаяты» газетінде көтерген. «Ей, ауыл азаматтары, неге халықтың көзін ашпайсыңдар» деп. Сол кезде Әлекең небәрі 23 жаста болатын.

 

АХАҢДЫ ТҮРМЕДЕН ӘЛДЕНЕШЕ РЕТ БОСАТҚАН

– Ахаңның қазақтың рухани ұстазы екеніне дау жоқ. Бірақ, ол кісіні ұлттың саяси көсемі ретінде қарастыратын жазармандар да бар ғой…

– Қазақ көсемі Ахаң деп осы күнге дейін таласатындар бар екені рас. Ондай болса, Ахаң неге Әлекеңе зор ілтипат білдіріп, қалай еді, үйілген өлексені өрге сүйреген өзің едің деп өлең арнады?

– Сіздің айтып отырғаныңыз: «Қырағы қия жазбас сұңқарым-ай, Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай. Үйілген өлексені өрге сүйреп, Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай», – деп басталатын өлең емес пе?

– Ия, осы өлеңнің аты «Досыма хат» қой, жаңылмасам. Мен жақында Әлекең мен Ахаңның достығы туралы мақала бастадым. Шыны керек, сонау бастан Ахаңа қамқор болып келген Әлекең еді. 1905 жылы Қарқаралы митингісі болғанда, Ахаңды түрмеге отырғыза жаздаған. Сонда Әлекең Санкт-Петербург газеттеріне мақала жариялап, сосын Земгорсоюзға телеграмма жіберіп, Ахаңды құтқарып қалады. Сосын 1914 жылы Ахаңды Әлекеңнің Самарадан келіп, қамаудан босатып алғанын Міржақып жазды емес пе? Оны естіген Б. Қаратаев «Выборг үндеуіне қол қойған, І Думада қазақты масқара қылған Ә. Бөкейханов Самарадан келіп, Ахметті босатып алыпты, бұл неткен сұмдық, олардың үстінен неге бақылау орнатпайсыңдар» деп, ашынып тұрып Дала губернаторына хат жазады ғой.

Одан қалды, 1934 жылы Ахаңды Астраханьда жатқан жерінен босатып алған кім? Әлихан. Әйтпесе, ол жақтан Горькийдің әйелін ортаға салып, «Қызыл крест» комитетіне кім хат жаза алады? Ахаң өзінің әріптестерінің барлығымен кім арқылы хабарласып отырған? Тек Әлихан арқылы. Ахаңның сонда жатып жазған хаттарын оқып көрсеңіз, оған көзіңіз жетеді.

Мәскеуде Земгорсоюз деген жұмыс жасаған. Оның құрамында  саяси партиялар көп болған, мысалы Кадет партиясы, кейін Халықшылдар партиясы содан шыққан. 1905 жылы Әлеке  І Думаға сайланар алдында Земгорсоюздің съездіне қатысады. Сонда ол, қазақтың өз даласында тілі, әдебиеті қудалауға тап болып отыр, керек десеңіз, Иван Крыловтың                   46 мысалын кітапқа басып шығара алмай жүргенімізге 1,5 жыл болды дейді. Әлекең Ахаң аударған 46 мысал мен Абайдың тұңғыш шығармалар жинағын 1905 жылы Семейден шығарамын деп, жұмыстанып, ақыры түрмеге түсіп қалады. Кейін Дума тарап, айдауға кетеді. Содан ерегесіп, біраз уақыттан кейін әлгі екі жинақты отаршыл империяның қақ төрінен, яғни астанасы – Санкт-Петербургтен шығарады.

 

ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИДЕЯ – ЖАҢА ИДЕЯ ЕМЕС

Соңғы кезде жаңадан қалыптасып келе жатқан қазақтың ұлтшыл жастары Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін Әлихан Бөкейхан атындағы Алаш ұлттық университеті деп өзгерту және ЕҰУ-дің бас ғимаратының алдындағы гүлзарда тұрған Пушкин мүсінінің орнына Әлихан Бөкейханның ескерткішін қою керек деген ұсыныс айтып жүр. Сіз бұл ұсынысқа қалай қарайсыз?

– Халқымыздың осы күнге дейін жүріп өткен жолында қандай тағдырды басынан кешірсе де, нендей саясат жүргізіліп, қандай билік үстемдік етсе де, мұның бәрі – біздің тарихымыз. Оны жойып жіберу мәдениетсіздік болар еді. Мысалы, Еуропадағы Германияны алайық, ол бір кездері неміс фашистерінің отаны еді. Немістер екінші дүниежүзілік соғыс кезінде өз жерлерінде қаза болған Совет әскері бар, басқа әскерлер бар, солардың қабірлерін түгел қадірлеп сақтайды. Бұл – мәдениеттіліктің белгісі.

Жарайды, Пушкин біздің жерімізде тумады делік, біздің жерімізге аяқ баспаған да болар. Бірақ, біздің зиялылар сол Пушкиннің шығармаларынан тәлім-тәрбие алған. Ол отаршылдық саясатты жақтаған жоқ. Пушкин, Толстойларды қазақ зиялылары қатты қадірлеген. Оларды кемел ойдың, керемет шығармашылықтың өкілдері деп таныған.

Ал, Еуразия ұлттық университетіне Әлихан Бөкейханның атын беру жөніндегі ұсынысты мен қос қолымды көтеріп қолдаймын. Өйткені, Әлекеңнің саясатына бүгінгі көзбен қарасақ, ол еуразиялық саясат болатын. Себебі, қазақтың жері дегеніміз – бұл бір ғана Азия емес, жеріміздің бір шеті Еуропаны да алып жатыр. Ал, Әлекең ішіміздегі орысты немесе сол сияқты басқа да келімсектерді қуып шығу деген идея көтерген емес. Тек 1917 жылы Алашорда автономиясын жариялар алдында жазған бір мақаласында «Қазақтың ең құнарлы жерлері – казактар мен орыстар отырған жер. Ол жерде аздаған қазақтар да бар. Біз қазақтарды ел ішіне көшіріп алсақ, бұл ақымақтық болады. Жерімізден айырылып қаламыз. Керісінше, ол жерлерді орыстармен бірге қосып алайық. Оған орыстар қарсы емес», – дегені бар. Әлекең заманның жағдайын толық пайымдап, енді болашақ қазақ мемлекеті бір ұлтты, бір дінді мемлекет болмайтынына әбден көзі жеткен. Сондықтан, Еуразиялық идея біздің еліміз үшін жаңа идея емес.

Әлекең жеріміздегі келімсектерді қосып алайық дегенді, соларға еріп орыс немесе казак болайық деп емес, оларды өзімізге сіңіріп алайық деген мағынада айтқан.

Тіпті, қазақтілді журналистердің репортажын тыңдап отырсаң, «Қазақстандық боксшы Серік Сәпиев рингке шықты», – дейді. Неткен сұмдық! Егер Қазақстанда бүгінгі қазақтың үлес салмағы 65 пайыздан асып отырса, неге біз қазақстандық боламыз?! Кез келген шет жұртты қараңыз, мысалы, ағылшын тілінде жүргізіліп жатқан комментатордың сөзін тыңдасаңыз: «Қазақ шабандозы Александр Винокуров келе жатыр», – дейді. Орыстарда да солай.

– Бірақ, халқымыз қазір өзін мемлекет құрушы ұлт ретінде толық сезіне алмай отырған секілді. Қазақстандықпыз деген ұғымның алға шығуы да содан емес пе?

– Ия, шынымен де, елімізде «біз қазақстандықпыз» дейтін ұлтсыздыққа мойынсұнған ұғым қалыптасты. Жоқ! Біз Қазақстандық емеспіз. Біз – қазақпыз. Осы мемлекетке Қазақстан деген атау берген халық – бізбіз. Мемлекет құрушы ұлтпыз. Сондықтан, мұнда тұрған халықтар қазақстандық емес, олар ҚАЗАҚ ХАЛҚЫ, ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫ болуы керек.

Тіпті, қазақтілді журналистердің репортажын тыңдап отырсаң, «Қазақстандық боксшы Серік Сәпиев рингке шықты», – дейді. Неткен сұмдық! Егер Қазақстанда бүгінгі қазақтың үлес салмағы 65 пайыздан асып отырса, неге біз қазақстандық боламыз?! Кез келген шет жұртты қараңыз, мысалы, ағылшын тілінде жүргізіліп жатқан комментатордың сөзін тыңдасаңыз: «Қазақ шабандозы Александр Винокуров келе жатыр», – дейді. Орыстарда да солай. Орыс каналдарынан Геннадий Головкиннің жекпе-жектерін көріп пе едіңіздер? Сонда «Қазақ боксшысы Геннадий Головкин әлем чемпионы атағын қорғап қалды» деп жатады. Керек десеңіз, оның өзі парламентте сөйлеген сөзінде «мен – қазақпын» деген жоқ па? Сондықтан, біз – Қазақстандық емес, қазақпыз. Өзімізді қазақ мемлекеті, қазақ қоғамы деп атауға неге қорқамыз!?

– Мұны санадағы бодандықтың кесірі дейміз бе, не дейміз?

– Қазақта: «Күшік күнінде таланған төбет қасқыр алмайды» деген сөз бар. Иә, біз кезінде Совет үкіметінің тұсында, коммунистердің саясатында орыстарға таланған төбет шығармыз, мүмкін. Бірақ бүгін бүкіл әлем мойындаған, біріккен ұлттар ұйымына мүше, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерімен терезесі тең, тәуелсіз мемлекетпіз. Ендеше, біз кімге жалтақтауымыз керек?!

Шынын айтқанда, біз әлі құлдық сезімнен арылған жоқпыз. Әлі билікке жалтақтаймыз да отырамыз. Біз билікке тәуелді емес, билік бізге тәуелді болуы керек. Билікті сайлаған кім? Бізбіз. Сол үшін біз билікке өз дегенімізді, өз қалауымызды жүргізе білуіміз керек. Ата заңымызда жазылған, біз демократиялық зайырлы мемлекетпіз деп.

Демократия – халықтың билігі деген сөз. Ал халық – сіз бен біз. Билікке өз талабымызды айтып, Еуразия ұлттық университетіне Гумилевтің емес, Әлихан Бөкейханның атын қойғызуға толық хақымыз бар.

Әңгімелескен, Ербол Алшынбай

dalanews.kz