МЕНІҢ ӘМІРХАНЫМ

322

Алғаш Әмірхан ағаммен «Айбергенов әлемі» журналының редакциясында кезіктік. Бір топ жас ақын кіріп бардық. Қасында қаламгер Ауыт Мұқибек пен журналист Өміржан Әбдіхалықов және алматылық Жәнібек Елемес, Мейрамбек деген жастар отыр екен.

—  Иә, неғып жүрсіңдер?
— Сізбен амандасып кетейік деп келдік.
— Маған қоңырау шалған Жәлел деген қайсың?!
— Мен.
— Қарағандыдансындар ма?
— Иә.
— Отырыңдар.
Әңгімеміздің басы осылай басталған. Басында үрпиісіп отырғанмен көп уақыт өтпей әңгімеміз жарасып кетті. Серік Сағынтай ағамызбен жақсы дос екендігін сонда білдік. Білімді кісі екен. Темекіні көп шегеді. Әкесі Жұмабек туралы көп айтты. Өлең оқытты. Өлеңімізге бағасын беріп, сынын да айтты. Өзі де өлеңін оқып берді. Әңгіме қыза түсті. Арасында Мейрамбек бауырын дүкенге жүгіртіп алды…
Маған тесіле қарап, «Сен баланың көзіңде мұң бар екен» деді аз-кем ойланып.
— Уайымдама, бәрі жақсы болады деді.
Ақындығы, сыншылығы өз алдына, сәуегейлігі де бір бөлек еді ғой.
Сен генийсің, сен ойлы ақынсың, сен ғұламасың, сен көпті көрген пәле екенсің, — деп көңілімізді де көтеріп қояды арасында. Түрікменнің бір ақынын өзбек тілінен қазақшаға аударып жатқанын айтып, сен өзбекше оқыдың ба?- деп сұрады. Біз атын ғана еститін әлемдік классиктердің шығармаларынан үзінді қосып сөйлеп таңғалдырды. Дегенмен, өте қарапайым, ақкөңіл ерекше дарын иесі екен. Сол күні, кешірек тарқастық.
Сол кездесуден кейін аға бауыр боп жақсы араласып кеттік. Менің Алматыда жүрген кезім еді. Бір күні Әмірхан ағама жағдайын білейін деп қоңырау шалдым. Керісінше, ол кісі менің жағдайымды сұрап, «саған жұмыс қарастырып жатырмын, Құдай қаласа жұмыс тауып берем» деді. Алматыда ешкімді танымайтын маған осының өзі үлкен демеу еді. «Жаңа ғасыр жырлайды» деген жинаққа да өлеңдерім енгенін естіп ашып қарасам, Серік Сағынтай ағамның бастамасымен жарық көрген. Редакторы – Әмірхан ағам екен. Келесі жылы Қарағандыға қайттым. Әмірхан ағам бір күні өзі хабарласып, «өлеңдеріңді жібер, «Айбергенов әлеміне» шығарам» деді. Бір-екі айдан кейін шығарып, журналды беріп жіберіпті. Төлеген Айбергеновтың 4 томдығы шықты, 4- томына менің «Төлегенше» деген өлеңімді енгізіпті. Өлең өлкесінің табалдырығын имене аттаған кезде, Тұманбайдың Мұқағалиға, Дәуітәлінің Серік ағамызға қамқорлық көрсеткені жайлы еститінмін. Сөйтсем, Әмірхан ағам өз заманының алыбы екен ғой… Әмірхан ағам өмірден өтті дегенде туған әкемнен айырылғандай болдым. Ашық-жарқын бейнесін есіме алдым. Соңғы кезігуіміз есіме оралды. Еріксіз көзімнен жас ыршыды.
Алматыда «Дала дарыны» сериясымен республикалық жас ақындардың жыр жинақтары шықты. Біздің Қарағанды облысының жинағы «Сарыарқа сазы» деген атпен шықты. Тұсаукесеріне Алматыға ақын досым Ерболат Қуатбек екеуміз бардық. Әмірхан, Әлібек ағалар келді. Ерболат кітабын берді. Менен кітабың шықты ма? –деп сұрады. Жоқ, шығып қалар дедім.
Біраз әңгімелестік.
— Тоқтайтын жерлерің бар ма? – деді.
— Біз Ұзынағашқа тойға баратынымызды айттық.
— Сендермен Ұзынағашқа тартып кетсем бе екен?-деді.
— Жүріңіз, дедік біз қуана.
— Бірақ мен үйге қайта алмай қалам ғой деді.
— Әрі-бері бірге әкетпекші болдық, көндіре алмадық. Он төрт облыстың жас ақындарының кітаптарынан жинақталған бір бума кітапты алып, қоштасып шығып кетті.
Кейін ойлап қарасам бізбен әңгімелескісі келген екен ғой, қалай ғана сезбедік. Сезгенде сол күні ешқайда бармай қасында болып, таң атқанша әңгімелесетін едік қой… Алғашқы жүздесудегі менің көзімнен мұң көрген әулие Әмірхан осыдан кейін кездеспейтінімізді де сезген екен ғой…
Менің Сол Әмірхан ағамды соңғы көруім екен. Сол күні ақын досым Ерқанаттың үйіне жиналып, Әмірхан ағамыз жайлы естеліктер айтып, түннің жарымына дейін ұйықтамадық. Әмірхан ағам бес жыл жұмыссыз жүріп, қорқау қоғамға сыймай кетуі оның өз заманынан озып туғанының дәлелі. Маған жұмыс тауып берем, деген кезде өзі жұмыссыз жүрген екен ғой, қайран Әмірхан ағам. Не деген ұлылық… Намыстанба кез-келген жұмысты істей бер, өлең жазуға уақыт болса болды, — дейтін маған. Мен сияқты талай жастың маңдайынан сипаған, қамқор болған Әмірхан ағамыздың маңдайынан сипайтын жанашыр адамдардың болмағаны ма сонда?..

Маған жасаған қамқорлығы барлық жастардың тағдырына алаңдағаны екен. Жастардың тағдырына алаңдағаны, әдебиетінің тағдырына алаңдағаны екен. Ал ұлт әдебиетінің тағдырына алаңдағаны ұлтының, елінің, жерінің, халқының ертеңіне алаңдағаны екен. Біз мұны енді түсініп отырмыз.
Тірісінде қадірін білмедік. Өмірден өтеді деп үш ұйықтасақ та түсімізге кірмеген екен. Осы бір жарқын естеліктер санамнан кетпей қойды. Сіздермен бөлісуді дұрыс деп шештім, қадірлі оқырман. Менің Әмірханым осындай азамат еді…
Сіздің Әмірханыңыз қандай еді?

Жәлел ШАЛҚАР